«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Орталық Азиядағы өңіраралық ынтымақтастық: Great Silk Road Business Cooperation Forum – 2025

2025 жылғы 13 Қараша
- Түркістан облысы
154 просмотров

Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кезекті Консультативтік кездесуі қарсаңында, сондай-ақ 12–14 қараша аралығында Өзбекстан Республикасында «Шекарасыз ынтымақтастық» ұранымен өтіп жатқан алғашқы өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында Ташкент облысының Бостанлық ауданындағы “Chimgan Resort” қонақүйі аумағында халықаралық Great Silk Road Business Cooperation Forum – 2025 ұйымдастырылды.

Форумның басты мақсаты – Орталық Азия және Әзербайжан кәсіпкерлерін ортақ бизнес алаңында біріктіріп, өңірлік экономикалық интеграцияны жаңа деңгейге көтеру, сауда байланыстарын кеңейту және іскерлік диалогты күшейту.

Іс-шараға Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Әзербайжаннан келген министрлік өкілдері, сауда-өнеркәсіп палаталары, ұлттық компаниялар, жеке сектордан 300-ден астам кәсіпкер қатысты.

Форумның негізгі пленарлық отырысы «Орталық Азия және Әзербайжан: шекарасыз ынтымақтастық» тақырыбына арналды. Онда өңір елдері арасындағы өндірістік кооперация, жаңа нарықтарға шығу, ортақ жобалар құру және сауда логистикасын дамыту мәселелері талқыланды.

Форум аясында өткізілген салалық панельдер кәсіпкерлерге нақты бағыттар бойынша тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы өңіраралық ынтымақтастық форумында еліміздің бизнес ұстанымын таныстырды. «Бизнес көшбасшылары – өңірлік ынтымақтастықтың драйверлері» атты пленарлық сессияда Палата Басқармасының төрағасы Мұрат Қарымсақов баяндама жасап, өңірлік экономикалық ықпалдастықтың жаңа кезеңге аяқ басқанын атап өтті.

Оның айтуынша, қазір Орталық Азияда практикалық экономикаға бағытталған нақты кооперациялық жобалар саны артып келеді. Өзбекстанда қазақстандық капиталмен 1 041 кәсіпорын, ал Қазақстанда өзбек капиталы бар 4 500-ден астам компания жұмыс істеп жатқаны – осының айқын дәлелі.

Сессияда өндірістік тізбектерді құру, логистикалық бағыттарды дамыту, сауда процестерін цифрландыру, кадр даярлау және елдер арасындағы тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды.

Бұл ірі өңірлік іс-шараға Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев та қатысты. Ол форумның өңіраралық экономикалық серіктестікті нақты жобалар арқылы күшейтуге беретін мүмкіндіктерін ерекше атап өтті.

«Бүгінгі форум – Орталық Азиядағы шынайы экономикалық кооперацияның жаңа кезеңі. Біз үшін ең маңыздысы – кәсіпкерлерге нақты серіктестік алаңдарын ұсыну. Түркістан облысы өндірістік және логистикалық тұрғыдан үлкен әлеуетке ие, сол себепті біз өңірге инвесторлар тарту, жаңа бірлескен кәсіпорындар құру бойынша белсенді жұмыс жүргізуге дайынбыз», – деді Палата директоры Асылан Ибадуллаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174