«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Астанада кәсіпкерлер мен өнеркәсіп өкілдеріне қандай қолдау көрсетіледі?

2025 жылғы 06 Наурыз
- Астана қаласы
738 просмотров

Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасында «Өнеркәсіп, даму және ОТП қолдауы» салалық кеңесінің отырысы өтті. Жиынға мемлекеттік қорлардың, даму институттарының және елорданың бизнес-қоғамдастығының өкілдері қатысты. Іс-шара барысында өнеркәсіп секторының өзекті мәселелері, кәсіпкерлерді қолдау шаралары және саланың одан әрі даму перспективалары қарастырылды.

Отырыстың негізгі мәселелерінің бірі – отандық өндірушілерге қолжетімді қаржыландыру тетіктері болды. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Азат Абайдильдин мемлекеттік қолдау шаралары мен өндірісті ынталандыруға бағытталған қор бастамалары туралы айтып берді.

Өнеркәсіпті дамыту қоры өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасы аясында өз қызметін жүзеге асырады. Қор қолданыстағы өндірісті жаңғыртуға, сондай-ақ жаңа өндірістерді құруға бағытталған ұзақ мерзімді қаржыландыруды жеңілдетілген шарттармен ұсыну арқылы кәсіпорындарға қолдау көрсетеді, – деп атап өтті Азат Абайдильдин.

Өнеркәсіпті дамыту қоры Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2020 жылдың 11 мамырында құрылды, ал 2021 жылдың желтоқсанында «Өнеркәсіптік саясат туралы» ҚР Заңы қабылданды. Аталған нормативтік акт қордың мәртебесін, міндеттері мен қызмет бағыттарын айқындайды. Қордың негізгі миссиясы – өнеркәсіп секторы мен инфрақұрылымын дамыту арқылы ұлттық әл-ауқатты арттыру.

Кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау шаралары туралы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Астана қаласы бойынша аймақтық филиалы директорының орынбасары Руслан Сламхан баяндама жасады.

Бүгінде бізде бірыңғай кешенді бағдарламалар бар, онда біз шағын, орта және ірі кәсіпкерлікті, сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдаймыз, – деп атап өтті ол.

Руслан Сламхан бизнесті қолдауға арналған қолжетімді қаржыландыру құралдары мен Қазақстанда бәсекеге қабілетті кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік шараларды таныстырды.

«Astana» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Бақытбек Кабжанов әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жүзеге асырып жатқан кәсіпкерлерді қолдау шараларын ұсынды. Өз кезегінде, инвестицияларды тарту және активтерді басқару бөлімінің басшысы Павел Княжев кеңестің Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері туралы айтты.

Астана кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Әлин елордада бизнесті дамыту бойынша жүйелі жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Осындай кездесулер бизнес, мемлекет және ғылым арасында тиімді өзара іс-қимылды дамытуға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде Астанадағы өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Нарықтың негізгі ойыншылары арасындағы диалог отандық кәсіпорындардың тұрақтылығын арттыру, инвестициялар тарту және инновациялық технологияларды енгізу үшін оңтайлы шешімдер табуға мүмкіндік береді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер