«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Таразда тігін тігу тегін үйретіледі

2017 жылғы 22 Қыркүйек
- Жамбыл облысы
10697 просмотров

Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының сүйемелдеуімен жаңа оқыту орталығы ашылды

Бүгінде мектеп бағдарламасында болсын, колледж бен жоғары оқу орындарында болсын білім беру бағыты теориядан практикаға бет алуда. Яғни, өндірістен қол үзбей, кәсіптік білім беру тәжірибесі қарқын алып келеді.

Сонымен қатар, Елбасымыз жастарды кәсіптік білім алуға шақыруда. Президентіміздің баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру жобасын одан әрі жетілдіру туралы тапсырмасы – кәсіптік білім беру мекемелерінің қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік туғызатыны сөзсіз. Осы жүйе кәсіби маман тапшылығы сезіліп отырған өндіріс орындарын білікті кадрлармен толықтыруға негіз болмақ.

«Нарық заманында бәсекеге қабілетті бизнес пен онда қызмет ететін білікті мамандар ғана сұранысқа ие. Бұл ретте бизнес пен билік арасындағы алтын көпірге айналған Кәсіпкерлер палатасы қос тарапқа да қолайлы жағдай жасаудың жолын қарастырып, Палатада «Оқу орталықтарының облыстық Реестрі» құрылған болатын», – дейді Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Гүлмира Мырза-Ғали.

2017 жылғы 4 шілдедегі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы техникалық және қызмет көрсету мамандықтары үшін кәсіптік даярлау, қайта даярлау, біліктілігін арттыру және біліктілікті беру бойынша оқу орталықтарының Реестрлерін құру туралы бұйрығына сәйкес құрылған Тізілімге өңірде кәсіпорындар жанынан ашылып, жұмыс жүргізіп жатқан 4 оқу орталығы енді. Олар «Қазфосфат» ЖШС фосфор зауыты, «Қазфосфат» Минералды тыңайтқыштар» зауыты, «Эльба» ЖШС мен «Интенсив-Білім» Қордайлық қосымша білім беру орталығы» ЖШС.

Ал, бүгін Тізілім қатары жеңіл өнеркәсіп саласындағы «Дана Дель» тігін үйінің жанынан ашылған оқыту орталығымен толығып отыр. Аталмыш оқыту орнын тікелей Кәсіпкерлер палатасының төл туындысы деп айтуға толық негіз бар.

Елімізде жеңіл өнеркәсіп, айқындап айтқанда, тоқыма өнеркәсібі, тігін тігу мен қазақы нақыштағы киім кешектерді дүниеге әкелу тұтынушылар тарапынан үлкен сұранысқа ие болып отыр. Отандық өнімді ішкі нарықта ілгерілету үшін аталған салаға білікті мамандар қажет. Кәсіпкерлер палатасымен тұсауы кесілген «Дана дель» тігін үйі өзін-өзі жұмыспен қамтып, өз кәсібін дөңгелетем деушілерге кәсіби көмек көрсетуге, кәсіби біліктілігін арттыруға, тігін-тігудің қыр-сырын меңгертуге бағытталған. Басты мақсат – өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендету. Орталықта мамандарды кәсіптік даярлықтан, қайта даярлау мен санаттық біліктілігін арттыру бойынша қысқа мерзімді үш айлық оқыту курстары қарастырылған.

Көлемі 600 шаршы метрді құрайтын тігін орталығының есігі қаланың, облыстың кез келген тұрғыны үшін ашық. Тігін тігудің, ойып-пішудің қыр-сырын меңгерем деушілерге барлық жағдай қарастырылған. 15 жыл бойы жеңіл өнеркәсіп нарығында өзіндік орнын қалыптастырып, талай биік белестерді бағындырып, жеке брендін қалыптастыра білген бизнесвумен Бақыт Тоқтыбаева, ендігі кезекте қыз-келіншектердің тігін ісін меңгеріп, өз кәсібін ашып шыңдалуына ықпал еткісі келетінін айтты.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыруда Жамбыл облысының Кәсіпкерлер палатасы Оқу орталықтары Реестріне «Дана Дель» оқу орталығының енуі қуантарлық. Біз Палата тарапынан қойылған талаптарға сай тігін шеберханасын заманауи құрылғылармен жабдықтауға тырысып бақтық. 20 тігін машинасы орналастырылған екі оқыту бөлімі бар, методикалық сыныптар мен орталықтың өз жеке кітапханасы да қарастырылған. Білім беретін педагогикалық құрам да осы саланы жетік меңгерген маман иелерінен тұрады. 

Қысқа мерзімді курстар бірнеше ауысыммен оқытылады. Оқыту сыйымдылығы бір лекте 25-30 адамға дейін. Бақыт Егембердіқызының айтуынша, енді оқыту базасында есімдері бүкіл республикаға белгілі «Асыл-Дизайн» сән үйінің директоры Айдархан Қалиев, қазақтың ұлттық киімдерін тігумен айналысатын әйгілі дизайнер Ирина Набоко сынды шебер иелерінің қатысуымен ай сайын жас тігіншілерге арнап шеберлік сыныбын өткізуді ниет етіп отыр.

Ашылу салтанатында көбіне нәзікжанды кәсіпкерлер, жергілікті атқарушы органдармен мен қатар жұмыспен қамту орталығының өкілдері жылы лебіздерін білдіріп, алдағы уақытта тығыз әріптестік қарым-қатынасты бекітуді көздейтіндерін жеткізді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер