«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Есептіліктегі орнықты даму: Қазақстан ҚЕХС S1, S2 стандарттарын енгізуде

2025 жылғы 18 Маусым
568 просмотров

«Атамекен» ҰКП жанындағы Орнықты даму және ESG жөніндегі кеңес аясында орнықты даму саласындағы халықаралық стандарттарды – IFRS S1 және S2 енгізу перспективалары талқыланды.

Жиынға IFRS Sustainable Alliance, Ұлттық Банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Қаржы министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі, халықаралық ұйымдар, бизнес және сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.

Орнықты даму және ESG жөніндегі кеңестің төрағасы Юлия Якупбаеваның айтуынша, Қазақстанның орнықты даму саласындағы IFRS S1 және S2 стандарттарына қосылуы – инвесторлар мен қаржы институттарына қажетті ақпаратты ашу жүйесін қалыптастырудың маңызды қадамы.

«Бұл ретте көшу процесі бизнес пен салалық мемлекеттік органдармен қатар, Қазақстан экономикасы мен заңнамасының ерекшеліктерін ескере отырып жүргізілуі тиіс. Біз бұл үдерісті біртіндеп – бизнеске артық жүктеме түсірмей, бірақ халықаралық үрдістерден де қалыс қалмай қалыптастыруымыз қажет», – деп атап өтті Юлия Якупбаева.

IFRS Foundation өкілі Нэйл Стюарт халықаралық стандарттарды енгізу тәжірибесі туралы баяндады. Оның айтуынша, қазіргі таңда 40-тан астам юрисдикция, соның ішінде Еуроодақ, Ұлыбритания, Бразилия, Канада, Түркия, Индонезия және басқа да елдер IFRS S1 және S2 стандарттарын енгізуге ресми ниет білдірген.

«Бұл стандарттардың мақсаты – инвесторлардың саналы шешім қабылдауына мүмкіндік беретін орнықтылық туралы ақпаратты ашудың бірыңғай негізін құру. Бұл – көміртегі бейтараптығына, орнықты қаржыландыруға және жауапты бизнесті дамытуға ұмтылатын елдер үшін өзекті», – деді ол.

Орнықты даму саласындағы қызметтер департаментінің директоры, EY Қазақстан компаниясының өкілі Юрий Тимонин стандарттардың мазмұны мен қолдану ерекшеліктерін таныстырды. Ол бұл стандарттардың стратегия, басқару, тәуекелдер мен метрикаларды біріктіретін құрылымдық тәсіліне және қолданыстағы корпоративтік есептілік жүйелерімен үйлесімділігіне назар аударды.

«S1 және S2 стандарттары компанияларға қаржылық емес көрсеткіштерді жүйелі түрде ашуға мүмкіндік береді. Бұған дейін TCFD немесе SASB қолданған компаниялар ISSB талаптарына аз өзгеріспен бейімделе алады. Ең басты мәселе – деректердің сапасын қамтамасыз ету, компания ішіндегі әртүрлі функциялардың қатысуы және кадрларды даярлау», – деді Юрий Тимонин.

Қаржы министрлігінің Бухгалтерлік есеп, аудит және бағалау әдіснамасы департаментінің директоры Анар Калиева реттеуші органның ұстанымы туралы айтып берді. Оның айтуынша, министрлік заңнамаға өзгерістер дайындап, стандарттарды кезең-кезеңімен енгізу жөніндегі ұлттық жол картасының жобасымен жұмыс істеуде.

«Ең алдымен, біз орнықты есептілік стандарттарын қолдану жөнінде ережелер енгізілетін бухгалтерлік есеп туралы заңға толықтыру енгізуді көздеп отырмыз. Келесі кезеңде талаптар қолданылатын салалар мен компаниялардың өлшемі айқындалатын болады. Жол картасының жобасын бизнес және салалық қауымдастықтармен, «Атамекенмен» бірлесіп талқылауды жоспарлап отырмыз», – деді Анар Калиева.

Қатысушылар халықаралық стандарттарды кезең-кезеңімен енгізу идеясын қолдап, талқылауларды жалғастыруға дайын екендерін білдірді. Орнықты даму және ESG жөніндегі кеңес мемлекеттік органдар, бизнес пен сарапшылар арасында өзара іс-қимылды үйлестіру алаңы болуға дайын екенін растады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер