«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Түркістанда «Бір ауыл – бір өнім» көрмесі өтті

2025 жылғы 27 Қыркүйек
- Түркістан облысы
152 просмотров

2025 жылғы 27 қыркүйекте Түркістан қаласындағы «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында өңірлік көрме өтті.

Шараға Түркістан облысының 50-ге жуық кәсіпкері қатысып, жергілікті шикізаттан дайындалған өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Көрмеде қолөнер бұйымдары, бал, құрт, кептірілген жемістер мен жидектер, сүт және кондитерлік өнімдер, жартылай фабрикаттар, табиғи сабын және басқа да тауарлар ұсынылды. Негізгі талаптардың бірі – өнімнің жарамдылық мерзімі кемінде 5 күн болуы.

Көрме қорытындысында 10 жартылай финалист анықталды. Олар келесі кезеңде Бренд комитетінің іріктеуінен өтеді. Арнайы комиссия үздік шыққан үш финалисті таңдап, оларға 5 млн теңге көлеміндегі мемлекеттік грантқа үміткер болу мүмкіндігі беріледі. Сонымен қатар, «Атамекен» ҰКП тарапынан кәсіпкерлерге өнімді ілгерілету және бренд қалыптастыру бойынша қолдау көрсетілмек.

Көрме этномәдени бағдарлама, шағын және орта бизнес жәрмеңкесі мен концерттік қойылымдар арқылы ерекше мерекелік көңіл-күйде өтті.

Асылан Ибадуллаев, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры:
«Сіздерді “Бір ауыл – бір өнім” өңірлік көрме-байқауында қарсы алғанымызға қуаныштымыз. Бұл бастама ауыл тұрғындарының табысын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті дамытуға зор ықпал етеді деп ойлаймын. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, еңбектеріңіз болашақта Қазақстанның үздік кәсіпорындары қатарынан көрінеді деген үлкен үмітім бар».

Айта кетейік, 2023 жылдан бастап «Мен-кәсіпкер» құралының аясында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы іске асырылып келеді. Жобаның басты мақсаты – жергілікті ресурстардан сапалы өнім шығару, маркетинг пен өткізу мүмкіндіктерін кеңейту, өнімді ішкі және сыртқы нарықтарға шығару, жергілікті бренд қалыптастыру және өндірушілердің кәсіби дағдыларын дамыту.

Жоба аясында кәсіпкерлер тек жергілікті шикізаттан сапалы әрі сертификатталған өнім шығаруға қол жеткізуде. Соңғы алты жыл ішінде жоба арқасында жалпы сомасы шамамен 238 млн теңгеге 167 экспорттық келісімшарт жасалған. Нәтижесінде бал, табиғи шырындар мен джемдер, киіз бұйымдары сияқты 280-ге жуық өнім әзірленіп, Жапония, Қытай, Корея, Өзбекстан, Сауд Арабиясы, БАӘ, Ресей, АҚШ, Франция, Германия, Испания және басқа да елдерге экспортталды.

Қазақстанда бұл жоба алғаш рет 2023 жылы жүзеге асып, 60-тан астам өтінім қабылданды. Нәтижесінде үш кәсіпкердің өнімі үздік деп танылды:
    •    Номанова Әйгерім Серікбайқызы – құрт пен жент;
    •    Есенқұлова Алмакүл Шереханқызы – былғары бұйымдары;
    •    Басуова Феруза Розматовна – кептірілген жеміс-жидектер мен пастила.

2024 жылы жобада 60-тан аса өтінім тіркеліп, 39 өнім көрмеге ұсынылды. Жұмысшы топтың шешімімен 10 өнім жартылай финалға жолдама алды. Осы жылы қатысушыларға арнайы оқыту бағдарламалары ұйымдастырылды:
    •    патенттеу және брендтеу бойынша;
    •    жапон сарапшысы Харагучи-санмен бірге өнім сапасын арттыру бойынша;
    •    қаптау мен маркетинг бойынша;
    •    сабын жасау технологиясы бойынша;
    •    парфюмерлік заттар өндіру технологиясы бойынша.

2024 жылдың жартылай финалистері қатарында дәстүрлі қолөнер шеберлері, ағаш және жүн өнімдерін өндірушілер, бал, қымыз, косметика жасайтын кәсіпкерлер болды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174