«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қателік түзетілсе игі

2016 жылғы 21 Қараша
- Жетісу облысы
5446 просмотров

Кәсіпкерді мемлекеттік сатып алулардың жауапсыз қатысушылар реестріне негізсіз қосып қойған

Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің кезекті отырысында кәсіпкер Гурбан Исаевтың мәселесі қаралды. Еске сала кетейік, бұрын бизнесмен Алматы облысы бойынша Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкілдің өңірлік аппаратынының жеке қабылдауында болған еді. Тексеруден кейін Ішкі мемлекеттік аудит департаменті мемлекеттік сатып алулардың жауапсыз қатысушылар реестріне заңсыз қосу дерегі бойынша заңбұзушылық орын алғанын анықтаған. Мемлекет органға заңбұзушылықты жою және шенеуніктердің тәртіптік жауапкершілігін қарау туралы нұсқама жіберілген.

Ал оқиға кәсіпкердің Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің өрт сөндіру және апаттық-құтқару қызметі жариялаған сатып алулардағы жеңісінен кейін басталған. Бұдан бөлек, тағы бір жеке кәсіпкер сатып алулар жеңімпазы болып танылған.

«Осыдан кейін келісімшарт жасалынды, алайда алғашқы жеңімпаз «М.Б.Қапаржанова» жеке кәсіпкерлігі келісімшарттағы міндеттерді тиісінше орындамағандықтан, мемлекеттік орган келісімшартты бұзбастан 3 қазан күні екінші жеңімпаз «Г.Ф.Исаева» жеке кәсіпкерлігіне мемлекеттік сатып алулар туралы келісімшартқа қол қою туралы ұсыныс жолдаған. Тауарды жеткізу мерзімі 2016 жылдың тамыз айына дейін деп бекітілген. Істің мән-жайына үңілсек, мемлекеттік сатып алулар туралы келісімшартқа бірінші жеңімпаз қол қойып қойған. Осыған байланысты мемлекеттік орган қол қойдыру үшін келісімшартты екінші жеңімпазға жіберуге құқығы болмаған», – дейді ӨКП әкімшілік кедергілерді азайту және кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі бөлімінің сарапшысы Диас Оташбаев.

Сонымен қатар, Диас Оташбаев осы жайт бойынша Палата тарапынан Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне хат жолданғанын атап өтті. Алайда өкілетті орган ешқандай шараны қолға алмаған. Бұдан басқа, келісімшартта тауарды жеткізу мерзімі тамыз айында деп көрсетілген, алайда кәсіпкерге келісімшарт жобасы қазан айының басында ғана жіберілгеніне де назар аударған жөн. Осыған байланысты Г.Исаевтың бұл келісімшартқа қол қоюға мүмкіндігі болмаған. Бұған қарамастан Ішкі мемлекеттік аудит департаменті ЖК-ні мемлекеттік сатып алулар туралы келісімшартқа отырудан жалтарды деген дерек бойынша мемлекеттік сатып алулардың жауапсыз қатысушысы деп таныған. Мемлекеттік орган қызметкерлері, өз кезегінде, шешім қатаң түрде заң бойынша қабылданған деп сендіріп отыр. Алайда кәсіпкер осының кесірінен мемлекеттік сатып алуларға да қатыса алмай, өзінің қызметін де толық атқара алмай отыр.

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңестің төрағасы Баниямин Файзулин бұған қатысты алаңдаушылығын білдіріп, прокуратура органдарынан іске араласуды өтінді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер