«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жаңа оқу орталығының ашылуы: Ұлытау өңірінде балаларды дамыту мен кәсіпкерлікті қолдаудың маңызды қадамы

2025 жылғы 21 Қараша
- Ұлытау облысы
106 просмотров

 

Сәтбаев қаласында балаларды дамытуға арналған «Sartaylaq» жаңа оқу орталығының салтанатты ашылуы өтті. Бұл маңызды оқиға өңір үшін ерекше мәнге ие болып, жергілікті кәсіпкерлер мен билік өкілдерінің өсіп келе жатқан ұрпақтың тәрбиесі мен білім алуына жағдай жасаудағы ұмтылысын айқын көрсетті.

Бүгінде орталықта шамамен 200 бала білім алуда. Олардың қатарында жалпы білім алатын оқушылармен бірге, ерекше білім беруді қажет ететін, соның ішінде сөйлеу қабілетінің дамуы кешеуілдеген балалар да бар. «Sartaylaq» орталығы оқу материалын меңгеруге ғана емес, балалардың әлеуметтік және коммуникативтік дағдыларын дамытуға бағытталған бірегей білім беру бағдарламаларын ұсынады.

Орталықтың негізін қалаушы Гүлім Аймағанбетованы Сәтбаев қаласының әкімі Мұрат Борибаев, Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Маржан Жауен және Палатаның ШОБ қолдау және дамыту бөлімінің басшысы Шолпан Қасымова құттықтады. Олар білім беру бастамаларын дамытудың маңыздылығын атап өтіп, әр баланың ерекшелігіне қарамастан, тең мүмкіндік жасауға бағытталған жобалардың қоғам үшін аса қажет екенін айтты.

Орталықтың негізін қалаушы әрі жетекшісі Гүлім Аймағанбетова Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасына көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдірді:
— Палата ұйымдастырған оқыту бағдарламалары барысында алған көмегім мен білімім үшін алғыс айтамын. Палата сарапшылары әлеуметтік кәсіпкер ретінде маған өте пайдалы ақпаратпен бөлісті. Бұл маған өз күшіме деген сенімді арттырып, әрі қарай дамуға мотивация берді, — деді ол.

Әлеуметтік кәсіпкер бизнесін дамыту үшін 5 миллион теңге көлемінде грант жеңіп алып, бұл қаражатты орталықты дамытуға бағыттаған. Гүлімнің айтуынша, бұл қолдау «Sartaylaq» оқу орталығын сәтті іске қосуда шешуші рөл атқарған.

Сәтбаев қаласында орталықтың ашылуы — жергілікті тұрғындар үшін ғана емес, өңірде инклюзивті білім беру кеңістігін қалыптастыруға жасалған маңызды қадам. Бұл кәсіпкерлік бастаманың әлеуметтік жауапкершілікпен үйлесіп, ерекше қажеттіліктері бар балалардың дамуына және қоғамға бейімделуіне мүмкіндік беретінін көрсетеді.

Алдағы уақытта орталық бағдарламаларын кеңейтіп, білім алушылар санын арттыруды, сондай-ақ түрлі мемлекеттік және жеке ұйымдармен ынтымақтастықты нығайтуды жоспарлап отыр. Бұл Ұлытау өңіріндегі балалар мен ата-аналар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға мүмкіндік береді.

«Sartaylaq» орталығының ашылуы — жергілікті кәсіпкерлердің өңірдегі білім беру және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға нақты үлес қоса алатынын дәлелдейтін жарқын мысал. Бұл — болашақ ұрпақ үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған маңызды қадам.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174