Қазақстандағы өзін-өзі реттеу институтының дамуы: тәуекелдер мен заңнаманы жетілдіру жолдары
2025 жылдың 14 қазанында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ғимаратында «Өзін-өзі реттеу институтын дамыту және оның өзекті мәселелері: жаңа сын-қатерлер мен заңнаманы жетілдіру жолдары» тақырыбында Сараптамалық кездесу өтті.
Іс-шараға мемлекеттік органдар өкілдері, депутаттар, бизнес-қауымдастықтың мүшелері, сондай-ақ «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.
Кездесуді ашқан Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Байтілесов өзін-өзі реттеу институты мемлекет пен бизнес арасындағы конструктивті серіктестікті құрудағы негізгі құралдардың бірі екенін атап өтті.
«Өзін-өзі реттеу – бұл жай ғана функцияларды беру емес. Бұл – билік пен бизнес арасындағы сенімге, жауапкершілікке және кәсібилікке негізделген неғұрлым сапалы деңгейдегі өзара іс-қимылға қарай жасалған қадам», – деді Нұрсұлтан Байтілесов.
Ол бұған дейін Парламент алаңында бәсекелі ортаға берілетін мемлекеттік органдардың функцияларын талдау бойынша тиімді жұмыс жүргізілгенін еске салды. Алайда, «Өзін-өзі реттеу туралы» Заңның және 2030 жылға дейінгі стратегиялық құжаттардың бар болғанына қарамастан, соңғы жылдары бұл бағыттың белсенділігі едәуір төмендеген.
«Бүгінде міндетті өзін-өзі реттеу нақты тек екі салада – құқықтық кеңес беру және бағалау қызметінде ғана жұмыс істейді. Бұл мүлде жеткіліксіз. Мемлекет бұл реформаны қайта жандандыруы қажет», – деді спикер.
«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасының Өзін-өзі реттеуді дамыту мәселесі жөніндегі комитет төрағасы Асланбек Жақыпов өзін-өзі реттейтін ұйымдарды (ӨРҰ) дамыту – Қазақстан экономикасын либерализациялау және дерегуляциялау саясатының маңызды бөлігі екенін атап өтті. Бұл мемлекет тарапынан бизнеске қатысты реттеуші функцияларды азайтып, нарықтық институттардың рөлін арттыруға бағытталған.
Спикердің айтуынша, мемлекеттің кейбір функцияларын кәсіби қауымдастықтарға беру – бұл мемлекеттік органдар жүктемесінің көптігінен емес, тиімді әрі икемді басқару үлгісіне көшудің белгісі. Бұл басқару үлгісі мемлекет пен бизнес арасындағы серіктестікке негізделген.
«Нарық өз стандарттарын әзірлеп, олардың сақталуын бақылай алатын жерде мемлекет жалғыз реттеуші емес, стратегиялық серіктес болуға тиіс», – деп атап өтті Асланбек Жақыпов.
Ол дерегуляция жағдайында өзін-өзі реттеу – әкімшілік қысымды күшейтпей-ақ реттеудің сапасын арттырудың негізгі құралы бола алатынын айтты. Мұндай модель мемлекеттің стратегиялық бағыттарды айқындауына, ал кәсіби қауымдастықтардың сала ішіндегі стандарттар мен бақылауға жауап беруіне мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде сенімді нығайтып, жауапкершілікке негізделген кемелденген нарықты қалыптастырады.
Асланбек Жақыпов өзін-өзі реттейтін ұйымдар өзгерістерге жедел әрекет етіп, сараптамалық бағалау жүргізуге және кәсіби стандарттардың сақталуын қамтамасыз етуге қабілетті екенін айтты.
«Өзін-өзі реттеу – бұл жауапкершілікпен қатар жүретін еркіндік. Ережелерді бұзу ӨРҰ құрамынан шығаруға және кәсіби қызметпен айналысу құқығынан айырылуға алып келеді. Бұл шара жүйені расымен де тиімді етеді», – деді ол.
Сондай-ақ, спикер Германиядан Жапонияға дейінгі әлемдік тәжірибе өзін-өзі реттеудің тиімді экономикалық саясат құралы екенін дәлелдейтінін атап өтті. Бұл құрал нарықтың икемділігі мен кәсіби қауымдастықтардың жауапкершілігін үйлестіреді.
Асланбек Жақыпов ӨРҰ мүшелері үшін салықтық және бақылау преференцияларын, сондай-ақ мемлекеттік сатып алулар мен консультативтік кеңестерге қатысу кезінде артықшылықтарды енгізуді ұсынды.
Жиынға қатысушылар өзін-өзі реттеу институты Қазақстанның жаңа реттеуші саясатының маңызды бөлігіне айналып келе жатқанын, бұл өз кезегінде кәсіпкерлікті дамытуға және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталғанын атап өтті. Кездесу қорытындысы бойынша «Атамекен» ҚР ҰКП Комитеті Мәжіліс депутаттарымен бірлесіп, осы саладағы заңнамалық базаны жетілдіру жұмысын жалғастырады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: