«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Әйел кәсіпкерлігін дамытудағы жоба

2018 жылғы 20 Шілде
- Ақтөбе облысы
1279 просмотров

Ақтөбеде әйел кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру бағдарламасының шарттарын түсіндіруге арналған баспасөз мәслихаты өтті

Елімізде бизнеспен айналысуды қалаған қыз-келіншектерге арналған жаңа несиелеу бағдарламасы жұмыс істей бастады. Бұл жоба ҚР «Атамекен» ҰКП Астанада өткен бесінші съезі кезіндегі Іскер әйелдер кеңесі, Еуразиялық экономикалық топ және «Қазақстанның халық банк» АҚ арасында жасалған меморандум аясында жасалады.

Мамандардың айтуынша, несие он миллион теңге көлемінде 84 айға бес пайызбен беріледі. Бағдарламаға кәсіпкер әйелдер немесе әйел адам басшылық ететін ЖШС қатыса алады. Банк бұл мақсатқа 1 млрд көлемінде қаржы жұмсамақ. Бүгін Ақтөбе өңірлік кәсіпкерлер палатасы алаңында Ақтөбе облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Елеусізова Жанар Қайырқожақызы мен «Қазақстанның халық банкі» АҚ АФ шағын бизнеске сату орталығының аға менеджері Байжанов Самат Байзақұлының қатысуымен әйел кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру бағдарламасының шарттарын түсіндіруге арналған баспасөз мәслихаты өткізілді.

«Бұл қазіргі таңдағы ұсынылған бағдарламалардың ішіндегі ең төмен пайызбен берілетін несие. Үміткерлер, алдымен, өңірлік кәсіпкерлер палатасына тіркеледі. Бағдарламаға ауыл әйелдерін де қатысуға шақырамын. Қаражат тек осы жылдың аяғына дейін бөлінетінін ескерсек, кәсіппен айналысқысы келетін әйел азаматтардың көп кешікпей, өтініштерін тапсырғандары жөн»,-дейді Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Жанар Елеусізова.

Баспасөз мәслихатына қатысқан көпшілікті бұрыннан бар несиені қайта қаржыландыру мақсатында жеңілдетілген несиеге тапсырыс беруге бола ма деген сұрақ қызықтырды. Банк қызметкері несие өзге екінші деңгейлі банктен алынған жағдайда мұндай мүмкіндікті қарастыруға болатынын айтты. Сондай-ақ, «Халық банк» ұсынған жеңілдетілген несиеге қол жеткізу үшін кепілзат болуы міндетті, алайда ол болмаған жағдайда кәсіпкерлер «Даму» қорының арнайы бағдарламалары арқылы несиеге өтініш бере алады. Несие алғысы келетін әйел кәсіпкерлердің қызмет саласына шектеу қойылмайды. Ал кәсібін жаңадан ашқан бизнес иелерінен кәсіпкерлік білімін растайтын сертификат талап етіледі. Мұндай құжатты алу үшін ақтөбелік әйелдер өңірлік кәсіпкерлік палатасы мен облыстың 12 ауданында жұмыс істеп тұрған «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына» барып тегін бизнес сабақтарынан өтуіне болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер