«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Made in KZ: Қазақстандық өндірушілер құрылыс материалдарының импортын шектеуге қол жеткізді

2025 жылғы 13 Мамыр
820 просмотров

Қазақстандық өндірушілер өнімді импорттауға тыйым салуды енгізуге қол жеткізді. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында үшінші елдерден тастан жасалған бұйымдар мен гипсокартон импортына тыйым салуды енгізуге қатысты тауар ағынын реттеудің жаңа шаралары қаралып, қолдау тапты.

Жаңа шара уақытша импорттық шектеулер жағдайында өз өнімдерінің ағымдағы бағасын ұстап тұруға дайын екендіктерін растаған отандық өндірушілерді қолдауға арналған. Бұл тыйым үш ай бойы күшінде болады және отандық құрылыс материалдары нарығындағы тұрақтылықты нығайтуға бағытталған. Шектеулер тастан жасалған бұйымдардың жекелеген түрлеріне әсер етеді. Атап айтқанда, ескерткіштер мен құрылыстар үшін қолданылатын гранит, жол жиектері, брусчатка және басқа да ұқсас бұйымдар.

Өңдеу өнеркәсібі департаментінің сарапшысы Гүлмира Қажыбекова атап өткендей, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл мәселені 2024 жылдан бері белсенді түрде көтеріп келеді. Палатаның табанды және жүйелі жұмысының арқасында аталмыш мәселе 21 қаңтарда Ведомствоаралық комиссияның талқылауына ұсынылды. Отырыста ұсыныс қазақстандық кәсіпорындардың нақты мүмкіндіктеріне негізделіп, бүгінгі таңда еліміздің ішкі қажеттіліктерін толықтай дерлік қамтамасыз етіп отырғаны айтылды.

Осылайша, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының белсенді қатысуымен «Сауда қызметін реттеу туралы» ҚР Заңы шеңберінде Ұлттық өндірушілердің мүддесі үшін уәкілетті орган тиісті нормативтік-құқықтық актіні әзірлейтін болады.

Мәселен, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 95,2 мың тонна брусчатка өндіріліп, ішкі тұтыну көлемі 58,76 мың тоннаны құраған. «Qazaq Stone» Қазақстанның тас өңдеу өнеркәсібі одағының мәліметінше, отандық өндірушілердің қуаты ел сұранысын толығымен өтейді.

Гипсокартон мәселесінде де жағдай осыған ұқсас. Өткен жылы ішкі сұраныс 38,8 млн м² болса, 35,5 млн м² өндірілді, ал қазіргі қуаттылығы шамамен 46 млн м².

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық бизнес үшін тең бәсекелестік жағдай жасаудың маңыздылығына тоқталып,  бастаманы қолдады. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі қазірдің өзінде тиісті нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуде.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер