«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Еңбектің көзін тапқан...

2018 жылғы 13 Тамыз
- Жамбыл облысы
2669 просмотров

Кәсібінің нәсібі бау-бақшада

Кез-келген  істі  бастағанда  айқын  мақсат  пен  тәуекелге  бел  буып,  барыңды  салып  еткен  еңбектің  еш  кетпейтінін  көпшілігіміз  білеміз.  Бі­рақ,  біле  тұра  көбінесе  еріншектік  дейтін  жаман  әдеттің  жетегінде  қалып  қойып  жататынымыз  тағы  бар.  Дегенмен,  алған  бетінен  қайтпай,  көптің  керітартпа  сөзіне ілесіп кері тартпай    алға  қарай     қадам  басатын  жандардың  да  аз  емес  екенін  көріп  көңіл  қуанады.

Осындай  жанның  бірі   бүгінде  төккен  тері  мен  бел  жазбай  еткен  еңбегінің  жемісін  көріп  отырған  қаламыздың  тұрғыны,  көпке  үлгі  бола  білген  азамат  Ахметғалиев  Нұржан  ағамыздың  кәсібін  сөз  етпекпіз.

Нұржан  Нұрмашұлы  қала  шетінен  орын  тепкен  «Флора»  саяжайында  бау-бақшасын  жайқалтып,  кәсібінің  нәсібін  бақша  өнімінен  көріп  отырған  кәсіпкер.  Нұржан  ағамыз  осыдан  10  жыл  бұрын  бір-екі  саяжайды  сатып  алып,  бақша  өнімдерін  егіп  бастайды. 

Осы  кезде: «Ісіңнен  түк  те шықпайды,  елдер  тастап  кетіп  жатқанда  бұл  қай  сасқанын?,  не  су  жоқ», – деп  қара  аспанды  төндіре  мысқылдаған  жандар да  кездескен.   «Дихан  жерім  дейді,  жері  үшін  ерінбейді» деген  мақалды  берік  ұстанған  Нұржан  аға  бар  ынта-жігерімен  жерді  баптап, қолындағы  бар  қаражатымен  кәсібін  бастап  кетеді. 

Бүгінде  жерінің  көлемі  ұлғайған,  қызанақтың  бірнеше  түрі   мен  ерте  көктемде  жеміс  беретін  қияр,  жүгері (дүмбіл)  мен  бұрыштардың  түр-түрі  жайқалып  тұрған  бақшадан   ешқандай  қоспасыз  өнімдердің  иісі  аңқып  тұр. 

Нұржан  Нұрмашұлы  бақшасының жайқалып,  өнімінің  сапалы  әрі   мол  түсуі  үшін  дәрі-дәрмексіз   тамшылатып  суару  мен  жылыжайды  да  арнайы  салған.   Жылыжайда  егілетін  қияр  да  тамшылатып  суару  арқылы жылыту   пеші  мен  күннің  көзі  жақсы  түсетін  жерге  соғылған. Дәл  қазіргі  уақытта  жылыжайда  өнім  жоқ,  топырақты  күн  көзіне  ашып  тастаған.  Ерте  көктемгі  егіске  дайындап  жатыр. 

Алыстан  қарасаң  алақандай  аумақта  күздік  қияр,  қызанақ  пен  жүгері  жайқалып  тұр.  Осы  бір  алақандай  ғана  аумақтан  күніне  150  келі  қызанақ     өткізсе,  аптаның  сенбі,  жексенбі  күндері  базарға  900  келісін  сатуға  шығарады.  Ал,  қиярдың   да  тез  өнім  беретінін  айтпасақ  та  түсінікті.  Жинап  алуына  қиындық  туғызбас  үшін   тақтайдай    сымдар  да  тартылған.

Нұржан  ағамыз  тек  өзі  ғана  емес,  күнделікті  8-10  адамды  жұмыспен  қамтып  отыр.  Еңбектің  қызған  шағында  барған  мен осындағы  балаларымен  жүрген  жұмысшыларды  әңгімеге  тарттым.  Өзін  Шырын  деп  таныстырған  әпке,   Нұржан  аға  мен  жұбайы  Гүлназдың  адамгершіліктерін  айта  келіп,  ерте  көктемнен  қара  күзге  дейін  осында  жүріп  жұмыс  істеп,  күнделікті  таңғы  сағат 8  бен  түскі  12 –ге  дейін  жұмыс  істеп,  2500-3000  теңге     мен  көкеністерден  алып  қай­татынын,  тіпті,  қыстық  азықты  да  осындағы  өнімнен  жинап  алатынын      жеткізді.   

«Жұмыс  жоқ»,  «жалақым  жетпейді»,   деген  жалқаудың  сө­зін  жек  көремін  деп сөз  бастаған  Нұржан  Ахметғалиев,- бүгінгі  таңда  кәсіпкерліктің  қыр-сырын  терең  меңгеріп,  кәсібімді  ұлғайту  мақсатында  «Бастау»  жобасы  арқылы  оқып  жатырмын.  Бұл  мемлекет  тарапынан  үлкен  көмек.  Мұнда  тек  оқытып  қана  қоймай,  тәжірибе  алмасу  үшін  кәсіпорындар  мен  шаруашылықтарға   барып  тұрамыз. Мендегі  қазіргі  мәселе  саяжай  жолының  газ  құбырын  тартқалы  талқандалып  қалыпқа  келмеуі  көктем  мен  күзде  батпаққа  бататынымыз,  ал,  жаз  шыға  шаңға  оранатымыз қиындау  болып  тұр.  Сонымен  қатар,  осы  аймақтағы  маскүнемдікке  салынған азаматтардың  әрекеті қынжылтады. Осылар  тезге  салынса  жақсы болар еді.  Әйтпесе, мектеп жасындағы  балалардың  еркін  жүріп  тұруына  қиындық  туғызып  жатады.  Өзіміз  де  балаларды  жалғыз-жарым  жіберуге  қорқамыз», – дей  келіп,   үйелмелі-сүйелмелі  төрт  ұлына  табыс­тың  кілті  еңбекте  екенін  сөзімен  де, ісімен  де  дәлелдеп,  жалқаулықтан  бойларын  аулақ  ұстауы  үшін  қасынан  тастамай  үйретіп  жүргенін  тілге  тиек  етті.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер