Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасы үшін білім саласын қолдау – негізгі бағыттардың бірі
Ақтөбеде өткен дәстүрлі тамыз конференциясында өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов білім саласына қосқан үлесі үшін марапатталды. Оған ҚР Оқу-ағарту министрлігінің атынан алғыс хат табысталды. Құнды марапатты аймаққа арнайы келген ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова табыс етті. Хатқа министр Ғани Бейсембаевтың қолы қойылған.
Алғыс хатта Мемлекет басшысының «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидаты ерекше атап өтілді. Президент бастамасымен биылғы жыл «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жарияланды. Бұл қадам еңбекқорлықты, адалдық пен кәсіби шеберлікті бағалау арқылы жас ұрпақты сапалы білім мен саналы тәрбиеге баулуды көздейді.
«Бала тәрбиесі – тек ұстаздардың ғана емес, ата-аналар мен түрлі маман иелерінің ортақ еңбегі. Бірі ойымен, бірі күшімен, енді бірі қабілетімен үлес қосып, келешек ұрпақтың болашағын бірге қалыптастырамыз», – делінген министрдің алғыс хатында.
Ұлы ғұлама Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген қанатты сөзі де құжатта келтіріліп, Боранқұловтың кәсіби шеберлігі мен азаматтық жауапкершілігі білім мен тәрбиенің тұтастығын сақтауда маңызды рөл атқарып келе жатқаны атап өтілген.
Биылғы конференция «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында өтті. Оған Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қатысып, білім беру саласының дамуына баса назар аударды.
Кәсіпкерлер палатасының жұмысы тек бизнес мәселелерімен шектелмей, сапалы кадр дайындау, дуалды оқыту жүйесін дамыту және түлектерді жұмыспен қамту бағытында да білім беру ұйымдарымен тығыз байланыс орнатқан. Әсіресе, Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында бұл ынтымақтастық мемлекеттік органдармен бірге жаңа серпін алып отыр.
Жыл басынан бері адами капиталды дамыту саласында 2,5 мың кәсіпорын арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде 5,1 мың кадрға, негізінен жұмысшы және техникалық мамандықтарға сұраныс бар екендігі анықталды. Талдау негізінде 7390 студентті техникалық және кәсіптік білімге және 40 ЖОО грантына мемлекеттік тапсырыс бөлінді. Дуальді оқыту 60 мамандық бойынша 1209 кәсіпорын мен 28 колледждің қатысуымен жүзеге асырылып, 5916 студентті қамтыды. Атамекеннің «Тәлімгерлер мектебінде» 207 маман білім алды, қысқа мерзімді курстарды 393 тыңдаушы тәмамдады.
«Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында кәсіби бағдарлау іс-шаралары, бос орындар жәрмеңкелері және «Кәсіби маман» байқауы өткізілді. Оның жеңімпаздары өңір атынан республикалық деңгейде бақ сынайды.
Сонымен қатар бизнес пен білім беру ұйымдарының өзара байланысын нығайту үшін Палата тарапынан «Ақтөбе облысы мамандықтар каталогы» әзірленді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: