«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қазақстанның пайдалы қазбалары қашанға дейін жетеді?

2023 жылғы 31 Мамыр
4731 просмотров

Қазақстан геологиялық барлау саласын дамыту үшін отандық әзірлемелермен қатар шетелдік стандарттарды да енгізетін болады.

«Атамекен» ҰКП Геология, тау-кен, көмір өндіру және металлургия өнеркәсібі комитетіне қарасты геология саласы қосалқы комитетінің кезекті отырысында осы саланы дамытуды Қазақстан Республикасының жалпыұлттық басымдықтарына енгізу мәселесі талқылады.

Осы жылдың 5 қаңтарында бұл мәселе ҰКП бастамасымен отандық кәсіпкерлер кеңесіне ұсынылды.  Негізгі мәселе «Жер қойнауын экономикалық өсудің драйвері ретінде қарастыру және халықтың әл-ауқатын арттыру» болды. Оны жалпыұлттық басымдыққа енгізу ұсынылды. Сараптамалық топ құрылды, оның құрамына кәсіпорын басшылары, сарапшылар, заңгерлер кірді. Сондай-ақ геологиялық сала қосалқы комитетінің жұмысы жанданды.

 Қосалқы комитеттің басшысы Азамат Шалабаев қазіргі езде геологиялық салада жағдай өте мүшкіл екенін айтты.  Қазақстанда пайдалы қазбалар қорларын толықтырудың деңгейі төмен, цифрландырудың қарқыны баяу, маман тапшылығы, жер қойнауын геологиялық зерттеуге ғылым үлесі аз, дамымаған инфрақұрылым, сала элементтерінің түрлі ведомстволар мен құрылымдар бойынша бытыраңқылығы және геологиялық барлауға шығындардың аздығы соған себеп.  

«Салалық бағдарламалардағы міндеттер «Қазақстан-2050» стратегиясының талаптарына жауап бермейді және оларды іске асыра алмайды. Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында жеке басымдық ретінде геологиялық барлау саласы жоқ. Осыған байланысты 11-ші ұлттық басымдықты қосу жолымен геологиялық барлаудың статусын арттыру не стратегиялық міндеттерді іске асыруға бағытталған іс-шараларды қоса отырып, 8-ші басымдықтағы міндеттер тізбесін кеңейтуді ұсынамыз», – деді Азамат Шалабаев.

Қосалқы комитеттің басшысы өскелең ұрпақ үшін қор құру және қазіргі уақытта экономиканы әртараптандыру мақсатында елдің ресурстық базасын кеңейту үшін геологиялық саланы дамытудың ұсынылған жолдарын белгіледі. Олардың бірі – геологиялық инфрақұрылымды құру үшін түрлі құрылымдарды біріктіру мақсатында «Ұлттық геологиялық қызмет» акционерлік қоғамының базасында геологиялық кластер құру.

Жиында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Геология комитетінің төрағасы Ақан Ақбаров тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның геологиялық барлау саласында елеулі өзгерістер болғанын атап өтті. Геологиялық барлауды қаржыландырудың заңнамалық базасы мен жүйесі реформаларға ұшырады. Реформа нәтижесінің бірі мемлекет геологиялық барлаудың алғашқы кезеңдері бойынша жер қойнауын зерттеуді өз бетінше орындай отырып, кен орындарын барлауды жүргізуді жер қойнауын пайдаланушылардың өзіне жүктеп, саланы қаржыландыруды күрт қысқартты.

«Бұл шара жер қойнауын зерттеу және елдің минералды-шикізат базасын толықтыруда кейбір нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Қазақстан тәуелсіздігі кезеңінде жер қойнауын пайдаланушылар жүргізген геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесі бойынша пайдалы қазбалар қорларын мемлекеттік есепке алғаш рет көмірсутек шикізатының 141 кен орны, қатты пайдалы қазбалар бойынша 213 кен орны қойылды. Алайда, жеке ұйымдар барлау кезінде анықтаған қорлардың көлемі көмірсутектер мен пайдалы қазбалардың жекелеген түрлерін қоспағанда, өтелген қорларды өндіру көлемін өтемейді. Нәтижесінде қорлардың аз толуы Қазақстанның геологиялық барлау саласының қазіргі жағдайының ерекшелігі болып отыр», – деді сала басшысы.

 

«Егер қазір саланы дамыту үшін барлық күш-жігер жұмсалмаса, онда «іздеу саласының» толық сарқылуы алдағы 10 жыл ішінде болады. Бұл ретте жаңа кен орнын ашу үшін тиісті қаржыландырумен кемінде 10-15 жыл үздіксіз геологиялық барлау қажет болады», – деді спикер. 

Министрліктің өкілдері «іздестіру негізін» қалыптастыру мақсатында геологиялық барлау жұмыстары, оның ішінде мемлекет жүргізетін ерте кезеңдердің көлемін едәуір ұлғайту қажет екеніне сенімді. Сондай-ақ геологиялық барлаудың ерте кезеңдерін жүргізу моделін оның тиімділігіне баса назар аудара отырып қайта қарау қажет.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының кеңесшісі Жандос Әбішев тау-кен-металлургия кешені және геология саласы ҰКП барлық қызметінің бірінші басымдығында екенін, палата бизнесті дамыту тұрғысынан елдің барлық саласын жетекшілік ететінін атап өтті. Осы салада ғылым мен технологияны дамыту қажеттілігі де айқын.

«Құзыретті органның позициясы өте маңызды және Біз ҚР ИИДМ геология комитетімен жұмыс істеуде консенсус таптық. Бізде іс жүзінде келіспеушілік жоқ, көптеген бағыт бойынша көзқарасымыз бір. «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Райымбек Баталов геологиялық-барлау саласын дамытуды қолдап, геологиялық-барлау тергеулерінің заманауи әдістерін дамыту қажеттігіне баса назар аударды», – деді Жандос Әбішев.

 Сондай-ақ, ол ТМК саласындағы қытайлық әріптестермен ынтымақтастық және ғылыми-технологиялық орталық, оның ішінде геология саласында бірлесіп құрудың маңызЫН атап өтті.

«Геологиялық барлаудың заманауи әдістері үлкен рөл атқарады. Қазақстан отандық әзірлемелердің ғана емес, сондай-ақ шетелдік әзірлемелер мен стандарттарды белсенді түрде енгізудің ең шыңында, ең озық позицияларында болуы қажет. Қабылданған шешімдерді нақты іске асыруға көшу керек», –деп қорытындылады спикер.

Жиынға қатысқан ғылыми және ғылыми-білім беру ұйымдарының өкілдері (Қ. И. Сәтбаев атындағы ГҒИ, У.М. Ахмедсафин атындағы гидрогеология институты, ҚазҰТУ, Назарбаев Университет, ҚарМТУ, ҚБТУ, ШҚМТУ, Семей геологиялық барлау колледжі және т. б.) геология саласы басшыларының ұсыныстарын қолдады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер