«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жамбылдықтар қант қызылшасын молынан алуды көздеп отыр

2016 жылғы 26 Тамыз
- Жамбыл облысы
10139 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП Агробіліктілік орталығының директоры өңірдегі агроұйымдарға арналған семинар барысында Жамбыл облысының қызылша өсірудегі әлеуеті жөнінде айтып берді

Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы мен «Атамекен» ҚР ҰКП Агробіліктілік орталығы фермерлердің білімін арттыру, сонымен бірге өңірдегі өсімдік және мал шаруашылықтарына инновациялар енгізу мақсатында тегін семинарлар өткізуді жалғастырып келеді.

«Қант қызылшасын өңдеудің инновациялық технологиялары» тақырыбындағы семинарға Агробіліктілік орталығының директоры Төлеутай Рақымбеков қатысты. Жамбыл облысы Байзақ ауданы Бурыл ауылында өткен семинардың теориялық бөлімінен оған қатысқан шаруа қожалықтарының басшылары қант қызылшасын өсіру процесіне, агротехникалық жұмыстар кестесіне, еңбек сыйымдылығы мен тиімділігіне қатысты көптеген жаңа әрі пайдалы ақпаратқа қанық болды. Қант қызылшасын өсіру ерен еңбекті қажет ететін және көп жағдайда тиімсіз іс. Қызылшаны егу алдында жерді арнайы дайындау қажет болады. Суару және тыңайтқыштар жіберу мерзімдері егіннің өсіп-өну кезеңіне қатаң түрде сәйкес келуі керек, әйтпесе егін аз болуы мүмкін. Қызылша сұрпын да дұрыс таңдаған маңызды. Бұл мәселелердің барлығы семинарды өткізу үшін шақырылған сарапшылардың баяндамаларында айтылды. Сарапшыларға тоқталар болсақ, олар – Алматы облысы «Жетісу» АӨК-нің қант қызылшасының агротехнологиясы жөніндегі сарапшысы Әбілқайыр Бексұлтанов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Асқар Шәріпов, «Қазақ экономика және агроөнеркәсіптік кешен ғылыми-зерттеу институты» ЖШС аға ғылыми қызметкері, экономика ғылымдарының докторы Еркін Сүлейменов, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ Минералды  құнарландыру және агроэкология бөлімінің аға ғылыми қызметкері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Керімтай Қонысбеков, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Талдықорғандағы филиалының бөлім меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Ерлан Күлкеев, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Жамбыл облыстық филиалының директоры, сонымен бірге қант қызылшасының тұқымдарын өңдеумен айналысатын «Қамқорлық» ЖШС директоры Әлен Жолдасов.

«Тыңайтқыштар өсімдік мұны қажет ететін кезде және көлемде пайдаланылуы керек, – деді Ерлан Күлкеев. – Өсімдік – бұл тірі ағза, ол белгілі бір кезеңдерде өзінің тамағын, суын және тағы басқа заттарды қорек етеді деуге болады. Сондықтан, минералды тыңайтқыштарды уақытылы және оңтайлы мөлшерде пайдалану қант қызылшасының өнімділігін арттыратын бағыттардың бірінен саналады».

Оның айтуынша, тәжірибелік сабақтар өткізу орны ретінде «Адлер» шаруа қожалығы бекер таңдалып отырған жоқ. Онда көктемнен бері «Еврохим-Қаратау» компаниясының тыңайтқыштарын пайдалану жөніндегі жұмыстар жүргізілген.

«Тыңайтқыштарды пайдаланудың түрлі нұсқалары қолданылды, бір алқапты кешенді тыңайтқышпен өңдесе, екіншісін фермерлер үшін үйреншікті аммиак селитрасымен өңдеп шықты, ал тағы біріне тыңайтқыштарды мүлде пайдаланбай көрді», – деп жалғастырды шаруа қожалығының егістік басында өткен семинардың тәжірибелік бөлімінде Ерлан Күлкеев.

«Нәтижені өздеріңіз көріп отырсыздар, – дейді «Адлер» ШҚ басшысы Юрий Шейрер көлемдері әртүрлі үш алқаптан алынған қызылша тамырларын көрсетіп тұрып. – Инновациялардың арқасында біз гектарынан 80-90 тоннаға дейін қызылша жинап, рекордтық өнім алуды көздеп отырмыз».

«Біздің Жамбыл облысына жасаған сапарымыздың мақсаты – кәсіпкерлермен кері байланыс орнату, келесі жылы тарқату керек болатын түйткілді мәселелерді анықтау, – деп қорытындылады шараны Агробіліктілік орталығының директоры Төлеутай Рақымбеков. – Бүгінгі семинар өте қызық өтуде, фермерлер дәріскерлер ұсынып отырған ақпарат көлеміне қызығушылық танытып отыр. Біздің елде бірнеше жыл бұрын қант қызылшасының өнімділігі гектарынан 25-27 тонна болған, сонда біз Белоруссиядағы гектарынан 40 тонна өнім алатын өнімділік мөлшеріне жетсек деп армандайтын едік. Ал қазір тіпті 90 тоннаға дейін, яғни үш есеге көп өнім алуға мүмкіндік туып отыр. Мұның барлығына инновациялық технологияларды пайдалану, қызылшаның жаңа сұрыптары мен агротехнологияларды толықтай сақтау арқылы қол жеткізуге болады».


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер