«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Таразда Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің отырысы өтті

2014 жылғы 25 Қараша
- Жамбыл облысы
12151 просмотров

25 қарашада Тараз қаласында ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлер құқын қорғау жөніндегі кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Кеңес отырысына ҰКП Тексеру комиссиясының төрағасы Нұрлан Құдайбергенов, ҰКП Құқықтық қолдау департаментінің жетекшісі Олег Савеленко, облыс бизнесмендері, мемлекеттік органдарының  және өңірдегі іскерлік тобының өкілдері қатысты.

«Бізге келіп түскен шағымдар мен өтініштердің негізгі бөлігі, яғни 16 пайызы жер дауына қатысты болып отыр. Әсіресе, мұндай шағымдар мен өтініштер Тараз қаласы бойынша көп орын алуда. Жер дауы бойынша Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасымен 15 кәсіпкердің құқығы қорғалды. Оның ішінде 3 кәсіпкер жер телімін алуға қол жеткізді, төртеуі жер телімінің мақсатты пайдалануын өзгертіп, кәсібін кеңейтті, бір ЖШС жерінің тартып алынғанын дәлелдеп шықты, бір кәсіпкер әкімшілік жауапкершіліктен босатылды, екі іс бойынша жерді кері қайтару туралы шешімдердің күші жойылды», – деді өз сөзінде Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер бойынша орынбасары Зәуре Адамбаева.

Зәуре Адамбаева сонымен қатар, шағымдардың басым бөлігі облыс орталығынан келіп түсіп жатқандығын айтып, жер комиссиясы тарапынан орын алған заң бұзушылықтармен бірнеше рет жолыққан кәсіпкердің ісін мысалға келтірді. Аталған кәсіпкерге қарсы жер комиссиясы тарапынан орын алған заң бұзушылықтарды прокуратура органдарының өкілдері де растап отыр. Жиынға қатысушылардың пікірінше, Тараз қаласы бойынша кәсіпкерлердің жер қатынастары саласында орын алып отырған мәселелеріне жауапты тұлғалар қала әкімінің орынбасары–жер комиссиясының төрағасы Асхат Есенәлиев және қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Бахытжан Сүгірбеков

Назар аударарлық жекелеген оқиғалар облыс аудандарында да орын алуда. Мәселен, Байзақ ауданындағы  «Достық-99» шаруа қожалығына 2000 жылы аудан әкімінің шешімімен 752 гектар жер беріліп, жыл өткен соң кері қайтарып алынған. 2004 жылы сот аудандық әкімдікті шаруа қожалығына жер телімін қайтарып беруді міндеттеп шешім шығарған. Алайда, арада он жылдан астам уақыт өтсе де сот шешімі бүгінге дейін орындалмай келеді. Кәсіпкерлер палатасы бұл Талғат Қырғызбаев басшылық ететін аудандық жер қатынастары бөлімі тарапынан заң талаптарының бұзылып, кәсіпкер құқығының ескерілмеуі деп есептейді. Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасы аталған іс құжаттарын аудандық прокуратураға жолдап, прокуратура органдары тарапынан аудандық әкімдікке заң бұзышылықтарды жою бойынша ұсыныс берілген. Жамбыл облысының прокуратурасына «Мария және К» командиттік серіктестігінің ісі де жолданған. Палата серіктестік иелігіндегі жерге топырақ құнарлылығын қалпына келтіру жұмыстарының актісін қабылдап алған жауапты тұлғалар әрекетінің қаншалықты заң талаптарына сай келетіндігін анықтап беруді өтінеді. Себебі, ақысы төленіп қойса да топырақ құнарлылығын арттыру бойынша ешқандай жұмыстар жүргізілмеген.

Шу ауданындағы  «Әли» шаруа қожалығының жетешісі де билік тарапынан қысым көрген бизнесмендердің бірі. Шу ауданының әкімдігі оған ұзақ мерзімдік жалға  жер телімін беру жөнінде шешім шығарады. Алайда, қожалық жетекшісі жердің бар құжаттарын рәсімдеп, мемлекеттік актісін қолына алғаннан кейін аудандық әкімдік алдыңғы шешімнің күшін жойып, жерді кері қайтарып алу туралы шешім шығарады. Іс құжаттарымен танысқан Палата сарапшылары аудандық әкімдіктің әрекетін заңсыз деп есептейді. Палата ұстанымын аудандық прокуратура да қолдап отыр. Прокуратура ұсынысында аталған заң бұзышылыққа жол берген жауапты тұлғаны әкімшілік жазаға тарту туралы айтылған. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы аталған іске жауапты тұлға аудан әкімінің міндетін атқарушы - аудан әкімінің орынбасары Ербол Аймамбетов деп санайды.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасына келіп жатқан шағымдардың көпшілігі табиғи монополиялар субьектілеріне де қатысты болып отыр. Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасына  «Жамбыл электр жүйелері» ЖШС-нің үстінен аталған мекеменің жаңа тарифтік баға енгізуіне қатысты шағым айтқан кәсіпкерлер қатары да артуда. Олардың айтуынша, монопалист кәсіпкерлерді электр бағандарын жалға алуға міндеттейтін қосымша келісімшарттар жасасуға мәжбүрлеген. Осыған орай, кәсіпкерлер қауымы электр қуатын тасымалдаушы ұйым тарапынан ескерту қағаз алған. Онда кәсіпкер 3 күн ішінде «Жамбыл электр жүйелері» ЖШС-нің кеңсесіне келіп, келісім шартқа отыруы, олай болмаған жағдайда электр қуатымен жабдықтау тоқтатылатындығы айтылған. Аталған мәселеге орай, Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасы Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің, облыс прокуратурасы қызметкерлерінің қатысуымен тексеру жұмыстарын жүргізді. Тексеру қорытындылары бойынша, 2014 жылғы 11 қарашада «ЖЭЖ» ЖШС-нің электр бағаналарын жалға алуға міндеттеу туралы талабы кәсіпкерлер арасында наразылық тудырып, жағымсыз ахуал қалыптастырады деген себеппен тоқтатылды. Осыған орай, кәсіпкерлер электр бағандары үшін төленетін қосымша қаржыдан босатылды.

«Өңір кәсіпкерлері үшін өзекті мәселелерінің бірі электр қуатымен жабдықтаушы мекемелердің әрекеті. Жүз пайыздық алдын ала төлем, қымбат конденсаторлық құрылғыларды орнату туралы талап, айыппұлдық санкциялар, электр қуатын беруді ешбір ескертусіз тоқтатып тастау сынды кедергілер электр қуатымен жабдықтаушы мекемелер тарапынан бүгінгі кәсіпкерлер кезігіп отырған түйіткілердің бір бөлігі ғана. Аталған мәселелер бойынша прокуратура және табиғи монополияларды реттеу органдарымен бірлесе отырып Мойынқұм, Мерке, Шу аудандарынан және Тараз қаласынан барлығы 28 кәсіпкердің құқығы қорғалды. «ҚазТрансГазАймақ» АҚ–на залал келтірді деген сылтаумен 27 миллион теңге төлеуге міндеттелген жеке кәсіпкер Поповтың құқығы сот жолымен қорғалды. Мұндай миллиондаған санкциялар өз ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін үлкен кедергі болмақ», – дейді Зәуре Адамбаева. 

Күн тәртібінде талқыланған мәселелердің барлығы ҚР Ұлтық кәсіпкерлер палатасының және Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлер құқын қорғау жөніндегі кеңесінің тұрақты бақылауында болады.

Жиынға қатысушылардың айтуынша, тек мемлекеттік органдар, құқықтық құрылымдар және кәсіпкерлер палатасы бірлесе әрекет еткен жағдайда ғана орын алып отырған кедергілерді жою мүмкін болмақ. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер