«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Маңғыстау облысының жаңа белестер: «Кәсіпкерлік үйі» бизнеске серпіліс бермек

2025 жылғы 07 Сәуір
676 просмотров

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында Маңғыстау облысы Шетпе ауылында «Кәсіпкерлік үйі» ашылды.

Аталмыш нысан ұлттық қолөнерді дамытып қана қоймай, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында жергілікті кәсіпкерлердің басын біріктіріп, олардың ісін әрі қарай дамытуға қолдау көрсететін болады.

Орталықтың ашылуына жергілікті билік өкілдерімен қатар, Маңғыстау облысы «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының директоры Рашит Мұстапаев және өңір кәсіпкерлері мен ауыл тұрғындары келді. Ғимараттың салтанатты лентасын қиюға өңірге аты мәлім 87 жастағы шебер қолөнерші Шархат Төлемісова арнайы қатысты.

Жиында Маңғыстау облыстық «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының директоры Рашит Мұстапаев кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтарға көрсетілетін қолдау жайына тоқталды. Оның айтуынша, өңірдегі 211 кіші кәсіпкерліктің 40-қа жуығы қолөнермен айналысады.

«Жаңа ғимараттың бір бөлмесінде өрмек, ши тоқылса, енді бірінде ұлттық киім тігіліп, құрақ көрпе дайындалады, ағаш шеберлері де осы орталықтан табылады. «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының қызметкерлері бизнес бойынша кеңес беріп, маңызды кездесулер мен ауқымды семинар-тренингтер өткізілетін болады», - дейді Рашит Мұстапаев.

Айта кетейік, Маңғыстау ауданында 3019 шағын және орта кәсіпкерлік субьектісі бар. Оның ішінде 30 адам жалпы көлемі 44 млн 304 мың теңге қайтарымсыз грант алып кәсібін жүргізіп отыр. Ал, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасымен даму қаржылай қолдау қоры арқылы 29 жоба мақұлданып, 1 млрд 129 млн теңге қаржы берілсе, «агробизнес және іскер» бағдарламасымен 15 адам 187 млн теңге несие алды.

Бұған дейін облыс, аудан, ауыл кәсіпкерлері өз өнімдерін ұсынатын жәрмеңке алаңы қолданысқа берілген болатын. Маңғыстау облысында бизнесті қолдайтын, экономикалық өркендеуге үлес қосатын мұндай шаралар одан әрі өз жалғасын таба бермек.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер