«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Тікелей эфирде Лаззат Чинкисбаева

2017 жылғы 07 Наурыз
- Жетісу облысы
8280 просмотров

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры сауалдарға жауап беріп, 2017 жылға арналған жоспармен таныстырды

Тікелей эфир «Жетісу» телеканалында өтті, ал ӨКП баспасөз хатшысы Диас Бейсенбек жүргізуші ретінде шықты. Залға кәсіпкерлер­ – Өңірлік кеңестің мүшелері, Ескелді ауданы мен Текелі, Талдықорған қалалары Кәсіпкелерлер кеңестерінің өкілдері шақырылды. Сонымен қатар, тікелей эфирге Алматы облысы Прокуратурасы 1-басқармасының прокураоры Данияр Мұхияев қатысты. Эфир басында Палата директорының есебі тыңдалып, одан кейін өңір кәсіпкерлері мен тұрғындарының сауалдарына жауап берілді.

Лаззат Чинкисбаева 2015 жылмен салыстырғанда кәсіпкерлер құқығын қорғау көрсеткіші екі есе өскенін атап өтті. Келіп түскен 319 арыз-шағымның 70% оң шешімін тапқан. Бизнесті қорғауда Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес қызметі, кәсіпкерлер арыз-шағымы бойынша жүргізілген сараптама мен қоғамдық мониторингтің де рөлі айтарлықтай маңызды.

Бизнесті дамыту үшін драйвер және Өңірлік палата қызметінің басым бағыттарының бірі – мемлекеттік сатып алулар. «Бүгінде облыс бойынша отандық тауар өндірушілер тізіміне 364 тауар өндірушілер енгізілген, бұл ақпарат тұрақты жанданып тұрады. Отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында сатып алу саласында жұмыс комиссиясы құрылды. Комиссия облыстағы өндірушілермен 640 млн теңге сомасында келісімшарт жасауға ықпал етті, оның ішінде фармацевтика саласында 5 ұзақмерзімді келісімшарт жасалды. Облыста мемлекеттік сатып алулардағы әкімшілік кедергілерді анықтау жұмыстары жүргізіледі. Атап айтқанда, Палатаның ұсынысымен «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заңнамаға «Сатып алулардың жосықсыз қатысушылары тізіліміне екінші рет жеңгендерді автоматты түрде қосу туралы» талапты жою туралы өзгерістер енгізілді. Егер квазимемлекеттік сектордың сатып алуларына тоқталсақ, бұл бағытта да комиссия құрылып, ол 120 млн теңге сомасында келісімшарттар жасауға ықпал етті», ­– деді облыстағы Кәсіпкерлер палатасының басшысы.

Лаззат Чинкисбаева Өңірлік даму картасының нәтижелерімен де таныстырды. Оның айтуынша бүгінде Картаға жалпы сомасы шамамен 14 млрд теңге болатын 21 инвестициялық жоба енгізілген. «Оның ішінде 3 жоба 350 млн теңге сомасында қаржыландырылды. Олар – ауданда баламасы жоқ Панфилов ауданында балық өнімдерін қайта өңдеу зауыты, сондай-ақ, Талдықорған қаласындағы спорттық-сауықтыру кешені мен Жамбыл ауданындағы этно-мейрамхана», ­– дейді өңірлік Палатаның басшысы.

Кәсіпкерлікке қаржылай емес қолдау көрсету бойынша 2016 жылдың басынан бері облыстағы 5300 кәсіпкерге 6 мыңға жуық мамандандырылған сервистік қызмет көрсеткен. 18 мыңнан астам адамға мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес берілген. «Жалпы, 600-ден астам бизнес-жоспар дайындалды Біздің ықпал етуіміз арқылы шамамен 2 млрд теңге сомасында 200-ден астам жоба іске қосылды. Біздің өңір аграрлық болғандықтан, жобалардың басым көпшілігі мал және өсімдік шаруашылығына қатысты. Жобалардың арасында шырғанақ жапырағынан шәй шығаратын мобильді зауыт ашу үшін 5 млн теңгеге автокөлік алынғанын айтуға болады. Шырғанақ жапырағынан шай шығару идеясы аяқ астынан пайда болған жоқ. Шырғанақтың пайдасы туралы ғылыми зерттеулер мен арнайы әдебиеттерді зерделегеннен кейін барып тоқтамға келген. Берілген несиеге мобильді зауыттың автокөлігі қайта жабдықталды, осы жылы өнім шығару жоспарланып отыр», ­– деп ӨКП директоры мәліметтермен бөлісті.

Туризм саласында Палатаның сүйемелдеуімен 2016 жылы Алакөл көлінде екі инвестициялық жоба іске қосылды. Сонымен қатар, туристердің жайлылығы үшін 2016 жылдың желтоқсанында Туризм басқармасымен бірге жатын орындары мен қоғамдық тамақтану орындары бойынша «Жетісу» ақпараттық интернет-ресурсы ашылды. «Алматы облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің жанынан құрылған туризм мен спорт комитетінің жұмысын жеке атап өткім келеді. Комитет өкілдері бірлесіп туризмді дамытудың негізгі жоспарын, облыстың «Визит картасын» жасады. Олардың белсенді қатысуымен облыстың барлық ауданында туризмді дамыту мен өрлету үшін жұмыс топтары құрылды», – деп атап өтті Лаззат Чинкисбаева.

Тікелей эфир кезінде залдағы қонақтар мен экран алдындағы көрермендер қоңырау шалу арқылы МЖС процедурасы, туристік операторлардың азаматтық-құқықтық жауапкершілін міндетті сақтандыру, бизнес ашу, мал шаруашылығы бойынша бизнес-жоспарлардың қаржыландыру және т.б. салаларға қатысты сауалдар қойды.

Эфир соңында Лаззат Чинкисбаева «Аудандар жылы» аясында әкімдіктермен бірлесіп жергілікті форумдар мен конференциялар өтетінін хабарлады. «Бүгінде аудандар мен ауылдарда кәсіпкерлерге жағдай жасау жалғасын табуы керек. Кез келген мәселе «Бір терезе» қағидасымен шешілуі тиіс. Бүгінде Ескелді, Қаратал, Ұйғыр аудандары мен Текелі, Қапшағай қалалары әкімдерінің жұмысын ерекше атап өткім келеді. Олар бизнеспен диалог құра білді, бүгінде кәсіпкерлердің үйіне айналған біздің филиалдарымызға үнемі қолдау көрсетіледі. Жақында ғана Алакөл ауданы әкімі осындай филил ашуға ниетті екенін айтты», ­– деді ол.

Кабельдік желіден бөлек, ӨКП, Өңірлік коммуникация қызметі, «7sunews» қалалық интернет-порталының Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшада онлайн-трансляция ұйымдастырылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер