«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ауыл шаруашылығын жаңғыртуға бағытталған жоба: Түркістанда “Республикалық топырақ орталығы” зертханасы жұмыс істеуде

2025 жылғы 14 Мамыр
- Түркістан облысы
315 просмотров


2023 жылғы 14 шілдеде Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының қолдауымен ауыл шаруашылығы саласына тың серпін берген маңызды жоба – «Республикалық топырақ орталығы» зертханасы ашылған болатын. Зертхананың басты мақсаты – топырақ сапасын анықтау арқылы өнімділікті арттыру, дихандар мен малшылардың агробіліктілігін дамыту.

Ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығы алқаптарына агрохимиялық сараптама жүргізілмегені, соның салдарынан тыңайтқыштардың бейберекет қолданылуы топырақтың құнарлылығының төмендеуіне себеп болды. Бұл – өнім көлемінің жылдан жылға азаюына әкелген күрделі мәселе. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында ашылған зертхана бүгінде егін шаруашылығындағы ғылыми мәселелерді пилоттық жобалар негізінде шешуге атсалысуда.

Зертхана тек жерді зерттеумен шектелмей, бағбандар мен диқандардың біліктілігін арттыру бағытында да жүйелі жұмыс жүргізуде. Түркістан облысының аудандарында орналасқан көптеген егін алқаптары зертхана мамандарымен бірлесіп сынамалық зерттеуден өтуде.

2024 жылы зертхана 2,2 мың гектар суармалы жерге (320 шаруашылық) зерттеу жүргізіп, химиялық тыңайтқыштарды қолданудан бас тартып, органикалық негіздегі тәсілдерге көшті. 2025 жылы бұл көрсеткіш ұлғайып, 4,5 мың гектар жерді қамтыған 450 шаруашылықпен бірлескен жұмыстар жүргізілуде.

Агро-кеңес беру орталығының жетекшісі Нұрлыбек Боранбаевтың айтуынша, бұл орталық ауыл шаруашылығы саласындағы үлкен қажеттіліктен туындаған:

«Соңғы жылдары топырақтың құнарлылығы елеулі түрде төмендеп кетті. Бұл өнім сапасына да, көлеміне де әсер етуде. Біздің басты мақсатымыз – диқандар мен шаруаларға нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, тиімді шешім қабылдауға көмектесу. Зерттеу нәтижелері арқылы агротехнологияны дұрыс қолдануды үйретіп, шығынды азайтып, өнімділікті арттыруға жол ашамыз», – дейді ол.

Айта кету керек, зертхана Шымкент қаласындағы М.Ауезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің базасында орналасқан. Бұл – ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, ауыл шаруашылығының жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашатын маңызды қадам.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер