«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Президент Жолдауы: кәсіпкерлікті қолдаудың жаңа кезеңі

2025 жылғы 08 Қыркүйек
- Түркістан облысы
60 просмотров

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің алдағы жылдардағы стратегиялық даму бағытын айқындап, кәсіпкерлікке ерекше назар аударды. Жолдауда айтылған бастамалар еліміздегі бизнес ортаның тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа мүмкіндіктердің есігін айқара ашатыны сөзсіз.

 

Шағын және орта бизнесті қолдау – басты назарда

 

Президенттің айтуынша, ұлттық экономиканың қозғаушы күші – шағын және орта бизнес. Сондықтан әкімшілік кедергілерді азайту, мемлекеттік органдардың жұмысын «бизнеске қызмет көрсету» қағидасына көшіру міндеті қойылды. Ендігі жерде кәсіпкерлерге түсінікті ережелер қалыптасып, олардың құқықтарын қорғау тетіктері күшеймек.

 

Салық жүйесін цифрландыру және әділдік

 

Жаңа Салық кодексі бизнестің мүддесін қорғауға бағытталады. Президент салықтық бақылауды толық цифрландыруды, есептілік нысандарын 30%-ға қысқартуды тапсырды. Бұл – кәсіпкерлерге артық жүктемені азайтып, ашықтық пен болжамдылықты қамтамасыз ететін маңызды қадам.

 

Мемлекеттік сектор үлесін қысқарту және инвестициялық климат

 

Экономикадағы мемлекеттік сектордың үлесін азайту – жеке бизнестің өркендеуіне кең жол ашады. Президенттің тапсырмасы бойынша, жекеменшік кәсіпорындар үшін әділ бәсекелестік жағдайы жасалмақ. Бұл қадам Түркістан облысы үшін де өзекті.

 

Ауыл шаруашылығы мен агроөндіріс

 

Президент вертикалды интеграцияланған агроөндірісінің табысты тәжірибесін кеңінен таратуды тапсырды. Бұл кәсіпорындар заманауи цифрлық технологияларды енгізу арқылы өнімділікті арттырып, толық өндірістік циклды қамтиды. Ауыл шаруашылығы – елдің азық-түлік қауіпсіздігінің негізі ғана емес, экспорттық әлеуеттің де маңызды бөлігі. Президент агроэкспортты дамыту, агрохабтар мен агрологистика жүйесін жетілдіру арқылы өңірлік кәсіпкерлер үшін жаңа нарықтарға жол ашылатынын атап өтті. Түркістан облысы үшін бұл бағыт ерекше маңызды, себебі өңірдің аграрлық әлеуеті зор.

 

Инновациялар және «ақылды қала» жобалары

 

Президент атап өткендей, Қазақстан цифрлық дәуірге қадам басты. «Ақылды қала» жобалары жасанды интеллект жетістіктерін ескере отырып іске асырылуы тиіс. Бұған қоса, ерекше мәртебесі бар Алатау қаласы толық цифрлық технологиялық орталық ретінде дамытылады.

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық бағытын айқындайтын маңызды құжат. Онда айтылған міндеттер бизнестің дамуына серпін беріп, инвесторлардың сенімін арттырады. Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы Мемлекет басшысының бастамаларын толық қолдайды. Біз үшін басты міндет – кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, олардың дамуына қолайлы жағдай жасау және өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейту.

 

Асылан Ибадуллаев

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174