Жастар жылында жас кәсіпкерлерге жақсы жаңалықтар көп болмақ
Бүгін кәсіпкерлер Палатасы өңірде кәсіппен айналысып жүрген және айналысуға ынтасы бар жас буынның басын біріктіріп, мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары туралы толық түсінік берді
Отырысқа «Нұр Отан» партиясы, «Жас Отан» жастар қанаты, «Даму» қоры, Жастар Кеңесінің төрайымы, Кәсіпкерлік басқармасы мен екінші деңгейлі банк басшылары қатысып, кездесуге келген 30-ға жуық жас кәсіпкерге шағын несие алу, олардың пайыздық мөлшерлерімен мен мүмкіндіктерін атап өтті.
Ел ауқымында кең етек жайған бағдарлама – «Бастау» жобасы, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының құрауышы «Бизнес Кеңесші», «Жас кәсіпкерлер мектебі» жобалары туралы Кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренерлері ақпараттандырып, бизнес негіздеріне оқуға шақырды. Жастардың назарына өз замандастары жүзеге асырған жобаларды таныстырды.
Кездесу соңында жастар кәсіп ашуда және жүргізуде тап болған кедергілерімен бөлісіп, қаржы институттары басшыларына тікелей сұрақтар қоя алды. Өз кезегінде, Жамбыл облысының Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлік бастамасы бар жастардың сауалдарына жауап беріп, тегін оқыту және бизнес-жоспар әзірлеуге, қаржы көздеріне қол жеткізуге, немесе мемлекеттік грант байқауына қатысуға сүйемелдеуге көмектесетін жеткізді.
«Жастар кәсіпкерлігі кеңесі жастарды кәсіпкерлікке баулу және оларға қолдау білдіру мақсатында құрылған. Қазірде ақпараттық, білім беру, техникалық қолдау, кеңес беру, оқыту мақсаттарында жұмыс істейді. 2018 жылы 500 колледж студентінің қатысуымен облыстың ірі кәсіпорындарына турлар ұйымдастырылды. 10 ауданда жастарға «Бастау», «Жас кәсіпкерлік мектебі», онлайн сервистік қызмет түрлерімен таныстыру жұмыстары жүргізілді. Кездесуге 300-ден астам жас қатысты. Кеңес әрдайым кәсіпкерлік бастамасы бар жастарды қолдауға әзір», – деп айтты Жастар кәсіпкерлігі кеңесінің төрайымы Айнұр Заурбекова.
Талай жұмыссызды оқытып, кәсіп ашуына сеп болған «Бастау» жобасы туралы да түсіндірілді.
«Жобаға қатысу үшін тест тапсырып, бір айлық тегін курстан өтесіз, кейін бизнес-тренердің сүйемелдеуімен жеңілдетілген несие алу ұшін қажеттерді жинайсыз. Оқыту тренинг жүзінде қызықты өткізіледі, маркетингтік талдау жасалады, сондай-ақ кәсіпкерлердің бизнесімен танысу арқылы, олармен тәжірибе алмасады. «Бастау» жобасына 18 жасқа толған жастар қатыса алады. Мәселен, сендердің құрдастарың Нұрсұлтан Шандығұл 21 жасында 3 миллион теңге жеңілдетілген несие алып, өз ауылында жылыжай ашты. Бүгінде ауыл тұрғындарын қияр, қызанақпен қамтамасыз етіп отыр», – деген бизнес-тренер Абылай Байзатов жастарды жобаға қатысуға шақырды.
Ал, облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық басқармасының басшысы Арнұр Мұхаметжанов «Бизнестің жол картасы- 2020» бағдарламасы ұсынған мемлекеттік грант байқауына қатысуға шақырды. Бөлінетін қаржының көлемі көп емес, алайда қатысушылар саны көп. Сол тізімнен мен жастарды көргім келеді, деді ол. Бастысы идея таңдаудан қателеспеу қажет.
Жастардың басым бөлігін кепілдік мәселесі алаңдатады. Бұл ретте «Даму» қоры кепілгер ретінде қатыса алатынын айтты. Яғни сізге қажетті соманың 85 пайызына «Даму» кепілдік етсе, қалған бөлігі тұтынушының өз қалтасынан ұсынатын болады. Мұндай ұсыныстар жас кәсіпкерлер үшін тиімді болмақ.
Кездесу соңында жастар кәсіп ашуға қажетті барлық мекемелерге сұрақтарын қоя алды. Сондай-ақ, Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы мұндай кездесулерді ай сайын өткізуді жоспарлап отыр.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: