«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкерлер өздерін толғандырған мәселелерді Үкімет басшысына жеткізді

2016 жылғы 15 Тамыз
- Алматы қаласы
10937 просмотров

Алматыда ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің қатысуымен кәсіпкерлерді қолдауға арналған жиын өтті

Алматыға жасаған іссапары барысында ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов бизнес-қауымдастық өкілдерімен кездесті. Алматы қаласы Өңірлік кәсіпкерлер палатасының төрағасы Ерлан Стамбековтің қысқаша алғысөзінен кейін салалық қауымдастықтар мен компаниялардың басшылары жеке сектордағы жағдай туралы баян етті.

Бөлшек саудамен айналысатын кәсіпкерлердің түйіткілді мәселелерін Қазақстан Сауда кәсіпорындары қауымдастығының вице-президенті Жібек Әжібаева ортаға салды. Оның айтуынша, тауарларды көтерме сауда базарларынан сатып алғанда көбінесе олардың сәйкестік декларациясы болмайды екен. Кейін ол тауарды облыстарға сатуға шығарғанда, бақылаушы органдар тауардың шығу туралы деректерін растайтын құжаттар болмағандықтан, кәсіпкерлерге айыппұл салады.

«Техникалық реттеу және метрология комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті қаладағы базар әкімшіліктерімен бірлесе отырып, тауарларды «бір терезе» қағидасы бойынша растау құрылымын түзуі қажет», – деген ұсыныс білдірді Әжібаева.

Оңтүстік Қазақстан облысында заңды тұлғалар үшін электр энергиясына тарифтің жоғары болуы туралы «Karlskrona LC AB» ЖШС бас директоры Уәлихан Ахметов сөз етті.

«Мәселе ОҚО-да басқа өңірлермен салыстырғанда электр энергиясына тарифтің жоғары болуына қатысты («Оңтүстік Жарық Транзит» АҚ нарық монополисінің күндізгі тарифі 24,85 теңге). Мәселен, батыс өңірлерде – 11 теңге, жеке шағын станциясы бар компанияларда 16 теңге. Электр энергиясының құны өндірушілеріміздің өнімдерінің өзіндік құнының 20-50%-ын алады. Ол өндірілетін өнімнің бәсекеге қабілетті болуына айтарлықтай әсер етеді. Сізден ОҚО бойынша тарифтерді азайту мәселесін қарастыруды сұраймыз», – деп өтініш білдірді кәсіпкер Премьерге.

Келесі бір бизнесмен, Шығыс Қазақстан облысындағы «Ырысақ-Ата» шаруа қожалығының басшысы Кенжебек Саутов ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытайға экспорттаудың күрделілігіне шағымданды. «ҚХР мен ҚР арасында сауда-экономикалық қатынастарды дамытуда өнімдерге қойылатын талаптарды бекітетін стандарттар жоқ. Мәселен, ірі қара мал мен жылқы етін Қазақстаннан экспорттағанда Қытайдың уәкілетті органдары қазақстандық жеткізушілерден Ресей Федерациясы зертханасының ветеринарлық қорытындыларының болуын талап етеді, ондай зерттеуді Қазақстанның ветеринарлық зертханасы да жүргізе алар еді. Қазақстан Республикасынан балды экспорттағанда өнімді зерттеп, кейін шаруашылықтарды импорттаушылар тізіліміне қосу үшін ҚХР инспекциялық қызметін шақыру қажет. Осы мәселені шешу аясында Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасы нақты жұмыстар жүргізуде, алайда бұл мәселе ҚР Үкіметі деңгейінде қарауды талап етеді. Қытай тарапының қазақстандық зертханаларды аккредитациялауы қазақстандық тауар өндірушілер үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді», – деп мәселенің мәнін түсіндіріп өтті бизнесмен.

«Нектар» өндірістік кооперативі директорының орынбасары Игорь Давлашеридзені жаңа Пайдалануға беру ережелеріндегі коммерциялық тұрғын үй айырмашылығы мәселесі қызықтырды.

«Құрылыс нормалары қарастырылған жаңа  Ережелерде құрылысшылар нысанды «әрлеу» жұмыстарын жүргізбестен өткізу мүмкіндігінен айырылған. Мәселен, мемлекеттік сараптама жобалық-сметалық құжатта Құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес, әрлеу жұмыстары қарастырылған құрылыс жұмыстарының барлық кешенінің болуын талап етеді. Одан кейін Мемлекеттік сәулет және құрылыс басқармасы монтаждау жұмыстарын мемлекеттік сараптама бекіткен жобалық-сметалық құжатқа сәйкес орындалуын талап етеді. Нәтижесінде, біз жаңа Ереже оған мүмкіндік берсе де, тағы да тұрғын үйге әрлеу жұмыстарын жүргізуге мәжбүрміз. Нормативтік-құқықтық актілердегі қайшылық коммерциялық тұрғын үй салушылар үшін әкімшілік кедергі келтіріп отыр», – деді Давлашеридзе.

Кәсіпкердің пікірінше, 3.02-43-2007 жылғы «Тұрғын үй ғимараттары» деген ҚР Құрылыс нормалары мен ережелеріндегі «Үй мен пәтерді әрлеу сапасы» бағанасына қатысты өзгертулер енгізу қажет. «Қолданыталын материалдарға стандарттар талабын сақтау» деген сөздерден кейін «сондай-ақ тапсырыс берушімен келісілген жобалауға тапсырма» сөзімен толықтыру керек. Сонда тапсырыс беруші бекітілген жобаға өзгерістер енгізбестен, әрлеу түрін өзі таңдай алады.

Бұдан бөлек, туризм мен жиһаз өнеркәсібі салаларын жетілдіру бойынша да ұсыныстар айтылды. Отырыс барысында қатысушылар пікір алмасып, мәселелер үкіметтік деңгейде зерттеліп, шешілетін болды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер