Қарағандыда бәсекелестікті қорғау және сатып алулардың ашықтығы талқыланды
Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасында ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің өкілдерімен кездесу өтті. Кездесудің негізгі тақырыбы – әділ іскерлік ортаны қалыптастыру және бизнестің нарыққа тең қолжетімділігін қамтамасыз ету болды.
Агенттіктің облыстық департаменті басшысының орынбасары Асхат Жакин бәсекелестікті қорғау бүгінде экономиканы дамытудың маңызды факторы екенін атап өтті.
«Антимонополиялық күн тәртібі күн сайын өзекті бола түсуде. Мемлекеттік органдардың міндеті – заңбұзушылықтарды дер кезінде анықтап, олардың алдын алу, сондай-ақ кәсіпкерлерге ашық әрі әділ жағдай жасау», – деді Асхат Жакин.
Агенттік мәліметінше, биыл жеті тауар нарығына талдау жүргізілген, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, көмір және авиаотын нарықтары бар. Нәтижесінде нарықтық шоғырлану мен бизнесті шектеу деректері анықталды. Жалға беру шарттарындағы әділетсіз талаптар, қосымша қызметтерді күштеп ұсыну және нарыққа қолжетімділікті шектеу бойынша ескертулер енгізілді.
Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Азамат Даненбаев өз сөзінде сатып алулар саласындағы жүйелі мәселелерге назар аударды:
«Көбінесе техникалық сипаттамалар нақты бір жеткізушіге арналып жазылады. Бұл бәсекелестік ортаны әлсіретіп, отандық өндірушілерді әділ жарыстан айырады», – деді Азамат Қайырбекұлы.
Сонымен қатар ол экономикадағы мемлекеттің үлесін азайтудың маңыздылығын атап өтті:
«Бүгінде бізге бизнестен мемлекеттік қызметшілердің ашық түрде әділ бәсекелестікті бұзып жатқаны туралы шағымдар түсіп жатыр. Мұндай фактілермен келісе алмаймыз, оларды қатаң түрде тоқтату қажет», – деді А. Даненбаев.
Кездесуде, сондай-ақ энергетикадағы делдалдардың қызметі мен табиғи монополиялар субъектілерінің жұмысы талқыланды. Кәсіпкерлердің пікірінше, артық делдалдар тарифтердің өсуіне және түпкілікті тұтынушыға қосымша жүктеменің түсуіне әкелуде.
Кездесу қорытындысы бойынша бірлесіп жұмыс істеу туралы шешім қабылданды. Агенттік конкурстарда теңсіз бәсекелестікті туғызатын жағдайларға қатысты әдістемелік ұсынымдар әзірлейді. Ал, Кәсіпкерлер палатасы агенттікке жекелеген жеткізушілер мен мемлекеттік қызметшілерге артықшылық берілген жағдайлар туралы ақпаратты жолдайды.
«Біз әрқашан өтініштерді қабылдауға ашықпыз. Егер мәселе біздің құзыретімізден тыс болса да, біз кеңес беріп, материалдарды уәкілетті органдарға жолдаймыз. Басты мақсат – заңбұзушылықтардың алдын алу және барлық нарық қатысушылары үшін бірдей ережелерді қамтамасыз ету», – деп қорытындылады сөзін Асхат Жакин.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: