«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің жаңа талаптары бизнестің қызығушылығын арттыруы тиіс - сарапшы

2018 жылғы 24 Мамыр
- Жамбыл облысы
4822 просмотров

ҚР Ұлттық Экономика Министрлігінің бастамасымен жақында мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің (МЖӘ) жоспарлау жобаларын рәсімдеу кезеңіне өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістердің бизнеске ықпалы жайында Жамбыл облысы кәсіпкерлер Палатасының директоры Мәріпбек Шәкербек кеңінен тарқатып өтті.

Бизнесті жүргізуді айтарлықтай жеңілдететін бағыттардың астын сызып өтуге болады.  Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобасының тұжырымдамасын әзірлеу (концессиялық ұсыныстар) жобаларды жоспарлау жеке кезеңі ретінде алынып тасталды. Тікелей келіссөздер кезінде жекеше әріптестерді анықтау кезінде жаңа құжат енгізілді – «жобаға бизнес-жоспар». Байқау құжаттаманың құрамында жобаның сипаттамасын қамтитын ақпараттық парақ қарастырылған. Ақырында, заңды тұлға немесе жергілікті атқарушы органмен жүргізілетін сараптама шарты алынып тасталды.

–Мәріпбек Шәкербекұлы, Сіздің көзқарасыңызша мемлекеттік-жеке меншік әріптестік туралы заңға өзгерістердің енуі Отандық бизнеске қандай мүмкіндіктер бермек?

–Ең алдымен көптеп инвесторларды тарту МЖӘ жобаларының құрылымдық портфелін кеңейтуге мүмкіндік береді. Бүгінде олардың басым көпшілігі білім және денсаулық сақтау салаларында жүзеге асуда. Жақында ҚР «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевтың Тараз қаласында Өңірлік Кеңеспен кездесуінде мемлекеттік-жеке меншік әріптестік сұрақтары қаралды. Жамбыл облысында мемлекеттің бастамасымен жалпы құны 4,4 млрд.теңгенің 9 жобасы іске асуда. Бұл жобалар бойынша Палатамен оң сараптамалық қорытынды берілді. Олар бағасы 2,8 миллиард теңгелік балалар бақшасының құрылыс жұмыстары, Жаңатас-Шымкент автомобиль жолдары учаскесі, сонымен қатар, Таразда мүгедектерді оңалту және бейімдеу екі нысанын және Шу қаласындағы денешынықтыру кешенін сервистік қызмет көрсету үшін мемлекет меншігіне беру де бар. Алайда, бизнес тарапынан бұл объектілерге деген қызығушылық әзірге байқалмайды.

–Оның себебі неде?

–Басты себептердің бірі – облыста құзырына мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобаларын басқару, үйлестіру және оларды барлық салаларда енгізу мәселесі кіретін бірыңғай мемлекеттік органның болмауы деп санаймыз. Тағы бір себеп деп, жобалардың аспандаған құнын атап өтуге болады, сәйкесінше бұл капитал салудың тиімділігін анықтауға мүмкіндік бермейді. Мысалы, МЖӘ жобаларындағы бес бала-бақша  құрылысының құны 331 миллионнан 601 миллион теңге аралығын қамтиды. Сондай-ақ, әлеуетті МЖӘ субъектілерінің шығынын өтеу үшін бюджеттік қаражаттың жетіспеушілігі бизнесмендерге тосқауыл болып отыр. 2017 жылы уәкілетті органның бұйрығы бойынша мемлекеттік міндеттемелердің лимиті 8,3 млрд. теңге көлемінде бекітілді. Алайда, 2018 жылға қаржы бюджетке салынбаған.

 –Біздің өңір үшін мемлекеттік-жеке меншік әріптестік бағытындағы қандай жобаларды перспективті деп айтар едіңіз?

–Бізбен және жергілікті атқарушы органдармен МЖӘ (тұрғын үй-коммунальдық шаруашылық, спорт, денсаулық сақтау, құрылыс) саласында қызықты әрі табысты жобалар зерттеліп және талқыланды. Коммуналдық шаруашылық нысандардың дамуына 2018 жылға жергілікті бюлжет есебінен 526 миллион теңге бөлінді. Өңірде оларды іске асыру мүмкін. Мәселен, қалалық Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімімен «Қала көшелерін жарықтандыру» жобасы бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, ведомстволық сараптама жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу байқауы өтуде. Денсаулық сақтау саласында МЖӘ аясында дәрігерлік амбулатория, емханалар базасында емдеу кабинеттеріні ашылуын құптарлық санаймыз. Ал білім беру саласында әлі бала-бақша соғу қажеттілігі бар.

 –Жамбыл облысы кәсіпкерлер Палатасы мемлекеттік-жеке меншік саласында қандай жаңашыл жобаларды ұсына алады?

–Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімімен тамақпен қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік тапсырыс беріледі. Бизнес мекемеден бүкіл оқу жылына асханаларды жалға алады. Алайда байқауды бірдей компаниялар тұрақты түрде ұтқандықтан, бәсекелестік кенжелеп қалған, негізгі құралдар жаңартылмайды.  Осыған байланысты Палатамен мектеп асханаларын байқаулық негізде сенімгерлік басқаруға беру ұсынылады. Бұл бәсекелестікті күшейтіп, сенімгерлік құқығын ұсынуда ашықтығын қамтамасыз етеді, сондай-ақ бизнес субъектілерін аталған сегментке көптеп тартуға септеседі. Тағы Біз мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің проблемалық тұстарын анықтау, денсаулық сақтау, білім, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, құрылыс және өзге де  салалардағы жобаларды қоса қаржыландыру үшін жеке инвесторларды тарту мүмкіндіктерін зерттеу мақсатында жұмыс тобын құруды ұсынамыз.

Жергілікті атқарушы органдардың ресми сайттарында меморгандардың МЖӘ жобаларына деген қажеттілікті жариялау мәселесін пысықтауды, шығындарды өтеуге квотаны арттыруды қажет деп санаймыз. Бала-бақша құрылысы жобаларының қуаттылығын және құнын қарау қажет деп пайымдаймыз. Заңнамалық сипаттағы бұл жаңашылдықтар мемлекеттік-жеке меншік әріптестік мүмкіндіктерін кеңейтуге септеседі.

ҚР Ұлттық Экономика министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда бүгінгі таңда мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің түрлі сатыларында жоспарлау және іске асыруда құны 1,8 триллион теңгені құрайтын 547 жоба бар. Бұл қаражаттардың толықтай игерілуі еліміздің бизнес-климатын жақсартуға қолайлы жағдай жасайды.

 

Ақбота Батырбекова       
 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер