«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Мәріпбек Шәкербекұлы: «Кәсіпкерлер палатасы 7 саланы қамтыған сұрақтарды басшылыққа алып отыр»

2017 жылғы 21 Тамыз
- Жамбыл облысы
4028 просмотров

Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасында 100 күнде жүзеге асқан шаруа көп

Мәріпбек Шәкербекұлының Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының директоры қызметіне кіріскеніне 100 күн толды. Осы уақыт аралығында атқарылған жұмыстар жайында өңірлік палата басшысымен сұхбаттасып, алдағы жоба-жоспарларымен де ой бөліскен едік...

– Мәріпбек Шәкербекұлы, Сіздің Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының директоры қызметіне кіріскеніңізге көп бола қоймағаны белгілі, дегенмен де 3 ай уақыт аралығында өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына пікір білдірсеңіз...

– Бүгінде әлемде орын алып отырған саяси-экономикалық оқиғалар тек бизнесі мықты елдің ғана биіктерді бағындыра алатынын көрсетіп берді. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар да ауқымды. Жамбыл облысында 60 мыңға жуық шағын және орта бизнес тіркелген. Жамбыл облысында күллі ТМД, Азия елдеріне белгілі жалғыз натрий цианидін шығаратын «Талас инвестмент компани» ЖШС бар, 6000 адамды жұмыспен қамтып отырған фосфор қышқылын өндіретін «Қазфосфат» ЖШС, электродты қоспа, ферросиликомарганец өндіріп, өнімнің 60-70%-ын экспортқа бағытталған «Тараз металлургиялық зауыты», келер жылы толық іске қосылмақ «Еврохим Қаратау» минералды тыңайтқыштарды өндіретін компаниясы орналасқан. Осылайша бұған дейін Жамбыл облысы аграрлы өлке ретінде танымал болса, енді нағыз өндірісі өркендеген өңірге айналып отыр десек болады.

– Кәсіпкерлер палатасы жұмысының басым бағыттарына тоқталып өтсеңіз?

– Кәсіпкерлер палатасы – билік пен бизнестің тиімді әріптестігі негізінде кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасау үшін құрылған коммерциялық емес, өзін-өзі басқаратын ұйым. Кәсіпкерлер палатасының негізгі қызметтері: кәсіпкерлер құқықтарын қорғау және мүдделеріне өкілдік ету, кәсіпкерлік белсенділігінің, өңірлердегі кәсіпкерлік қызмет жағдайының қоғамдық мониторингін жүргізу, кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мемлекеттік бағдарламаларына қатысу, отандық өндірісті қолдау және ұйымдардың сатып алуларында жергілікті қамту үлесті арттыру секілді өте ауқымды да маңызды жұмыстарға жетекшілік етеді әрі жүзеге асырып келеді. Жамбыл облысындағы өңірлік палатасы жоғарыда айтылған мақсат-міндеттерді басшылыққа алып жұмыс істейді. Бүгінгі таңда облысымыздың барлық ауданынды палата филиалдары ашылып жұмыс істеуде.

Ұлттық палатаның басшылыққа алып отырған негізгі жұмысы кәсіпкерлік субъектілерінің заңды мүдделері мен құқын қорғау екені белгілі. Жыл басынан бері бизнес өкілдерінен қанша арыз-өтінім келіп түсті? Кәсіпкерлер палатасы бизнесмендерің мүддесін қаншалықты қорғап қала алды?

– Ұлттық палатаның негізгі жұмысы кәсіпкерлік субъектілерінің заңды мүдделері мен құқығын қорғау. 2017 жылдың басынан бүгінгі күнге дейін 110 өтінім келіп түскен, оның жартысынан астамы оң шешілді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың алғашқы жартыжылдығымен салыстырғанда қаралған өтінімдер санында қарқын бар. Мәселен, мемлекеттік сатып алу сұрақтары 15 өтінімнен 25-ке өскен, жер қатынастары бойынша былтыр 11 өтінім болса, биыл 21 өтінім келіп түсті. Өтінімдердің басымы бөлігі шағын бизнес тарапынан. Ірі компаниялардың штатында құқықтық бөлімдері мен әкімшілік ресурстары бар, сол себепті туындаған проблемаларды алысқа бармай-ақ шеше алады. Пайыздық үлеспен есептесек, барлық өтінімнің 20 пайызы аудандардан келіп түскен. Жалпы сомасы 354,9 млн.теңгеге кәсіпкерлер мүддесі қорғалды. (35% – орта, 65% – шағын). «Ұлттық палатаның соңғы кезде жеткен жетістігінің бірі – ҚР «Қылмыстық кодекстің «Жалған кәсіпкерлік үшін қылмыстық жауапкершілік» атты 215-бабы алынып тасталды. Бұл кәсіпкерлікпен айналысуды айтарлықтай жеңілдетеді деген ойдамын.

– Кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған «Кәсіпкерлердің құқын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Кеңесі» туралы тарқата айтсаңыз. Кеңестің құрылудағы негізгі мақсаттарын кеңінен тарқатсаңыз. Кеңесте қандай мәселелер қаралады және қаншалықты шешімін тауып отыр?

– Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқын қорғау Кеңесі – консультациялық-кеңесші орган болып табылады. Кеңес бизнес мүдделерін қорғап, кәсіпкерлердің құқығын бұзған лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту, сондай-ақ кәсіпкерлік саласындағы заңнаманы жетілдіруге атсалысуға, Жамбыл облысының бизнесінің дамуында туындаған сұрақтарды ашық жариялауға, ортаға салып шешуге бағытталған. Кеңес 2013 жылы 25 желтоқсанда құрылған, оның құрамына мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың жетекшілері, ғалымдар-заңгерлер, түрлі салалардағы сарапшылар және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен құралған 14 адам кіреді. Ағымдағы жылдың алғашқы 7 айында Кеңестің 3 отырысы өтіп, 4 өзекті мәселе қаралды. Оның екеуі, жолаушыларды тасымалдау тарифінің жоғарылауы мен мемлекеттік сатып алу мәселесі оң шешілді.

– «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында бизнеске қолдау бар. Бағдарлама шеңберінде қызметтің нақты қандай түрлері көрсетіледі? Жыл басынан бері бизнесте қанша субъекті ашылды?

– Өздеріңізге белгілі, Кәсіпкерлер палатасы 2015 жылдан бері «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасының қаржылай емес операторы болып табылады. Басты мақсат – өңірлік кәсіпкерліктің қарқынды өсуі мен тұрақты жаңа жұмыс орындарының ашылуы. Бағдарламаның 4-бағытына бизнеске сервистік қолдау көрсету, кіші қалалар, моноқалалар мен аудан орталықтарында бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету шаралары туралы ақпараттандыру, «Бизнес мектеп», «Іскерлік байланыс», «Аға сеньорлар». Сервистік қолдау – кәсіпорындарды басқару жүйесін жетілдіру мен бизнес-процесстер қолдаудың 8 арнайы қызметін ұсынады. Сервистік қолдау Тараз қаласының кәсіпкерлерге қызмет көрсету Орталықтары мен аудандардағы 11 филиалда орналасқан кәсіпкерлерді қолдау орталықтарында ешбір ақысыз көрсетіледі. Осы орайда, айта кеткен жөн, көрсетілген қызметтердің саны жыл басынан бастап бүгінгі таңға дейін өсіп, жоспар 153 пайызға орындалып отыр. Анықтама ретінде айтып кетсек, былтыр алғашқы жартыжылдықта 1515 қызмет көрсетілсе, биыл 2339 қызметке жетіп отыр. 2015 жылдан бері 6500-ден астам адамға 7-мыңнан астам сервистік қызмет көрсетілді. Бұл Кәсіпкерлер палатасының жеткен жетістерінің бірі деп ауыз толтырып айтуға тұрарлық көрсеткіш. Біз жеке тұлғаларға жеке бизнесін ашуға себепші болып жатсақ – ол еліміздің болашағы үшін де, Палатаның жұмысы үшін де жемісті болмақ. Мысалыға, сервистік қолдаудың аясында былтыр 370 жеке тұлғаға бизнес ашуға жәрдемдестік, 400 кәсіпкерге рұқсат беру құжаттарын алуға қолдау білдірсек, 104 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне 416 млн теңге көлеміндегі қаржы көзіне қол жеткізуге жәрдемдестік.

– Мәріпбек Шәкербекұлы, «Атамекен–Тараз» микроқаржы ұйымының жұмысы жайлы бөліссеңіз, кәсіпкерлер жобасының қаржыландырылуы қалай жүргізіліп келеді?

– Кәсіпкерлер үшін қол жетімді несие мәселесі көп жылдардан бері қордаланып келген еді. Екінші деңгейлі банктер пайызының жоғарылығы және ауылдық жердегі шаруаларды қаржыландыруға құлықсыздығы баршамызға белгілі жәйт. Міне осы олқылықтың орнын толықтыру мақсатында «Атамекен Тараз» шағын несие ұйымы құрылып жұмыс істеуде. Осы шағын несие ұйымының құрылғанына биыл тура бір жыл толып отыр. Алайда осы бір жылдың ішінде ауқымды жұмыстарды атқарып үлерді. Мәселен, сөзіміз дәлелді болу үшін тағы да цифрларға жүгінсек, бүгінге дейін жалпы соммасы 267 миллион теңгеге 37 жоба қаржыландырылды. Шағын несие ұйымы ең бірінші кезекте ауылдағы шаруаларды қаржыландыруға басымдық береді. Жалпы облысымызда 60 мыңнан астам кәсіпкерлік субьектісі бар десек соның жартысына жуығы ауылдық жерде орналасқан. Екінші деңгейлі банктердің қаражатына қол жеткізе алмай жүргендер де осы ауылдағы ағайындар.

– «Бастау бизнес» жобасының Жамбыл облысында жүзеге асырылуы барысы жайлы бөліссеңіз, өңір тұрғындары бұл мүмкіндік жайлы хабардар ма?

– Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының екінші бағыты «Бастау Бизнес» жобасын жүзеге асыру «Атамекенге» жүктелген. Жыл басынан бері Палата мамандары облысымыздың алты ауданында, яғни Байзақ, Жуалы, Т.Рысқұлов, Мерке, Қордай және Шуда болып, жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған, ауылда және аудан орталығында тұратын кәсіпкерлікке қызығушылығы бар азаматтарды бизнесті бастаудың қыр-сырына үйретті. Олармен Астанадан арнайы оқу курстарын өтіп келген мамандар жұмыс істеді. Бұл бағдарламаға қатысу үшін арнайы тесттен өтіп, соның нәтижесі бойынша топ жасақталады. Тіпті бұл бағдарламаға қатысқан қатысушыларға шәкіртақы да төленеді. Биыл осы жоба бойынша 1125 адамды оқыту жоспарланып отыр. Нақтылы кезеңде 626 адам осы оқу курстарынан өтіп үлгерді, сонымен қатар 66 жоба «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы қаржыландырылды. Қалған жобалар бойынша Палата сүйемелдеу жұмысын жалғастыруда.

– Мемлекеттік сатып алуларда жергілікті өнімді қамту мәселесі өзекті, осы бағытта кәсіпкерлер палатасымен қандай жұмыстар атқарылуда?

– Облыс әкімімінің келісімі бойынша Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы жанында арнайы комиссия құрылған. Сонымен қатар, Кәсіпкерлер палатасы, облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы мен мемлекеттік құрылыс нысандарын жүргізіп жатқан бас мердігерлермен үш жақты меморандумға қол қойылды. Жоспарды орындау аясында облыс әкімінің қарарымен жергілікті өнімнің құрамын қадағалайтын комиссия құру қарастырылған. Комиссияны құру мәселесіне Жамбыл облысының әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды инновациялық дамыту басқармасы жауапты және осы тамыз айының соңына дейін құруға міндетті. Бүгінде комиссия мүшелерімен келісім жұмыстары жүргізілуде. Осы ретте Кәсіпкерлер палатасы тарапынан Комиссия жұмысына қатысты бірқатар ұсыныстар дайындалуда. Мысалы, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламалары аясында соғылатын құрылыс нысандарымен келісімшарт жасасу барысында отандық материалдарды басым түрде қолдану және басқа.

– Өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының дамуы мен оның субсидиялануы туралы айтып өтсеңіз...

– Қазіргі уақытта шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтардың бірігуі нәтижесінде 128 ауыл шаруашылық кооперативі құрылды. Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының ықпал етуімен 25 кооператив былтыр құрылған болса, биыл 10 кооператив құруға қол жеткіздік. Төрт кооперативті жалпы сомасы 133,4 теңгеге, атап айтқанда «Аратау» ара кешені» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі, арашаруашылығы өнімдерін сатуды арналған сауда-саттық павильондарын дайындауға берілді, келесі «Қарасай» кооперативіне 10 млн теңге көлемінде қаржы бөлініп, бұл сома қант қызылшасын өсіруге көктем мезгілінде қажет тұқым мен минералды заттарды сатып алуға жұмсалды, ендігі ауқымды қаржыландырылған жоба – «Меркі өнімдері» АӨК. Кооперативке бөлінген 56 млн теңге 75 бас асыл тұқымды мүйізді ірі мен 25 бас мүйізді ірі қара алуға жұмсалды және «Бай Алгабас» АӨК-не 438 мүйізді ірі қара сатып алу үшін 64,4 млн теңге бөлініп, қаржыландыру бойынша сүйемелдеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы ауылшаруашылық субъектілері, жеке және қосалқы шаруашылықтар үшін тегін оқыту семинарларын өткізді. Жалпы саны, мал шаруашылығы бойынша 5, өсімдік шаруашылығы бағытында 7 семинар өтіп, аудандардан 200-ден аса шаруалар қатысты. Семинарларға сарапшылар мен ғалымдар Алматыдан арнайы шақыртылған болатын. Ұзақтығы 1-2 күнге жалғасқан семинарларда тамшылатып суарудың иннофациялық әдісін пайдалануға, фермерлік кооперация жүйесі, кооперативке бірігуді тиімділігі, қант қызылшасын, жүгеріні өндіру технологиясы тақырыптары қамтылды. Тегін оқытудың нәтижесі жаман емес, шаруа қожалықтар қант қызылшасын, жүгері, және өзге де көкөніс-өсімдіктерді өсіруді тың түрлеріне қанық болды. Осы тамыз айында өткізілген тағы бір ірі семинар – ол «Еврохим Қаратау» ЖШС минералды тыңайтқыштарды өндіретін компаниямен бірлесіп Жамбыл және Меркі аудандарында қант қызылшасының қоректену жүйесіне арналған ауқымды семинар өткіздік. Нәтижесінде шаруа қожалықтардың бірқатары минералды тыңайтқыштарды жеңілдікпен сатып алуға болатын сертификаттарға ие болды.

– Кәсіпкерлер палатасы әлеуетті инвесторларды өңір бизнесін өркендету үшін тарту жұмыстарымен айналысады ма? Қандай ірі жобалар бар?

– Өңірдің даму картасын әзірледік. Бұл елімізге, облысымызға қаржы құямын деген отандық және шет елдік инвесторлар үшін өте қолайлы жоба. Біздің облысымыздан аталмыш картаға жалпы сомасы 12,4 млрд. теңгені құрайтын он жоба енгізіліп отыр. Олардың 2,1 млрд теңгесі туризм саласына тиесілі, агроөнеркәсіптік кешен бағытында да құны 9,2 млрд.тг болатын 4 жоба енгізілді, қалған екі жоба жол бойындағы сервистік нысандарының құрылысына арналған, құны 1,1, млрд. тг құрайды. Бүгінгі таңда «Түйтебаев» жеке кәсіпкерлігі Меркі ауданында демалыс орнын соғу үшін «Сбербанк» АҚ Жамбыл облыстық филиалынан 20 млн тг көлемінде несие алды. Аталған жобалар бойынша инвесторлар іздеу, қаржы институттары мен қорлары арқылы инфестициялық қаражаттар тарту тұрғысында тұрақты жұмыс жүргізіп келеміз.

– Кәсіпкерлер палатасы құрылғалы аймақта туризм саласын дамыту мәселесін алға тартып келеді. Туристік кластерді құру жолында атқарылған жұмыстар легіне тоқталып өтсеңіз...

– Туризм – табыс табудың тамаша көзі. Өкінішке орай біз оны өз деңгейінде жүзеге асыра алмай отырмыз. Палата мамандары облысымыздағы туризм кластерін қалыптастыру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарды. Облыста және аудандарда туризм кластерін дамыту жөніндегі жұмысшы топтар құрылды. Жұмысшы топ негізгі туристік нысандарда болып ақаулық актісін жасады. Неше жылдан бері айтылып алайда шешімін таппай келген Ақыртас кешені мен Тау самалы сауықтыру орталығына апаратын жолдың жөнделуі осы жұмысшы топтың нәтижелі жұмысын көрсетеді. Сонымен қатар, Жамбыл ауданының аумағында орналасқан науқас адам дертіне шипа, жанына рахат табатын Әулиебастау бұлағының айналасын да ретке келтіру бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Кәсіпкерлер палатасы мамандары бұлаққа барып, бастаудың кейпі тым нашар қалыпта тұрғандығын анықтады. Аталған нысан мен оған қарасты алаңның бірқатар жөндеу жұмыстары қажет. Осы орайда Кәсіпкерлер палатасы нысанға қатысты өз ұсынымды әзірлеп, Облыс әкімінің атына жолдадық.

– Жамбыл облысында түрлі салаларға бағытталған 10 бизнес-қауымдастық жұмыс істейді. Ал, Кәсіпкерлер палатасында тіркелген қауымдастықтардың мүмкіндіктері қандай? Қай бағытта жұмыс істейді?

– Нақты осы кезеңде Палатаға тіркелген бес қауымдастық бар. «Жамбыл облысының жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының қауымдастығы», «Қазақ қымызы» ұлттық сусын өндірушілердің қауымдастығы, «Жамбыл Туристік индустрия қауымдастығы», «Жамбыл облысы жолаушылар және жүк тасымалдаушылар» қауымдастығы, «Бизнесті индустриализациядағы палата қолғабысы» қауымдастығы заңды тұлғалар бірлестіктері жұмыс істейді. Олар бизнесті индустрияландыру, жеңіл өнеркәсіп, қымыз өндірісін дамыту, туризм, жолаушы тасымалы сынды салаларды қамтиды. Алдағы уақытта сауда, құрылыс салалары бойынша да қауымдастық құру жоспарланып отыр. Біле білген адамға қауымдастық деген үлкен күш. Біз оның әлеуетін әлі толық пайдалана алмай отырмыз. Қауымдастықтар Палатаға тіркелу арқылы облыстың бизнес ахуалын жақсартуға едәуір үлес қоса алады. Себебі Палатаның барлық мүмкіндігін, мұндағы сарапшы мамандар көмегін алуға құқылы болады. Біздің өңірде 100 құрылыс компаниясы, бетон шығаратын 20 өндіріс орны және 50 кірпіш зауыты бар, осы мәселені ескере келе 2017 жылдың екінші жартыжылдығында «Құрылыс және құрылыс материалдарын шығару» Қауымдастығын құруды жоспарлап отырмыз. Және тағы бір қауымдастық – сауда-саттық саласында. Жамбыл облысында 25мыңға жуық сауда-саттық орны бар 40 түрлі сауда нарығы тіркелген. Яғни, етегін кеңге жайған бұл салада қауымдастық құрып, келелі істер атқарудың пайдасы зор. Палата мен Қауымдастықтар тығыз байланыста жұмыс істесе, көптеген мәселер шешімін тез табатын болады.

– Кәсіпкерлер палатасы жастардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесіп, жұмыс беруші мен жұмыссыздар арасында қандай да кездесу алаңдарын ұйымдастырып тұра ма? Жергілікті кәсіпорындармен кадрларды даярлау мәселесі қарала ма?

– Дуальді оқытудың жол картасына облысымыздан 31 колледж енген. 157 кәсіпорынмен 992 үш жақты келісім шарт жасалды. 11сала бойынша 2530 оқушы қамтылған. Кәсіпорындар 29 мамандық бойынша оқу жоспарларын жасауға қатысты. Облысымызда бір коледж (Тараз химия технология колледжі) корпоративтік басқару тәртібінде жұмыс істейді. Аталған колледж өңірдегі химия кәсіпорындарына кадр даярлаудағы базалық оқу орны ретінде белгіленген. Дуальді оқыту жүйесі бойынша білім алып жатқан жастарды тамақ, арнайы киімдермен қамту мәселесі «Казфосфат» ЖШС жауапкершілігіне алынған. Мұнда мамандар өңірдегі химия кәсіпорындарының қажеттілігіне сәйкес оқытылады. Өңірлік палатаның ұсынысымен колледждерде техникалық және химиялық бес мамандық ашылды. Сонымен қатар Жамбыл политехникалық колледжі «Атамекен» ҰКП мен Германияның Трир қаласындағы қолөнершілер палатасының бірлескен халықаралық жобасының қатысушысы болып табылады. Осы жоба аясында аталмыш колледждің 19 түлегі ағымдағы жылы сынақ режиміндегі оқуын аяқтады.

– Кәсіпкерлер палатасының алдағы уақытқа мақсат еткен жоспарларымен бөлісе отырсаңыз...

– Бүгінгі таңға дейін кәсіпкерлер палатасы атқарған жұмыс аз емес. Алайда алда одан да ауқымды міндеттер тұр. Облысымыздағы бизнестің дамуына қалыпты жағдай жасау, кәсіпкерлік көкжиегін кеңейту мақсатында қолға алынатын шара көп. Кәсіпкерлер палатасына бос тұрған өндіріс нысандары, қоймалар, кеңселер бойынша көптеген сауалдар келіп түседі. Осыған орай облысмыздағы бос тұрған өндірістік нысандардың, қоймалардың, кеңселердің бірыңғай порталын жасауды көздеп отырмыз. Сонымен қатар кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсететін Орталық ашу жоспарда бар. Онда палатаның, қаржы институттарының, мемлекеттік органдардың өкілдері отырып, кәсіпкерлерге бір жерден қызмет көрсететін болады. Сондай ақ, облысымыздың тауар экспорттаушыларына арналған әдістемелік құрал шығару да біздің жоспарлап отырған ауқымды жұмыстарымыздың бірі болмақ.

Бүгінде Кәсіпкерлер палатасы 7 саланы қамтыған сұрақтарды басшылыққа алып отыр. Бірінші – жер телімдері туралы ақпаратқа онлайн рұқсаттама және инженерлік коммуникация жүйелеріне қосылуды қамтамасыз ету, екінші – кәсіпкерлерге толық форматты қызмет көрсететін орталықтарды құру, үшінші – сауда және қоғамдық тамақтануға арналған бос орындарды бөлу, төртінші – шағын және орта бизнес коммуникация жүйелеріне қосылған ғимараттарды жалға беретін шағын индустриялық аймақтар құру, бесінші – Консультативтік-кеңес органы қызметінің тиімділігін арттыру, алтыншы – жергілікті атқарушы органдардың сатып алуларындағы жергілікті қамтуды арттыру және жетінші өңірлік даму институттарының, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларының, микроқаржы ұйымдарының рөлін күшейту.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Ақбота Батырбекова

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер