«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Үкімет бизнес қауымдастықпен ашық диалогқа және бірлескен жұмысқа дайын — Бақытжан Сағынтаев

2017 жылғы 29 Қараша
3677 просмотров

Премьер-министр «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасының кеңейтілген отырысында бизнесті қолдау бойынша қабылданатын шаралар туралы айтты. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады

Талқылау барысында мемлекеттік-жекешелік серіктестік саласындағы заңнаманы жетілдіру, бизнесті мемлекеттік қаржылық қолдау шаралары, мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларға қатысу, импортты алмастыруды дамыту, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және цифрландыру, сондай-ақ Үшінші жаңғыртуға мамандарды даярлау мәселелері қаралды.

Өз сөзінде Бақытжан Сағынтаев бірлескен қызметтің негізгі бағыттарын белгіледі, сондай-ақ, диалог барысында туындаған сұрақтарға жауап берді.

Кәсіпкерлікті дамыту — Үкіметтің негізгі басымдығы. Бұл елдің экономикалық өсуінің жаңа моделін құрудың басты бағыты. 2050 жылға қарай шағын және орта бизнестің елдің ЖІӨ-дегі үлесі 50%-дан кем болмауын қамтамасыз ету туралы Мемлекет басшысының Үкімет пен бизнес қауымдастығы алдына қойған міндеттерін орындау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Үкімет бизнесті қайта реттеу, ШОБ іскерлік белсенділігін ынталандыру және отандық бизнесті қолдауға бағытталған іс-шараларды жетілдіру үшін жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр.

Премьер-Министр еліміздің аймақтарына жұмыс сапарлары аясында өңірлік кәсіпкерлер палатасының мүшелерімен кездесулер өткізілгенін айтып өтті. Жүйелік сұрақтардың тізімі жасалды, ол шамамен 500 сұрақтан тұрады. Бүгінде олардың шамамен 400-і шешілді, қалғандары бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Бақытжан Сағынтаев мамандарды даярлау мәселесіне қатысты елімізде технологиялық жаңару процесі бастау алғанын сөз етті. Ірі кәсіпорындар жаңғырту жұмыстарын қолға алды. Мамандарды осы сын-тегеуріндердің негізінде оқыту қажет. Бүгінде Атырауда шет тілдерін меңгерген мамандар даярлайтын колледж бар. Үкімет келер жылы әр облыс орталығында осындай мамандандырылған колледждер ашуды жоспарлап отыр. Келесі жылдан бастап осындай 20 колледж жұмыс істей бастайды.

Бақытжан Сағынтаев алдағы уақытта да Үкіметтің кәсіпкерлер қауымдастығымен барлық салаларда сындарлы жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

«Үкімет бизнес қауымдастығымен ашық диалогқа және бірлесіп жұмыс жасауға дайын. Бізде тек бір ғана жол бар — 2050 жылға қарай әлемнің ең озық дамыған отыз елінің қатарына қосылу», — деп сөзін түйіндеді Премьер-Министр.

Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев отырыста көтерілген мәселелерді зерделеу бойынша жұмыс тобын құруды тапсырды. Биыл желтоқсан айында отырыс қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстар туралы бірінші есепті тыңдау жоспарда бар.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер