«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шымкенттің Бас жоспары кәсіпкерлермен бірге талқыланды

2024 жылғы 26 Қаңтар
- Шымкент қаласы
9020 просмотров

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында Құрылыс және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық салалық кеңесінің отырысы өтті. Жиынға Палата басшылығы, қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы мен қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының жетекшілері, кәсіпкерлер қатысты.

Жиында Шымкент қаласының 2035 жылға дейінгі Бас жоспары кәсіпкерлерге таныстыру және құрылыс секторындағы тексерулердің механизмдері және кәсіпкерлердің тексерулерге дайындық мәселесі талқыланды.

Бірінші тақырып бойынша қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшының орынбасары Арман Әбдешов баяндама жасап, 2023 жылдың 17 қазаны күні ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген жаңа Бас жоспарда Шымкент қаласы тұрғындарының саны 2035 жылға қарай 1,2 млн адамнан 1,9 млн тұрғынға жету болжамы қаралғанын айтты.

«Бас жоспардың негізгі ерекшелігінің бірі – қаламыз полицентрлік бағытта дамиды. Яғни, 5 ауданның әрқайсысының өз орталығы, саябақтары, барлық әлеуметтік инфрақұрылымы, жайлы ортасы болмақ. Жоспарлы 15 жылдық мерзімде 31 млн 610 мың шаршы метр тұрғын үй қоры қаралып, олардың 80 пайызын көп қабатты үй құрайды. Жалпы қаланың даму әлеуеті солтүстік бағытта дамып, Тұран, Шымкент-сити шағынаудандарын қамтиды. Құрылыстың бірінші кезеңінде, 2027 жылы қаланың өнеркәсіптік аймақтарының аумағы 3 170 гектарға ұлғаяды деп күтілуде. Жаңа өндірістік аймақтар желдің бағыты ескеріле отырып қаланың батыс бөлігінде болады», – деді Арман Әбдешов.

Баяндамадан кейін кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Атап айтқанда олар қазіргі өндірістік нысандардың орнына Бас жоспар бойынша жасыл желек аймағының орналасуы, санитарлық қорғау аймақтары, қоғамдық көлік тұрақтары мен көшелердегі кептеліс проблемасын шешу, көп қабатты үйлердің құрылысы секілді мәселелер толғандыратынын жеткізді.

Бұл сұрақтарға жауап берген «Градкомплекс» ЖШС өкілі Арман Әзімбаев Бас жоспарда қаланың болашақтағы даму бағыты қамтылғанын, ал құрылыс пен өндіріс және басқа да салаларда туындайтын мәселелер егжей-тегжей жоспарлау жобаларын жүзеге асыру барысында қарастырылатынын айтты.

Оның айтуынша, егжей-тегжей жоспарлау жобасын жылына екі рет жүзеге асыру қаралған.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Жасұлан Мамырбеков сөз алды.

«Біздің басқарма салынып жатқан құрылыс барысында мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау-қадағалау жүргізеді. Барлық тексеру ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сай жүзеге асырылады. Бұған дейінгі мораторий кезінде құрылысқа қатысты арыз-шағым түскен жағдайда жергілікті атқарушы орган шешімінің негізінде тексеру жүзеге асырылған болатын. Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабында көрсетілгендей, адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне төнген тікелей қауіптің алдын алу немесе оны жою мақсатында нақты субъекті немесе объектіге қатысты көрсетілген нақты фактілер мен мән-жайлар бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізіледі. Яғни, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттік органдардың сенімді негіздері және растайтын дәлелдемелері болуы тиіс», – деді Жасұлан Мамырбеков.

Жиын соңында кәсіпкерлер өз сұрақтарын қойып, мемлекеттік орган өкілдерінің жауабын алды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер