«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қарағандыда «Мамандық» оқу орталығы ашылды: кәсіпкерлер палатасының қолдауымен

2025 жылғы 28 Мамыр
- Қарағанды облысы
1176 просмотров

Қарағанды қаласындағы «Жилкомхоз-2030» ЖШС базасында «Мамандық» оқу орталығы өз жұмысын бастады. Орталықты ашу бастамасы кәсіпорын тарапынан көтерілсе, оның ұйымдастырушылық және әдістемелік сүйемелдеуін Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы қамтамасыз етті.

Оқу орталығы сұранысқа ие жұмысшы мамандықтар бойынша — атап айтқанда, электрмонтерлер мен дәнекерлеушілерді даярлауға бағытталған. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша алғашқы топта 20 тыңдаушы білім алып жатыр. Жақын арада тағы 10 адам қабылданады деп жоспарлануда.

— Біз кәсіпорындарды идеядан бастап іске қосылғанға дейінгі барлық кезеңде сүйемелдейміз: құжаттармен, оқу бағдарламаларымен, тіркеу рәсімдерімен және мемлекеттік тапсырысты алуға көмектесеміз. Бұл тәсіл бизнестің кадр тапшылығын өз күшімен шешуіне мүмкіндік береді, — деп атап өтті Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Азамат Торехан.

Оқу орталығының жетекшісі Бөлтірік Жаубасовтың айтуынша, Палатаның қолдауынсыз бұл жобаны іске асыру қиын болар еді:

— Бізге оқу бағдарламаларын әзірлеуде, құжаттарды ресімдеуде және тіркеуден өту барысында жан-жақты көмек көрсетілді. Барлық процесс нақты және уақытылы орындалды.

Жоба өндірістегі кадр тапшылығын жоюға жауап ретінде жүзеге асырылды. Кәсіпорын қажетті мамандарды өзі даярлау үшін оқу базасын құрды. Оқу ересек тұрғындар үшін де қолжетімді.

— Мен бұрыннан мамандығымды өзгерткім келді. Қазір электрмонтер мамандығы бойынша оқып жүрмін. Оқытушылар түсінікті әрі қазақ және орыс тілдерінде сабақ береді, әсіресе Асель Маратовна өте жақсы түсіндіреді, — дейді 50 жастағы тыңдаушы Назым Кабдуллаева.

Көптеген тыңдаушылар оқу туралы ақпаратты Қарағанды қаласындағы Карьералық орталық арқылы алған.

— Мен жаңа мамандық алғым келді, сол үшін Карьералық орталыққа жүгіндім. Электрмонтер мамандығына қызығушылық таныттым, маған «Мамандық» оқу орталығында оқу ұсынылды. Құжаттарымды жылдам рәсімдеп, оқуға кірістім. Оқытушылар мықты, материалды нақты әрі пайдалы түрде түсіндіреді. Оқу форматы маған өте ұнады, — дейді тыңдаушы Дмитрий Дятчин.

Жоба Жұмысшы мамандықтар жылы аясында іске асырылып, бизнес, кадрлар даярлау жүйесі және қолдау институттары арасындағы тиімді ынтымақтастықтың нақты үлгісіне айналды. Алдағы уақытта оқыту бағыттарын кеңейтіп, дуальды форматты — өндірістік тәжірибемен біріктірілген оқытуды енгізу жоспарлануда.

Айта кетейік, оқу орталығы тек кәсіпорынның кадр мәселелерін шешіп қана қоймай, қала тұрғындары үшін де жұмысқа орналасу мүмкіндігін ашып отыр. Орталықтың түлектері тек осы кәсіпорында ғана емес, өңірдегі еңбек нарығында да сұранысқа ие болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер