«Bastau Бизнес» жобасы – кооперативке бірігудің алғашқы баспалдағы
Жамбыл облысында өңірдің 6 ауданында бір ай бойы өткен «Bastau Бизнес» жобасының 263 тыңдаушысы өз жобаларын комиссия алдында қорғады
2017 жылдың наурыз айында Астанада өткен оқуда біліктіліктерін шыңдаған 6 бизнес-тренер Жамбыл облысының Байзақ, Жуалы, Т.Рысқұлов, Меркі, Шу, Қордай аудандарына бөлінді. Жоба бойынша жыл соңына дейін жалпы 1125 адамды оқытып, оның ішінде 225 білім алушы жобаларын қорғап қаржыландыруға өту керектігі жоспарланған. Жоспарға сай 499 талапкер тестілеуден өтіп, 1-лекте 263 қатысушы жобаға қатысты.
Алғаш болып Байзақ және Жуалы аудандарының тыңдаушылары өз бизнес жобаларын қорғады.
Байзақ ауданында «Бастау Бизнес» жобасына қатысқан 45 тыңдаушының 42 жобасы комиссия мүшелерінің көңілінен шықты. Бизнес-жаттықтырушы Гүлзат Искакова 30 күн оқытып, көпшілік алдында сөйлеу машығына үйреткен әр қатысушы үшін алаңдайтынын айтты. Сол себепті, қаржы институттарынан қолдау табуға септігін тигізу үшін, жеке тұлғаларға бастапқыда 3-5 млн теңгеге дейінгі, ал жеке кәсіпкерлер үшін құны 15 миллионға дейінгі жобаларды жазуға кеңес берген.
Бақытжан Айтқұлбеков «Bastau Бизнес» жобасы туралы ести сала, қажетті құжаттарды тапсырып, оқытуға қатысуға асыққандардың бірі. Ата кәсіпті жалғастырмақ мақсатта жылқы баптап, бордақылаумен айналысуға ние білдіріп отыр. Қаіргі таңда жеке шаруашылығында 40 бас жылқы және де техникалары бар. Енді бордақылау алаңын кеңейтіп, мал басын арттыру үшін 4 миллион теңге көлемінде несие алмақ. Бақытжан Айтқұлбековтың айтуынша, бизнесті басқарудың қыр-сырын меңгеру, кәсіпкерлік негіздерінен білім алу дамуға ықпал етті.
Аграрлы өлке саналатын Жамбыл облысында – мал және егін шаруашылығы жақсы дамыған. Жобалардың басым көпшілігі мал шаруашылығын, оның ішінде мүйізді ірі қара санын көбейту, сүтті ірі қара сатып алу, жылқы шаруашылығымен айналысып, қымыз өндіру салаларына бағытталған. Осыны ескере келе, ауылдағы майдалы-ұсақты шаруа иелері кооперативке біріксе, мемлекет тарапынан қолдау еселенетін Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының бизнесті қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Диана Түкпетова ауыл тұрғындарына түсіндіріп өтті.
«Жобасын қорғаған әр адам несиелендірілген жағдайда да берілген қаржыға шамамен бес-алтау ғана ірі қара санын сатып ала алады. Ал, бірігу арқылы несие санын ұлғайтып, лизингке техника алу мүмкіндігі де пайда болады. «Bastau Бизнес» жобасы – коопретативке бірігуге бастайтын жол болмақ», – деді Диана Түкпетова.
Бизнес жобалардың қатарында жылыжай шаруалығы, бау-бақша өсіруді қолға алғысы келетіндер де бар.
Bastau Бизнес» тыңдаушысы Омарова Ақмарал оқыту кезінде Шымкент, Алматы сынды қалаларда жылыжай иелеріне арналып ұйымдастырылған семинарларға қатысқан. Байзақ ауданында өз жеке меншігінде бар 0,5 гектар жердің 0,33 гектарына жылыжай салып, көкөніс өсірмек. Осылайша, жергілікті тұрғындарды қысы-жазы табиғи таза, қолжетімді бағадағы өнімдермен қамтамасыз еткісі келетінін айтады. Осы мақсатта Ақмарал Бескемерқызы жеңілдетілген пайызбен 6 млн теңге көлеміндегі несие алмақ.
Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Аспандияр Сейсебаев, аудандық кәсіпкерлер палаталарының директорлары, Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының бизнесті қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Түкпетова Диана, Жамбыл облысы әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен Жамбыл облысы әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы мамандарынан құралған комиссия мүшелері бизнес жоспардың маңыздылығы мен барлық талаптарға сай келетін 204 жобаны қаржыландыруға өткізді.
Оқыту курстарынан өткен қатысушыларға сертификаттар беріледі. Сертификат төмен мөлшерлемемен мемлекеттік несиелеуге қол жеткізуге мүмкіндік береді. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша шәкіртақы да қарастырылған.
Қаржыландыру шешімі шығарылған соң Кәсіпкерлер палатасының аудандардағы филиалы жүзеге асқан бизнес-жобаларды 1 жыл бойы сүйемелдейтін болады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: