«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкерлер биыл тексеру саны көбейеді деп алаңдайды

2024 жылғы 26 Қаңтар
- Жамбыл облысы
4830 просмотров

Биылдан бастап елімізде шағын кәсіпкерлік субъектілеріне тексерулер мен профилактикалық бақылау жүргізуге мораторий мерзімі аяқталды. Осыған байланысты кәсіпкерлік субъектілері тарапынан резонанстарды болдырмау және оларды ақпараттандыру мақсатында облыстық Кәсіпкерлер Палатасы мемлекеттік органдармен бірлесіп, тексеру жұмыстарын жүргізудегі талап-тәртіпті түсіндіру мақсатында кездесу өткізді.

Айта кетейік, "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнестің мемлекеттік органдармен келіссөздер күшін нығайтып, кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауды, бизнес жұмысының заңнамалық және өзге де нормативтік қағидаларын қалыптастыру процесіне барлық кәсіпкерлерді қамтамасыз етеді. Кездесуге Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев, облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері, бақылаушы және мемлекеттік атқарушы органдар және кәсіпкерлер қатысты.

Бизнес нысандарға жүргізілген тексерістерге тоқталған облыстық Кәсіпкерлер Палатасы директорының орынбасары Нұралы Ергебаев өткен жылы 5 заңсыз тексеру анықталғанын айтты.

«Кәсіпкерлік субъектісінің қатынастарында бақылау органдарының лауазымды адамдары тексеру жүргізу тәртібін бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 175-бабында лауазымды адамға жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, ал қайталанған жағдайда 25 айлық есептік көрсеткіш айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік көзделгенін атап өткен жөн. Мәселен, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің мәліметтері бойынша 2021 жылы мемлекеттік органдар кәсіпкерлерге қатысты 1182 тексеру жүргізген. Оның 405-і шағын кәсіпкерлік объектілеріне қатысты болса, 442 орта және 335 ірі кәсіпкерлікте болған. 16 заңсыз тексеру анықталды және 4 тексеруді тіркеуден бас тартылды. 2022 жылы мемлекеттік органдар 1077 тексеру жүргізіп, департаментпен 4 заңсыз тексеру анықталды. Ал, өткен жылы мемлекеттік органдар тарапынан 843 тексеріс болған. Департаментпен 5 заңсыз тексеру анықталды және 2 субъектіге қатысты тексерулерді тіркеуден бас тартылды. Мораторий кезеңінде 3 жылдағы статистикадан 2023 жылы шағын бизнеске қатысты тексерулердің ең көп саны тіркелгенін байқауға болады. Өткен жылы Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасына 161 өтініш келіп түсті. Оның ішінде бизнесті қорғау желісі бойынша 91 өтініш қаралып, нәтижесінде 33-і оң шешімін тапты. Өтініштерді сараласақ, мемлекеттік сатып алу саласына 22 проблема, жерге қатысты 11 мәселе туындаған, мемлекеттік органдарға 16, құқық қорғау органдарына 6 шағым және басқа да мәселелерге байланысты 36 өтініш түсті. Өткен жылы 1 миллиард 637 миллион 97 мың теңгенің мүліктік құқықтары қорғалды. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің 10 отырысы өткізіліп, 14 мәселе қаралды. Олар бойынша бизнесті жүргізу жағдайларын жақсартуға және аталған саладағы әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталған 19 ұсыным әзірленді. Қаралған 14 сұрақтың ішінен 8 сұрақ оң шешілді», – деген Нұралы Ергебаев Кәсіпкерлер Палатасы биылғы бірінші жартыжылдықта бақылау субъектісіне бара отырып, профилактикалық бақылау жүргізудің жартыжылдық тізіміне талдау жасағанын жеткізді.

Облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы бизнес субъектілерінің құқықтарын қорғау прокуратураның басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

«Осы жұмыстың тиімділігін арттыру үшін облыс прокуратурасы мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл ұйымдастырған. Прокуратура жанында бақылаушы органдардың, қоғамдық ұйымдардың және Мәжіліс депутаттарының қатысуымен Сараптамалық кеңес жұмыс істейді. Оған қоса әр прокуратураның жанында Фронт-офистер бар. Біздің бірлескен жұмысымыз өзінің нәтижелерін көрсетуде. Мораторийдің аяқталуы негізсіз тексеруге себеп болмауы қажет. Әр тексеру прокуратура органдарының ерекше бақылауында болады. Кәсіпкерлер палатасымен бірге бизнес субъектілерінің проблемаларын шешу бойынша жұмыс биыл жандандырылатынына сенімдімін. Қазіргі уақытта прокуратура органдарында жаңа жоба әзірленуде. Ол – Прокурорлық сүзгі. Осы жоба шеңберінде орта және ірі бизнеске қатысты бақылаушы органдардың барлық тыйым салу және шектеу шаралары енді прокуратура органдарымен келісілуі тиіс. Кіші бизнес те шетте қалмайтынын атап өту керек. Құқықтық кеңес және қорғау сұрақтары бойынша кәсіпкерлер облыс прокуратурасының сайты мен әлеуметтік желілеріне шығып, жауапты қазметкерлердің телефон нөмерлеріне қол жеткізе алады», – деді Нұрбек Ұласбекұлы.

Басқосу барысында кәсіпкерлер көкейдегі сауалдарын қойып, мемлекеттік орган өкілдері заң талаптарын түсіндіре отырып, тиісінше жауап берді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер