«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ұлттық режимнен алып тастау: қағаз өнімдері нарығында отандық өндірушілерге қолдау кеңейтілді

2025 жылғы 14 Қазан
790 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық қағаз өнімдерін өндірушілерді қолдаудың жаңа кезеңі басталғанын мәлімдеді.

ҰКП-ның бастамасымен қолға алынған мақсатты шараның сәтті нәтижесінен кейін, ҚР Үкіметінің 2025 жылғы 7 қазандағы №824 Қаулысымен мемлекеттік сатып алу кезінде ұлттық режимнен алып тастау шарасы бекітілді.

Егер бұған дейін бұл шара тек А3 және А4 форматындағы кеңсе қағазына ғана қатысты болса, енді ол қағаз өнімдерінің кең ауқымына қолданылатын болады. Аталмыш Қаулы 2025 жылдың 28 қазанынан бастап күшіне енеді және екі жыл бойы қолданыста болады.

Құжатқа сәйкес, ұлттық режимнен алып тастау қағаз өнімдері саласындағы шетелден шыққан барлық тауарларды (Қазақстанда өндірілмейтін тауарларды қоспағанда) мемлекеттік сатып алу кезінде белгіленеді. Мемлекеттік сатып алуға тек «Тауарлар, жұмыстар және қызметтердің отандық өндірушілерінің тізіліміне» енгізілген жеке және заңды тұлғалар қатыса алады.

Бұл шешім бизнестің, атап айтқанда ҰКП-ның бастамасымен 2023 жылы қолға алынған жұмыстың қисынды жалғасы болды. Осы шараның нәтижесінде небәрі бір жылдың ішінде отандық тауар өндірушілердің өндірістік қуаты 67,3%-ға дейін артты.

«Қағаз өнімдерін өндірушілер қауымдастығы» ЗТБ және ЖКБ төрағасы Нұрлан Закарьяновтың айтуынша, бұл шараның жетістігі тек сандармен ғана емес, қоғамдық қабылдаудың өзгеруімен де өлшенеді.

«Менің ойымша, ең бастысы – қазақстандық өнімнің танымалдылығы мен оған деген сенім артты. Екі жылдың ішінде біздің өндірушілер көптеген жылдар бойы қалыптасқан көзқарасты бұза алды. Бұған дейін барлығы шетелдік кеңсе қағазын қолдануға үйренген еді. Қазір кез келген мемлекеттік немесе квазимемлекеттік мекемеге кірсеңіз, бәрі қазақстандық қағазды пайдаланып отыр», – деді Закарьянов.

Кәсіпкердің айтуынша, кейбір кәсіпорындар өз қызметін кеңейтіп, майлықтар, дәретхана қағазы сияқты өнімдерді шығаруға және қағаз өңдейтін машиналар сатып алуға кіріскен. «Яғни, бұл салада әлі де қолға алуға болатын көптеген өнім бар», – деп толықтырды ол.

Өңдеу өнеркәсібі департаментінің сарапшысы Гүлмира Қажыбекованың айтуынша, «Атамекен» ҰКП, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі және бизнестің үйлестірілген позициясының арқасында бұған дейін импорт басым болған нарық сегментін босатуға мүмкіндік туған.

«Атамекен» ҰКП Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесе отырып, алдағы 10 жұмыс күні ішінде ұлттық режимнен алып тастауға жататын қағаз өнімдерінің нақты тізбесін бекітеді және отандық тауар өндірушілерге барынша қолдау көрсету жұмысын жалғастырады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174