«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қазақстандағы елішілік құндылықты дамыту: ірі тапсырыс берушілерге арналған жаңа талаптар өзгерді

2025 жылғы 09 Желтоқсан
404 просмотров

Қазақстан Республикасы Үкіметі ірі тапсырыс берушілердің отандық өндірісті қолдау тәсілдерін айтарлықтай өзгертетін жаңа қағидаларды бекітті. Үкімет қаулысымен ішкі елдік құндылықты дамыту бағдарламаларын әзірлеу, келісу, бекіту, іске асыру және мониторинг жүргізу қағидалары, сондай-ақ олардың үлгілік нысаны бекітілді.

Енді барлық ірі тапсырыс берушілер бұл бағдарламаларды жаңа Қағидаларға сәйкес әзірлеуге, бекітуге және жүзеге асыруға міндетті.

Бағдарламаларды әзірлеу міндеті «Өнеркәсіптік саясат туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 61-1-бабында көзделген. Ірі тапсырыс берушілер санатына: кең таралған пайдалы қазбалардан басқа қатты пайдалы қазбаларды өндіру құқығына ие жер қойнауын пайдаланушылар; квазимемлекеттік сектордың кейбір субъектілері; шағын қуатты табиғи монополия субъектілерінен басқа табиғи монополиялар субъектілері; жүйе құраушы кәсіпорындар жатады.

Жаңа бағдарламалардың негізгі мақсаты – сатып алудағы отандық өнім үлесін арттыру. Бұл импортқа тәуелділікті азайтуға, ішкі нарықты нығайтуға және қазақстандық өндірушілердің мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұған дейін көптеген компаниялар шетелдік тауарларға көбірек жүгінсе, енді мемлекет отандық жеткізушілерге басымдық беруге ынталы.

Елішілік құндылықты дамыту бағдарламалары төрт негізгі бағытты қамтиды: сатып алудағы ішкі елдік құндылық үлесін арттыру; өнеркәсіпті дамытуға бағытталған келісімдер жасау; шағын және орта бизнесті қолдау; сондай-ақ тапсырыс берушілер немесе мемлекеттік органдар бастамашы болатын өзге де шаралар.

«Ірі тапсырыс берушілер әзірлейтін елішілік құндылық бағдарламаларына арналған жаңа Қағидалар отандық тауар өндірушілердің өсіміне серпін береді деп күтілуде», – дейді «Атамекен» ҰКП басқарушы директоры – өңдеуші өнеркәсіп департаментінің директоры Алмат Асқар.

Елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларын енгізу – Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін күшейтуге бағытталған стратегиялық қадам. Оларды іске асыру ірі тапсырыс берушілерге заң талаптарын орындап қана қоймай, отандық өндірістің дамуына және ұлттық экономиканың нығаюына нақты үлес қосуға мүмкіндік береді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174