«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Мемлекет бизнеске жеңілдіктер жасайды: ҚҚС бәріне бірдей міндет емес

2025 жылғы 10 Қыркүйек
1106 просмотров

Қаржы министрлігімен келісімге қол жеткізілді – жаңа жүйе 2026 жылдан бастап тек бір санаттағы салық төлеушілерге қолданылатын болады.

Қазақстанның Қаржы министрлігі мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «е-TAMGA» электрондық шот-фактуралардың (ЭШФ) автоматтандырылған бақылау жүйесін енгізу тәртібі бойынша алдын ала келісімге келді. Бұл шешім Қаржы министрлігімен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде қабылданды.

Еске сала кетсек, 2026 жылы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енеді, ол бойынша бірқатар маңызды өзгеріс күтіліп отыр. Солардың бірі – «е-TAMGA» атауымен белгілі ЭШФ жазып беру процесін автоматтандырылған түрде бақылау жүйесі.

Жаңа өзгерістерге сәйкес, шот-фактураны рәсімдеуден бұрын кәсіпкерлер қосылған құн салығын (ҚҚС) алдын ала төлеуге тиіс болады. Егер шотта қаражат жеткіліксіз болса, жүйе құжатты жазып беруге мүмкіндік бермейді.

Бастапқыда бұл механизм төрт санатқа жататын салық төлеушілерге: жаңадан тіркелген ҚҚС төлеушілерге, құрылтайшылары толық ауысқан компанияларға, ЭШФ жазып беруге бұрын қойылған шектеулері жойылған салық төлеушілерге, сондай-ақ, тауар айналымы расталғаннан кейін ЭШФ-ны кері қайтарып алғандарға қолданылуға тиіс болған.

«Атамекен» ҰКП жаңа салықтық өзгерістер жағдайында бұл ережені барлық көрсетілген санаттарға бір уақытта енгізу бизнес үшін жүйелік тәуекелдер тудыруы мүмкін екеніне алаңдаушылық танытты.

Осылайша, 2026 жылы 1 қаңтардан бастап ҚҚС бойынша шекті мөлшер төмендетіліп, жеңілдетілген декларация негізінде жұмыс істейтін кәсіпкерлерге шектеулер енгізіледі. Сарапшылардың айтуынша, бұл ҚҚС төлеушілердің санын 2,5 есе арттырады, ал ҚҚС шеңберіндегі жалпы айналым небәрі 5%-ға ғана өседі.

«Атамекен» ҰКП Салық салу департаментінің директоры Айсұлу Молдағалиева бұл тәсіл бизнес үшін неліктен қауіпті екенін түсіндірді.

«Бұл жай ғана өзгеріс емес, бұл – салық жүйесінің түбегейлі өзгеруі. ҚҚС шегі төмендейді, ал жеңілдетілген декларация бойынша жұмыс істейтіндерге ауқымды «тыйым салынған» тізім енгізіледі. Салдарынан ҚҚС төлеушілердің саны күрт артуы мүмкін – қазіргі 130 мың компанияға тағы 210 мыңы қосылады. Бұл ретте ҚҚС шеңберіндегі айналым бар болғаны 5%-ға өседі. Мұндай қатаң жүйені барлық жаңа ҚҚС төлеушілерге бірден енгізу – бұл үлкен жүйелік тәуекел. Бұл бизнестің жаппай тұралап қалуына, қызметтің тоқтауына және экономиканың баяулауына алып келуі мүмкін».

«Атамекен» ҰКП жүктеме мен тәуекелдерді азайту мақсатында автоматтандырылған бақылау қолданылатын салық төлеушілер тізімін қысқартуды ұсынды.

Ұлттық палатаның негізгі ұсыныстары:

  • Алғашқы кезеңде тек бір ғана санатты қалдыру: «е-TAMGA» жүйесін нақты айналымды растағаннан кейін ЭШФ-ны кері қайтарып алған салық төлеушілер үшін енгізу. Бұл тәсіл аталмыш жүйені кеңінен қолданбас бұрын тәжірибеде сынап көруге мүмкіндік береді.
  • Автоматтандырылған бақылауды жүргізу мерзімдерін екі есе азайту.
  • Ауыл шаруашылығы, медицина, экспедиторлық, комиссиялық қызметтер және т.б. салалардың ерекшелігін ескеру.
  • ҚҚС бойынша дебеттік сальдоны назарға алу.

Келіссөздер нәтижесінде Қаржы министрлігі «Атамекен» ҰКП ұсыныстарын қолдады. Қол жеткізілген келісімге сәйкес, 2026 жылы 1 қаңтардан бастап ЭШФ-ны автоматтандырылған бақылау жүйесі тек бір санатқа – тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау немесе қызметтер көрсету бойынша нақты айналымды растау туралы хабарламаны алғаннан кейін ЭШФ-ны қайтарып алған ҚҚС төлеушілерге ғана қолданылады.

Жүйені енгізу барысында түрлі салалардың ерекшеліктері де ескерілмек.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174