«Кәсіби маман» өңірлік кезеңінің жеңімпаздары Павлодар облыстық «Атамекен» палатасында марапатталды
Бұл байқаудың қорытындылары Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының әлеуметтік мәселелер жөніндегі салалық кеңесінің отырысында жария етілді. Жиында Палата директоры Ерқанат Абенов өңір кәсіпорындарының мамандарға деген қажеттілігіне жүргізілген мониторинг нәтижелерін таныстырды. Шараға Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова қатысты.
Кәсіпкерлер палатасы жыл сайын жұмыс күші бойынша қажеттілік пен ықтимал босау үдерістерін зерттеу мақсатында мониторинг жүргізетінін атап өтті Ерқанат Абенов. Биыл Павлодар облысы бойынша сауалнамаға 1602 жұмыс беруші қатысқан, оның ішінде 748-і – жеке кәсіпкерлер, 854-і – заңды тұлғалар. Зерттеу нәтижесінде 2025–2027 жылдарға арналған кадр қажеттілігі 3312 адамды құрап отыр.
«Анықталған қажетті мамандықтардың ішінде ең үлкен сұраныс Павлодар қаласында – 1614 адам немесе 48 пайыз, Екібастұзда – 641, Ақсу қаласында – 455 адам. Бұл үш қаладағы жоғары сұраныс өндірістік кәсіпорындардың шоғырлануымен, дамыған инфрақұрылымымен және іскерлік белсенділікпен байланысты. Ең аз қажеттілік анықталған аудандар – Аққулы (1 адам) және Май ауданы (12 адам)», – деді Ерқанат Абенов.
Палата директорының айтуынша, кадрларға деген ең жоғары сұраныс – өнеркәсіп, білім беру, ауыл шаруашылығы, тамақтану, денсаулық сақтау және құрылыс салаларында. Бұл қажеттілік кәсіпорындардың өндірістік базасын кеңейту, құрылыс көлемінің артуы, жаңа технологиялардың енгізілуімен, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау мен қоғамдық тамақтану салаларында білікті мамандарға сұраныстың артуымен байланысты. Қаржы, байланыс және әкімшілік қызмет салаларында сұраныс ең төмен.
«Ең көп қажет мамандықтар: жол жөндеуші, аспаз, инженер, технолог, металлург, арматурашы, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, автослесарь, сүт және сүт өнімдерін бөтелкеге құю желісінің операторы және тағы басқалар. 409 жағдайда білім деңгейі маңызды емес», – деді Ерқанат Абенов.
Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бағытындағы негізгі жұмыстары туралы өңірлік палата бөлімінің басшысы Ажар Әбілғазина баяндаса, кәсіпорындар сұранысына сай мақсатты кадр даярлау бойынша Павлодар облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Баширова ақпарат берді.
Облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова атап өткендей, 2024 жылы өңірдегі 30 кәсіпорын 30 колледжге шефтік көмек көрсетуді қолға алған. Биыл бұл бастаманы 40 компания жалғастырып отыр.
«Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылған «Кәсіби маман» өңірлік байқауы жұмысшы мамандықтарын насихаттауға және колледждер мен кәсіпорындарды, сондай-ақ тәлімгерлерді ынталандыруға арналған маңызды алаңға айналды. «Атамекен» палатасының 2025–2027 жылдарға арналған кадр қажеттілігіне жүргізген сауалнамасы бізге мамандарды даярлау стратегиясын дәлірек құруға мүмкіндік береді», – деді Айгүл Мәлікова.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары, кәсіпорындар, тәлімгерлер мен дуалды оқыту Жол картасына қатысушылар арасында «Кәсіби маман» байқауын өткізді. Байқаудың мақсаты – колледждердің тиімді тәжірибесін тарату, жұмыс берушілермен тығыз серіктестікті орнату және дуалды оқыту арқылы сұранысқа сай мамандар даярлау. Байқау екі кезеңде өтеді: іріктеу және негізгі.
Отырыста облыс әкімінің орынбасары үш номинация бойынша іріктеу кезеңінің жеңімпаздарын марапаттады. «Кадр даярлауға қатысатын үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша – «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Ақсу ферроқорытпа зауыты, «Өндірістегі үздік тәлімгер – «Нефтехим LTD» ЖШС, «Жұмысшы кадрларды даярлаудағы үздік серіктес колледж» – «Қара металлургияның Ақсу колледжі» ШЖҚ КМК жеңімпаз атанды. Байқаудың республикалық кезеңі күзде өтеді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: