«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Әулие-Атаның зейнеткер кәсіпкерлері

2018 жылғы 13 Сәуір
- Жамбыл облысы
3907 просмотров

Жамбыл облысының қариялары бизнесте де белсенді

Кеңес Одағы кезеңінде қол еңбегі жақсы бағаланғанын білеміз. Яғни, қара күш салып,  ақ білекпен, маңдай термен көсіле жұмыс істейтін нағыз еңбекші мамандардың қоғамда ойып алар орны болған. Кез келген жас өреннің ата-әжесінің еңбек жолы туралы сұрасаң, бірден ауылдың колхозында, ет комбинатында немесе тоқыма шеберханасында жұмыс істегенін айтады. О заманда кәсіпкерлік нысандарының барлығы Үкіметтің меншігінде болғанын білеміз. Таңның атысы кештің батысы белдеріне 2-3 елі қалың мата қысып орап, аяқтарына резеңке бәсі киіп, тік тұрып, еңбек еткен. Қол босаса болды жиын-терім кезеңінде дала жұмыстарына араласып, егін алқаптарында пияз жинауға, картоп қазуға аттанатын. Ол кездерде қазіргідей егінді жинап, буып-түйіп беретін техникалары тапшы етін...

Талас ауданының тұрғыны зейнеткер Рымкүл Кәрібжанова Таластың аудандық мәслихатының депутаты болған. Алайда, ол қосымша Қаратау қаласындағы ет комбинаты жабылғанша қасапшы қызметін атқарды. Қос қолына жүзі жалт-жұлт еткен, шоқпардай пышақ алып, ондағы жұмысшылар күніне жүздеген мал басын соятын. Арқасына  ауыр ет арқалап жүріп, денсаулығынан айрылды. Сегіз бала дүниеге әкелген алтын құрсақты Ана мерзімінен бұрын зейнет демалысына шықты. Осылайша, бойынан күш-қуаты сарқылған кезде кейбір кадрларды жұмысқа жарамсыз деп танып, мерзімінен тыс жұмыстан босататындығы  туралы үлкендердің әңгімесінен жиі еститінміз...

Ал, қазір индустриялық-инновациялық жаһандану заманы. Ақылды технологиялар мыңдаған адам қолын алмастырып келеді. Яғни бұрындары алпыстан асу ол сарқылудың белгісі болса, қазірде индустрия заманында алпыс жас нағыз өмір көрген, мың сүрініп, мың тұрған, әбден пісіп-жетілген, дайын кәсіпкерлер болатын шақ, дейді мамандар. Ақылға иек артқан заманда демалып жүріп жұмыс істеуге, жұмыс істеп жүріп демалуға мүмкіндік бар. Осы ретте, өз ісін дөңгелетіп жүрген, жас ұрпаққа үлгі  ардагер-бизнесмендергдің бірқатарына тоқталып кетуді қош көрдім.  

Киелі Әулие-Ата өлкесі ардагерлерінің басым бөлігі бүгінде зейнет демалысына шықтым деп, қол қусырып қарап отырмақ емес. Кәсіпкерліктің сан түрімен айналысып келеді. Қазірде өңірде 60 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Кемінде 10 пайызы – зейнеткер кәсіпкер. Мәселен, бүгінгі таңда облыс орталығына іргелес жатқан Жамбыл ауданындағы 4684 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің 10/1 бөлігінің жұмысын ардагер-кәсіпкерлер жүргізіп отыр. Олардың 247-сі егін шаруашылығымен, 21-і мал өсірумен және қалған өзге кәсіп түрлерін дөңгелетіп жүр.  Дәл осы ардагер кәсіпкерлер аумақтағы 1650 адамды қажетті жұмыс орнымен қамтып, олардың әрқайсысына 40 мың теңгенің үстінде жалақы төлейді.

Өздеріңізге белгілі, қазіргі таңда кәсіпкер ең алдымен өз кәсібінен еселенген қайтарым алу үшін, иелігіндегі өндірістің базалық мүмкіндіктерін барынша ұлғайтуға тырысып бағады. Жамбылдың қария бизнесмендері де техникалық әлеуетін арттыру үшін Аграрлы несие корпорациясы, Ауыл шаруашылығын қолдау қоры, «Казагрофинанс», «Банк Центр кредит», Халық банкі, Казмикрофинанс-шағын несие ұйымы тарапынан көрсетілетін қаржылай қолдауды тиімді пайдалануға икемденіп келеді.

Мысалы, Жамбыл ауданындағы «Берікқожа» ШҚ иесі Ә.Дайырханов соңғы жылдардың бедерінде лизинг арқылы екінші деңгейлі банктен 12 миллион 700 мың  теңге мөлшерінде несие алып, иелігіндегі техника санын 13 бірлікке жеткізді. Ардагерлердің міне осылай кәсіпкерлікке ден қойып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық өрлеу үдерісіне іскерлік тұрғыдан үлес қосуы облыстың өзге аудандары мен Тараз қаласына да ортақ тенденция.

Ал, Жуалы ауданы бойынша 274 ардагер кәсіпкердің 200-і егін және мал шаруашылығымен, 37-і сауда-сатықпен, 33 көкеніс, бақша дақылдарымен айналысады. Аудан негізінен жаппай сүтті бағыттағы шаруашылықпен  айналысуға бағытталған. Ардагер үйінде отырып-ақ кәсібін дөңгелетіп, отбасылық бюджетті еселендіріп келеді.

Меркі ауданында ардагер Совет Қалманбетовтің интенсивті бақты күтіп-баптауға маманданған бірден-бір агроқұрылым иесі. «Жылы бұлақ-Меркі» ЖШС басқарып отырған ардагер Акетаев Аманжол 120-дан астам адамнан құралған ұжымды басқарады. Атамыздың 18 мыңнан астам қойы бар, 400 жылқы, 30 түйесі, егін шаруашылығы дұрыс жолға қойылған. Өткен жылда 50 млн.теңге пайда тапқан миллионер қария. Сондай-ақ, осы ауданда ардагерлер Тотықұлова Қайнаркүл «Ринат» шаруа қожалығын, Мамытов Арыстан «Дәу өткел» шаруа қожалығын, Лебетов Жұман «Кеңес» шаруа қожалығын басқарып, ауылдағы  кәсіпкерліктің дамуына өз үлестерін қосуда.

Тараз қаласындағы сүт өнімдерін өңдеу және өткерумен айналысатын «Галеника» ЖШС Төрайымы, белгілі кәсіпкер Қатира Аққұлиева,  облыста құрылыс ісінің кең өріс алуына ұйытқы болып жүрген «Бином» ЖШС-нің Бас директоры Серік Олжабаевтың, облыс орталығы тұрғындарын жаңа технология негізінде өңделген қымызбен қамтамасыз етіп отырған Дүйсенбек Ыбыналиевтың, Мойынқұм өңірінің жұртшылығына үлгі «Мерей» шаруа қожалығының иесі Несіпбай Еселбаевтың, облыс аумағында интенсивті бақты күтіп-баптауға маманданған бірден-бір агроқұрылым – «Совет» ШҚ негізін қалаушы меркілік Совет Қалманбетовтың және басқа да жүздеген өзге ардагер-кәсіпкерлердің игілікті істерін  атап өтуге лайықты.

Уақыт тынысына байланысты жұршылықтың тарапынан туындаған заманауи сұраныстарға орай, облыс аумағында кейінгі жылдары ардагерлер арасында кәсіпкерліктің әлеуметтік және құқықтық мәні бар жаңа түрлерімен айналысушылар қалыптасып, жұмыстарын өрістетуде. Бұл ретте, жүрек-қан тамырлары ауруларымен сырқаттанған жандардың дертіне дауа тауып, алғысына бөленіп жүрген белгілі кардиохирург, кардиолог дәрігерлер Сейітхан Жошыбаевтың, Анархан Әзімхановтың, Юрий Владимировичтың, мейманхана-мейрамхана бизнесін дамытып, гүлдендіріп жатқан Марите Абиль Паттаның, би өнерінің небір саңлақтарын баулып, шеберлігін шыңдаған хореография ісінің хас маманы Светлана Төребекованың, әділет іздеген талай адамның құқын төрелік айтқан сот үдерістерінде қорғап, өздерін білікті заңгер ретінде танытқан зейнеткер адвокаттар - құландық Тоқтаған Ахметов, тараздық Асқар Қуандықовтыуң есімдері елге танымал болуда.

Ардагер-кәсіпкерлердің арасында ұлтымызға тән құсбегілік, атбегілік өнерін, ұлттық рухани құндылықтарымызды ұлықтап, кәсіпкерлік деңгейіне дейін көтерген қарияларымыз да аз емес. Солардың қатарында қыран құстардың бабын келтіріп, аң қаққан саятшылық өнерінің қайта жандануына бастамашылық танытқандардың көшбасшысы болған мойынқұмдық Жапар Сатылғановты, Жамбыл ауданындағы Өрнек ауылының тумасы Бауыржан Ешметовты, асыл тұқымды жылқы шаруашылығымен айналысып, небір аламан бәйгелерде баптап қосқан сәйгүліктері топ жарып, олжа салған атбегі-кәсіпкерлер: Тұрар Рысқұлов ауданынан көкдөнендік Әлімхан Мақұлбековты, Жамбыл ауданынан ерназарлық Әзімхан Жарылқаповты, қордайлық атбегілер Бақыт Байтөлені, Ердос Айтбаевты, Батырхан Рысбековты атап кетпеске болмас.

Сондай-ақ, ұлттық сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары шебері Қырғызбай Қаңтарбаевтың ізін қуған қолөнершілер Жанат Керімбаев, Есен Есетов, Алмагүл Сапақова, Ақерке Қосаметова сонау сақ, ғұн, үйсін мәдениетінен бастау алатын әдіс-тәсілдердің негізінде күмісті, былғарыны, киізді пайдаланып, ұлттық сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын жасау шеберліктерін паш етуде. Ал, Өңірлік Кәсіпкерлер Кеңесінің мүшесі, кәсіпкер Туғанай Жолақова ұлттық киімдер мен  киіз үй және ұлттық орнаменттермен айшықталған киіз үй жабдықтарын шығаруды жолға қойған.

Кезінде, облысымыздағы өнеркәсіп орындарында, ауылшаруашылығы құрылымдарында, білім ордаларында басшылық қызметте болып, зейнет демалысына шыққан еңбек ардагерлерінің бірқатары бүгінде еліміздің экономикасын әлеуеттендіретін, әлеуметтік мәселелердің шешімін табуға ықпал ететін,  Индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы аясындағы ірі жобаларға қатысып, нәтижеге жетуде. Солардың санатында Еркебұлан Мырзағалиев «Еврохим Удобрения» ЖШС «Минералдық тыңайтқыштарды өндіру химия зауытының құрылысы» жобасының жүзеге асырылуына бас болуда. Ал, «Луговой жылқы зауыты» ЖШС төрағасы Халит Базаралиев болса екі бірдей инвестициялық жобаны іске қосып отыр. Сол сияқты, Өңірлік Кеңестің мүшесі Бақтияр Алдашов «ТаласИнвестКомпани» ЖШС Талас ауданында натрий цианидін өндіретін зауытты басқарып, өткен жылы еңбек демалысына шықты. Санамалай берсек, ардагерлеріміздің араласуымен қолға алынған және тиісті нәтиже берген мұндай кесек тірліктер облыс аумағында баршылық екеніне көз жеткізуге болады.

Облыстағы кәсіпкерліктің дамуына анағұрлым белсене атсалысып, істің көзін таба білетіндігін танытқан және іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілет-қарымымен айрықшаланған бір топ ардагер-кәсіпкерлер «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасын іске асыру барысында да нәтижелі  жұмыстарымен назарға ілігуде. Әрі оларға мемлекет тарапынан да жеткілікті мөлшерде тиісті қаржылай қолдау көрсетілуде. Мысалы, «пайыздық ставканы субсидиялау» тетігі бойынша Бақтияр Алдашов  басқарған «Талас Инвестмент Компани» ЖШС-не   4,5 миллиард теңге, Марите Абилпатта басқаратын «Жамбыл қонақ үйі» ЖШС-не 42,7 миллион, Владимир Лесняктің иелігіндегі «Лесняк» жеке кәсіпкерлігіне   42 миллион теңге қаржы берілген. Сонымен бірге, Рыспанов Айтуған басқаратын «Айтуған» ШҚ 36,5 миллион теңге, Туғанбаев Әбдіқаппар Мырзалыұлы басқаратын «Жандос» ШҚ  28,7 миллион теңге, Қалмамбетов Совет Аманжолұлы басқаратын «Совет» ШҚ 25,4 миллион теңге мөлшерінде қажетті инфрақұрылым тартылыпты. Бұл – облыс аумағындағы елімнің экономикасының өркендеуіне, әлеуметтік проблемаларының шешімін табуына еңбегіммен үлес қоссам деген әр кәсіпкерге, жас-жасамысына қарамай мемлекет тұрғысынан тиісті қаржылай қолдау жасалатындығын айғақтайтын фактілер.

Зейнеткер кәсіпкерлер сондай-ақ, Палатаның сервистік қолдау, құқықтық қолдау және бизнес негіздеріне оқу курстарына қатыса алады. Мәселен, 2017 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» Бағдарламасының екніші бағыты «Бастау» жобасы арқылы өңірдің 6 ауданынан 1 125 адам оқып шықты, олардың қатарында 81 адам, яғни 5 әйел заты, 76 ер кісі зейнет жасындағылар. Негізінде кәсіпкерлік ынтасы бар 59 адам – жеке тұлға, 11-і Жеке кәсіпкер және Шарау қожалық атынан 11 адам жобаға қатысты.  Биылғы жылы 16-шы сәуірде бағдарлама облыстың барлық аудандарында басталмақ. Осы жылы 2 347 қатысушыны оқытып, кемінде 469 жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр.

Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Мәріпбек Шәкербектің айтуынша, бизнеспен айналысу үшін әйелдерге - 58 жас, ерлерге - 63 жас нағыз қолайлы мерзім. Бұл адамдардың бейнетін көретін зейнет жасына жетіп, нағыз күш-қуатқа толы шағы екен.

«Зейнет жасындағы адамдарды меншікті бизнес құруға тарту – әлемдік тәжірибеде бар. Егер адамда әлеуетті идеялары мен жобалары болса, онда бұл азаматтармен ортақтаса жұмыс істей қажет» - дейді Мәріпбек Шәкербек.

 

2017 жылы сервистік қолдау шеңберінде 3 392 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне 4 730 қызмет көрсетілді. Олардың ішінде 638 қызмет зейнет жасындағы кәсіпкерлерге тиесілі екен. 638 кәсіпкердің 428-і ерлер, 210 субъектісі әйелдер. Ал, басшысы зейнеткер болатындардың қатарында 335 ШҚ, 271 ЖК, 24 ЖШС және 6 СПК бар.

                                                                                                                                                                                                                                                           Бота Батырбекова


Еншілес ұйымдар

Серіктестер