«Бастау Бизнес»: тегін білім бизнеске жол ашады
Жамбыл облысында «Бастау Бизнес» жобасы аясында оқытылған ауыл тұрғындарының бизнес жобалары қаржыландырыла басталды
Қарапайым халық үшін, әсіресе шалғай ауылдарда тұратындарға игі бастаманың шарапаты мол болып отыр. Жеке кәсібін ашуға ниеттенгендерге көрсетілетін мұндай қолдау жұмыссыз азаматтар көп тіркелген Т.Рысқұлов, Меркі, Қордай, Жуалы, Байзақ және Шу аудандарында жүзеге асырылуда. Бір айлық оқуға қатысқандарға шәкіртақы да қарастырылған. Сондай-ақ, кәсіби даярлығы бар бизнес-тренерлер дәріс беріп, кәсіпкерліктің қыр-сырына үйретеді. Бір айта кетерлігі, бұл жобаға кәсіпкерлікпен айналысқанына 3 жылдан аспаған азаматтар мен жұмыссыздар ғана қатыса алады. Белгіленген бір айдың ішінде әрбір қатысушы 120 сағат білім алуы шарт. Оның 80 сағаты теорияға арналса, қалған уақыт білікті бизнес-тренерлерден кеңес алуға жұмсалады. Жамбыл облысында жыл соңына дейін жоба аясында 1125 адам оқытулы тиіс.
«Бастау Бизнес» пилоттық жобасына ілінген облыстың алты ауданында бизнес негіздеріне тегін оқыту курсының екінші легінің қорытындысы бойынша 9 жоба қаржыландырылып, 74 бизнес-жоба Аграрлық несие корпорациясы, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, микроқаржылық ұйымына қаржыландырылуға ұсынылып, қазіргі таңда қаралып жатыр», – дейді Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Диана Түкпетова.
Несиеге қол жеткізген жоба түлектерінің басым бөлігі Байзақ ауданынан. Бизнес-жаттықтырушы Гүлзат Искакова бизнес жобалардың жазылуынан бастап қаржыландыруға дейін сүйемелдеді. Айтуынша, мүйізді ірі қара, жылқы шаруашылығымен айналысуды мақсат еткен азаматтар 2-6 млн теңге көлемінде несиеге қол жеткізіп, мал шаруашылығы бизнесін бастап кетті.
Мысалы, бірнеше жыл бойы туысының дүкенінде қызмет етіп келген Жұлдыз Мұхамадиева «Бастау Бизнес» жобасының берер мүмкіндіктерін ести сала қажетті құжаттарды жинап, тестілеуден өткен.
«Бұл жоба мен үшін бір жұтым таза ауадай болды. Жеке бизнесімді ашуды көптен бері армандап келдім. Бастапқы кезеңде, құрылыс материалдарын шығаратын шағын цех ашқым келді, бертін келе, бизнес-жаттықтырушының кеңесіне жүгініп, мал шаруашылығымен айналысуды жөн деп шештік. Жолдасым да бұл идеяны қолдады. «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ арқылы 6 миллион теңге көлемінде несие алдық, енді қаражатты 15 жылқы сатып алуға жұмсамақпыз. Осылайша, қазақ қымызының өркендеуіне үлесімізді қосып, алдағы уақытта табиғи өнімді Тараз қаласының дүкендеріне өткізуді жоспарлап отырмыз.
Айта кетейік, қазірде бизнес негіздеріне оқытудың үшінші легі өтуде. Сонымен қатар, «Бастау Бизнес» бойынша 4-лекте оқу үшін тестілеудің басталғандығын хабарлаймыз. Жобаға ауылдық жерлерде кәсіпкерлікпен айналысуға әлеуетті, несиелік тарихы таза, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыз азаматтар қатыса алады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: