Авторлық құқық және сабақтас құқық туралы заңның 7-бабында авторлық құқық объектiлерi болып табылатын туындылар деп көрсетілген:

     1) әдеби туындылар;

     2) драмалық және музыкалық-драмалық туындылар;

     3) сценарий туындылары;

     4) хореография және пантомима туындылары;

     5) мәтiнi бар немесе мәтiнi жоқ музыкалық туындылар;

     6) дыбыс-бейнежазу туындылары;

     7) кескiндеме, мүсiндеме, графика және бейнелеу өнерiнiң басқа да туындылары;

     8) қолданбалы өнер туындылары;

     9) сәулет, қала құрылысы, дизайн және бау-саябақ өнерi туындылары;

     10) суретке түсiру туындылары және суретке түсiруге орайлас әдiстермен жасалған туындылар;

     11) карталар, жоспарлар, нобайлар, безендiрулер және географияға, топография мен басқа ғылымдарға қатысты үш өлшемдi туындылар;

     12) ЭЕМ-ге арналған бағдарламалар;

     13) өзге де туындылар.

Авторлық құқық нысанын тіркеу керек пе?

Ғылым, әдебиет және өнер туындысына авторлық құқық оның жасалу фактiсiне қарай туындайды.

Авторлық құқықтың пайда болуы мен жүзеге асырылуы үшiн туындыны тiркеу, туындыны өзге де арнайы ресiмдеу немесе қандай да болсын шарттылықты сақтау талап етiлмейдi

Авторлық құқық нысанына қандай құқықтар беріледі?

Жеке мүліктік емес құқықтар және мүліктік құқықтар.

Автордың мүлiктiк құқықтарына қарамастан, оның мүлiктiк емес жеке құқықтары болады және оларды туындыны пайдалану жөнiндегi айрықша құқықтарын бiреуге берген жағдайда да сақтап қалады. Авторды оның мүлiктiк емес жеке құқықтарынан айыруға болмайды.

Автордың туындыны пайдалануға айрықша құқықтары төмендегi әрекеттердi жүзеге асыру, рұқсат ету немесе жүзеге асыруға тыйым салу құқығын бiлдiредi:

     1) туындыны қайта шығару (қайта шығару құқығы);

     2) туындының түпнұсқасын немесе даналарын кез келген әдiспен таратуына: сатуына, айырбастауына, прокатқа (жалға) беруiне, өзге де операциялар, оның ішінде ашық телекоммуникациялар желісінде операциялар жасауына (тарату құқығы);

     3) тарату мақсатында туынды даналары, соның iшiнде автордың немесе авторлық құқықтардың өзге иесiнiң рұқсатымен дайындалған даналарын импорттау (импортқа әкелу құқығы);

     4) туындыны жария көрсету (жария көрсету құқығы);

     5) туындыны жария орындау (жария орындау құқығы);

     6) туындыны жария хабарлау (туындыны жалпы жұрттың назарына арнап хабарлау), соның iшiнде эфирде немесе кабель арқылы хабарлау (жария хабарлау құқығы);

     7) жалпы жұрттың назарына арнап эфирде алғашқы және (немесе) кейiнгi хабарлауды қоса алғанда туындыны эфирде хабарлау (эфирде жариялау құқығы);

     8) жалпы жұрттың назарына арнап кабель арқылы алғашқы және (немесе) кейiнгi хабарлауды қоса алғанда туындыны кабель арқылы хабарлау (кабель арқылы хабарлау құқығы);

     9) туындыны аудару (аудару құқығы);

     10) туындыны қайта жасау, музыкалық әуендеу немесе басқаша түрде қайта өңдеу (өңдеу құқығы);

     10-1) туындыны жалпы жұрттың назарына жеткізу (жалпы жұрттың назарына жеткізу құқығы

11) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне қайшы келмейтiн өзге де әрекеттердi жүзеге асыру құқықтарын бiлдiредi.

Авторлық құқық нысанына айрықша құқық иесі кім бола алады?

Автор, авторлар (жеке тұлға, жеке тұлғалар);

Құқық иеленуші (жеке немесе заңды тұлға).

Авторлық құқық нысанына құқық мерзімі қандай?

Авторлық құқық автордың бүкiл ғұмыры бойы және қайтыс болғаннан кейiн жетпiс жыл бойы күшiн сақтайды. Авторлық құқығын, оның есiмнiң құқығын және автордың беделiн қорғау құқығын қорғауға шек қойылмайды.

Жасырын немесе бүркеншiк атпен жарияланған туындыға авторлық құқы ол туынды заңды түрде жарияланған күннен кейiн жетпiс жыл бойы күшiн сақтайды. Егер аталған мерзiм iшiнде жасырын немесе бүркеншiк атпен шығарылған туындының авторы өзiнiң шын есiмiн немесе оның кiм екенi ендiгi жерде күмән туғызбаса, осы баптың 1-тармағының ережесi қолданылады.

Тең авторлар жасаған туындыға авторлық құқық өмiр бойы және басқа тең авторлардан ұзақ өмiр сүрген ең соңғы автор қайтыс болғаннан кейiн жетпiс жыл бойы күшiн сақтайды.

Автор қайтыс болғаннан кейiн отыз жыл iшiнде бiрiншi рет жарыққа шығарылған туындыға авторлық құқық туынды жарыққа шыққаннан кейiнгi жылдың бiрiншi қаңтарынан есептегенде ол жарыққа шыққаннан кейiн жетпiс жыл бойы күшiн сақтайды.