«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнес теміржол тарифтерінің өсуіне қарсы: «Атамекен» инфрақұрылымдық міндеттер мен экономикалық шындық арасындағы теңгерімді сақтауға шақырады

2025 жылғы 31 Қазан
605 просмотров

Қазақстанда 2026–2030 жылдарға арналған магистральдық теміржол желісі (МТЖ) қызметтері тарифтерінің өсуі мәселесі талқыланып жатыр. Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті «ҚТЖ» ҰК» АҚ ұсынған тарифтердің минималды және максималды шекті индексін бекіту жөніндегі өтінімді қарауда.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер ппалатасы ұсынылған өлшемдерге алаңдаушылық білдіріп, тарифтердің қазіргі нұсқада бекітілуі экономикаға, бизнеске және халыққа айтарлықтай қауіп төндіретінін ескертеді.

«Табиғи монополиялар туралы» Заңға сәйкес, бағалық шектер икемді баға белгілеу тетігі ретінде қарастырылған, яғни нарықтық жағдайға байланысты тарифті реттеу мүмкіндігі қарастырылған. Алайда «Атамекеннің» айтуынша, соңғы жылдары бұл құрал көбіне тарифтерді негізсіз көтеру үшін пайдаланылып жүр, бұл заңның түпкі мақсатына қайшы келеді.

Мысалы, 2023 жылы теміржол тарифтері (МТЖ және локомотив тартқыш сияқты жалпы тарифтің құрамдас бөліктерін ескере отырып) үш рет, 2024 жылы бес рет, ал 2025 жылы үш рет көтерілген. Әсіресе, 2025 жылдың көктемінде максималды шекті индекстерді қолдану ауыр салдарға әкелді: экспорттық тасымал тарифтері 3,0 коэффициентіне дейін өсті.

Еске сала кетсек, мамырда экспорттық теміржол тарифтерінің күрт өсуі мен тұтас салалардың тоқтап қалу қаупіне байланысты «Атамекен» шұғыл жиналыс өткізген болатын. Бизнес өкілдері бұл шешімнің салдарынан қазақстандық көмірді ресейлік жеткізілімдер ығыстырғанын, жүктемелердің тоқтағанын және кәсіпорындардың тұралап қалуы болғанын мәлімдеді. Мысалы, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-де экспорттық өнім бойынша МТЖ тарифі 316%-ға артқан, ал «Қаражыра» АҚ көмір экспорты 35%-ға қысқарған.

Соған қарамастан, «ҚТЖ» ҰК» АҚ 2026-2030 жылдарға арналған өтінімінде тарифтердің максималды индексін қайтадан сол 3,0 деңгейінде қалдыруды ұсынуда. Бұл компанияға тарифтерді бекітілген базалық деңгейден 3 есеге дейін көтеруге мүмкіндік береді.

«Атамекеннің» есебінше, егер 2026 жылы МТЖ қызметтерінің базалық тарифі 38%-ға өссе, ал шекті индекстерді ескерсек, қолданыстағы тариф 4,1 есе артады. Соңғы үш жылда МТЖ мен локомотив тартқыш қызметтерінің тарифтері екі есе өскенін ескеру керек.

Салалық қауымдастықтар тарифтердің өсуі қымбатшылыққа, соның ішінде азық-түлік пен коммуналдық қызметтер бағасының өсуіне де әсер ететінін ескертуде.

«Бұл ұн, нан, құрама жем бағасына тікелей әсер етеді. Біз ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласын жоғалтып алуымыз мүмкін, ал бұл – мыңдаған жұмыс орны», – дейді Қазақстан астық өңдеушілер одағының өкілдері.

Энергетика саласының өкілдері де бұл жағдайды растап отыр.

«Энергетиктер арасында төлем дағдарысы басталды. Бүгінде 100 млн теңгелік көмір тасымалдауға тек ҚТЖ тарифі бойынша 130 млн теңге кетеді, ал бұған дейін бұл 60 млн болатын», – дейді «Қаражыра» АҚ басқарушы директорының орынбасары Әсет Сыдықов.

«Бизнес инфрақұрылымды дамыту бастамасын қолдайды, бірақ шығындардың ашықтығын және әділ бөлінуін талап етеді. Тарифтердің өсуі мультипликативті әсер беріп, Қазақстандағы барлық өнім бағасының көтерілуіне алып келеді. Әр саланың пікірін ескеріп, теңгерімді шешім қабылдау қажет», – деді «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Гүлнара Бижанова. Оның айтуынша, Ұлттық палата Үкімет басшысына және оның орынбасарына бизнес ұсынған ұсыныстарды жолдаған.

Осылайша, бизнес тарапынан шығындардың тиімділігін арттыру, ішкі және транзиттік тасымалдар арасындағы жүктемені теңестіру, жолаушылар тасымалы бойынша субсидияларды транзиттік табыстар есебінен өтеу және тарифтердің өсуін инфляция деңгейімен шектеу ұсынылуда. Сонымен қатар, тарифтің максималды индексін 1,0-ден асырмау көзделіп отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174