Қызылордада «Қазақстанның үздік тауары - 2023» өңірлік көрме-байқауының жеңімпаздары анықталды
Қызылордада жергілікті тауарөндірушілердің өнімдерінен көрме өтіп, үздіктері анықталды.
Шараға облыс әкімінің орынбасары Балмейір Сансызбайұлы, Өңірлік кеңес мүшелері, байқау сарапшылары мен кәсіпкерлер қатысты.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Қазақстанның үздік тауары – 2023» өңірлік көрме-байқауына 80 кәсіпкер қатысуға өтінім беріп, көрмеге 64 кәсіпкер қатысты.
Байқауға Қазақстан Республикасының аумағында тауарлар өндірумен (қару-жарақ пен әскери техника өндіруді қоспағанда) айналысатын және өнім сапасының тұрақты жоғары деңгейін қамтамасыз ету және оны жүйелі түрде жақсарту жөнінде оң нәтижелері бар дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қатыса алады.
Құрамында бизнес, мемлекеттік орган өкілдерінен тұратын сарапшылар байқауға қатысушылардың өнімдерімен танысып, бағалау жұмыстарын жүргізді, үш номинация бойынша жеңімпаздарды анықтады.
Нәтижесінде:
- «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы бойынша: әк тасын өндіретін «ОСТ - ОрдаСтройМаркет» ЖШС, дайын металл бұйымдарын шығаратын «Қызылорда дизайн» ЖШС, ас үйге арнадған қыш жабындар (раковина) әзірлеумен айналысатын жеке кәсіпкер «Nomad»;
- «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша: күріш өндірісімен айналысатын «Жаңажол» ЖШС, тұз өндіретін «Алтын орда» ЖШС, күрішті өсіріп, өңдеуші «Асыл дәне ЛТД» ЖШС;
- «Халық арналған үздік тауарлар» номинациясы бойынша: түйе жүнінен төсек-жабдық дайындайтын жеке кәсіпкер «Жұмашева Индира», «Қазалы кәмпитін» өндіретін жеке кәсіпкер «Қазбергенов», кондитерлік өнімдер шығаратын жеке кәсіпкер «Тәтті әлем» жеңімпаз атанды.
Облыс әкімінің орынбасары жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен телевизордың сертификатын табыс етті.
Өңірлік кеңес төрағасы Ерлан Райымов пен облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Жанар Берденова өзге қатысушыларға алғыс хаттар табыс етті.
«ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы мен «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының облыстық шарасына қатысуға ниет білдірушілердің қатары, сондай-ақ республикалық деңгейде жеңімпаздардың қатары жыл өткен сайын артып келеді», – дейді Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов.
Сондай-ақ, көрмеде қолөнер шебері Роза Әлбатырова түкті кілем тоқудан, суретші-қолөнерші Малика Сұлтанғазина иірілген құрғақ жүннен басу техникасында панно, сәнді қолөнер, кәде-сый, ойыншықтар, аксессуарлар жасау, «Резин арт» және барельеф техникасы арқылы эпоксидті шайырмен суреттер мен декор элементтерін салу, кенептерді, шыныаяқ ұстағыштарды, табақшаларды безендіру, былғары және поталь, аралас техникада декорация жасау,сурет салу әдісі бойынша мастер-класс ұйымдастырды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: