«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

"Нұржол" гүлзарында не сатып алуға болады?

2017 жылғы 06 Шілде
15833 просмотров

Бизнес және шығармашылық

 Астана күні бұл  шет мемлекет пен өңірден келген қонақты жинайтын естен кетпес керемет мереке. Биылғы қала күні ЭКСПО-2017 аясында тіптен дүркіреп өтеді деп күтілуде.

 Бүгінде елорданың шағын және орта кәсіпкерлігінің үлесі күннен күнге артып келеді. Жалпы өңір өнімдегі Астананың үлесі 61%-ға тең. Бұл барлық өңірлер бойынша ең үздік көрсеткіш. Бұл бағыттағы сүбелі жұмысты бизнестің сенімді серіктесіне айналған «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы атқарып келеді.   

ЭКСПО-2017 аясында шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жақсы жағдай жасалып, олар өз өнімдерін елорда орталығында – «Шеберлер аллеясында» таныстыруға және саудалауға тамаша мүмкіндік алды. Түрлі ыдыс аяқ, қолөнер бұйымдары мен ұлттық нақыштағы киім, әшекейді Астана күнінде тамашалап, сатып алуға болады.   

Кәсіпкерлер елорданың өміріне белсенді атсалысып, шығармашылығы және қолөнерімен бөлісуге дайын. Мәселен, Астана тұрғыны Жанна Байсадықова тікелей Самарқандтан тасымалданған ет табақтар мен тостақандар туралы айтып берді.

 «Қолөнершілер аллеясында» топырақтан жасалған өзбек қыш ыдыс аяғы қойылған. Менің Өзбекстандағы достарым бұл кәсіппен бес жыл айналысып келеді, мен оларға көмектесіп жатырмын.  Өзбек қышы түрлі болады, біздің өнім сапасы жағынан жақсы, қыш отқа әбден қақталған. Ыдыс аяқтағы ою авторлық болып табылады, қолмен салынған. Ыдысқа соңғы ою салынған соң қолөнерші өз қолтаңбасын ыдыс түбіне қалдырады. Мәселен, 20 табақ болса, жиырмасында түрлі түрлі өрнек салынады. Ешбір өрнек қайталанбайды», – деді Жанна Байсадықова.

Ыдыстың бәрі таза қыштан жасалған, химиялық қоспаларға төзімді келеді. Қыш ыдыс аяқ тамақтың пайдалы заттарын бұзбайды, жылуды көпке дейін сақтайды, сондықтан жақсы бағаланады.

Колөнершінің айтуынша бұл ыдыс аяқты палау, ет, манты тағамдарынан басқа үйді сәндеу, қабырғаға ілу үшін де пайдалануға болады. Ол үшін ыдыстарда арнайы ойық та қарастырылған.

«Бір қана кішкентай ыдысты бір ай жасайды. Менің сүйікті ыдыс аяғым – көк түстегі өрнекті табақ, бұл өзбек қолөнеріндегі жаңашылдық. Көрген адам оны ұсақ моншақ немесе күріш деп ойлайды. Әр ноқат қолмен жасалған, ешбір механикалық құралдар қолданылмайды. Бұдан басқа өрнекті инемен салады. Бұл өте күрделі жұмыс. Мен өзім 7 жыл қатарынан моншақ жасаумен айналысамын. Балаларға арнап ойыншық, әйелдерге тәттілер мен жеміс-жидек салатын тостақандар жасаймын», – деді кәсіпкер.

 Қостанайдан келген іскер әйел Дария Кусекеева Астанаға қолөнерін көрсету үшін арнайы келген. Бұл отбасылық бизнес.
 «Отандық тауар өндірушіні қолдау мақсатында дәстүр мен салтты дәріптеу үшін отбасымызбен осы «Тойбастар» атты бренді қалыптастырдық.  Біздің өндіріс Қостанай бойынша жалғыз. Тұсау кесу, сүдет той, қырқынан шығару, сырға салу, бесік той сынды жөн-жоралғыға арналған тауардың бәрі біздің дүкеннен табылады. Қазіргі таңда ұлттық нақышта жасалған әшекейлер сәнге кірген. Бастапқыда әшекейді жасамас бұрын, дизайн копьютер бетінде сызылады.  Сондан соң нобайы арнайы принтер арқылы басылады. туған нобай бойынша болашақ әшекейді тігеміз. Бір бұйымды жасау үшін бір күн уақыт кетеді», – деді Дария Кусекеева.
Кәсіпкердің айтуынша отбасылық бизнес 2015 жылы басталған. Бүгінде бұл кәсіпкерліктің жетістігі көп, 31 шілде мен 10 тамыз аралығында осы бұйымдар ЭКСПО көрмесіне қойылады.  

Айта кетелік, 2017 жылдың 20 қаңтарында «Астана EXPO-2017» ҰК» АҚ мен «Атамекен» ҚР ҰКП «Халықаралық көрмені өткізуге отандық бизнесті жұмылдыру»  атты арнайы Келісімге қол қойды.

Отандық өнімге шетел қонақтарының да қызығушылығы зор. Ирландиядан келген турист Бэн Финч жергілікті  хэндмэйд туралы өз ойын айтты.

«Мен Қазақстанға үшінші рет келуім. Мында сатып алған кәдесыйлар мен бұйымдарды мен міндетті түрде отаныма апарып, пәтерімнің төріне қоямын. Қазақстан туралы естеліктер сондай ыстық. Қазақстандық тауар өнідрушілердің өнімі өте сапалы. Мұнда табиғи материал қолданылады. Осы жолы Қазақстанға ЭКСПО-ға келдім, аккредиттеуден өткен соң журналист ретінде жұмысымды бастаймын», – деді  Бэн Финч.  

Бэн Финч жергілікті мемлекеттің бизнес қолдау бойынша жұмыстарды жоғары бағалап, өз еліндегі Invest Nothern Ireland бағдарламасы туралы айтып берді. Бұл ұйымның жұмысы «Атамекен» ҰКП атқарып жатқан жұмысқа ұқсайды. 

Осындай қолдау мен «ЭКСПО-2017» сынды орасан зор көрмелер арқылы отандық тауар өндірушілер жаңа деңгейге шығып, өз үлестерін ел дамуына қосып жатыр. Астана күнінде кәсіпкерлердің өнімдері қала тұрғындары мен қонақтарын қуантатыны сөзсіз. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер