«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнес өкілдері ӨКП-дан не күтеді?

2016 жылғы 26 Ақпан
- Жамбыл облысы
10514 просмотров

ӨКП кәсіпкерлердің құқын қорғауға қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарын хабардар етті

Брифингте Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Қайрат Сыдықов журналистерге кәсіпкерлер құқын қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Қайрат Сапарұлының айтуынша, бүгінгі таңда облысымызда 75 453 кәсіпкерлік субьектісі тіркелген. Оның 74 942-ін яғни, 99,3 пайызын шағын бизнес құрайды. Орта бизнестің үлес салмағы 371 немесе 0,5 пайызды құраса, 0,1 пайызды құрайтын ірі бизнесте 78 субьект тіркелген.

Бүгінгі таңда кәсіпкерлер өз проблемаларын шешу үшін басқа органдарға емес тікелей кәсіпкерлер палатасына шағымданады. Себебі, мұнда олардың шағымын тыңдап, міндетті түрде көмек көрсететініне сенеді. Бұл сөзімізге дәлел ретінде сандарды сөйлетсек. Өткен жылы кәсіпкерлер палатасына 8 382 арыз-шағым келіп түскен. Оның ішнде құқықтық мәселелер бойынша жазылған 247 арыз-шағымның 54-і жер қатынастары, 29-ы агроөнеркәсіп кешені, 27-сі мемлекеттік сатып алулар, 26-сы салық, 22-сі монополия органдарымен арадағы қарым-қатынаста орын алған келеңсіздіктерге байланысты болған.

Штатының шағындығына қарамастан палата кәсіпкерлер тарапынан түскен әрбір арыз-шағымға қатысты дер кезінде әрекет етуге тырысады.

Оған нақты мысалдар келтіруге де болады. Мәселен, Жуалы аудандық Мемлекеттік кіріс басқармасымен  «Ауыл Мұнай» жеке кәсіпкерлігінің иесі Абзал Исақов әкімшілік жауапкершілікке тартылып, Жуалы аудандық соты кәсіпкерді 446 мың теңге айыппұл төлеуге және жалпы соммасы 26,9 миллион көлеміндегі табысын конфискациялау туралы шешім шығарған.  Палата екінші сот инстанциясында А.Исақовқа қорғаушы ретінде қатысты. Нәтижесінде Жамбыл облыстық сотының аппеляциялық алқасының шешімімен кәсіпкерден 26,9 миллион теңге көлеміндегі табысын конфискациялау туралы сот шешімінің күші жойылды.

Көлік прокуратурасы өкілдерімен бірлесіп атқарылған жұмыстар нәтижесінде жүк көлігінің жүргізушісі Андрей Стрелецке де жедел түрде көмек көрсетілді. Атап айтқанда,  кәсіпкердің 8,3 тонна биогумус тиеген жүк көлігі жол бойында Ақмола және Қарағанды облыстары көлік бақылау бекеттерінен ойдағыдай өткенмен, Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Шығанақ бекетінде күтпеген жағдайға тап болады. Салмақ өлшеу кезінде  көлікте 2,2 тонна мөлшеріндегі артық салмақ бар деген себеппен көлік инспекторлары хаттама жасап, 1 миллион 300 мың теңге сомасында айыппұл салды. Палата және көлік прокуратурасы мамандарының араласуымен жүк көлігі қайта өлшенгенде артық салмақ 2,2 тонна емес небәрі 208 келі екені анықталды. Сөйтіп кәсіпкерге 1 миллион 300 мың теңгенің орнына 39 мың теңге айыппұл салынды.

Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы жанында кәсіпкерлер құқын қорғау бойынша кеңес құрылған. Кәсіпкерлердің заңды мүдделері мен құқын қорғау жөніндегі келелі мәселелер кеңес отырысында ұдайы көтеріліп отырады. Енді осы кеңес отырыстарында көтерілген бірер мәселеге де назар аударсақ.

2012 жылы Тараз қаласы әкімдігі «Тілек» ЖШС-нің ескі  «көк базар» аумағындағы 1,09 гектар жерін мемлекет қажеттілігі үшін қайтарып алады. Жер заңнамасына сәйкес, Тараз қалалық әкімдігі кәсіпкерге дәл осындай көлемде қаланың басқа аумағынан жер бөліп беруі тиіс болған. Алайда, түрлі себептермен бұл мәселе осы уақытқа дейін өз шешімін таппаған. Сәйкесінше, кәсіпкер де осы уақыт аралығында негізгі табыс көзінен айырылған. Кеңес отырысында қаралған соң, Тараз қалалық әкімдігінің жер комиссиясы  «Тілек» ЖШС-не облыс орталығынан тиісті жер көлемін беру туралы шешім шығарды.

2015 жылдың 15 шілдесінде жеке кәсіпкер Арман Қарымсақов  «Лашын» Футбол клубы» КМҚК-ын электрондық саудада 89 276 теңгеге сатып алып жеңімпаз атанады. Осы жылдың 24 шілдесінде облыстық қаржы басқармасы мен А.Қарымсақовтың арасында сату-сатып алу келісім шарты жасалады. Электрондық сауда талаптарына сәйкес, саудаға шығарылып отырған нысанның дебиторлық немесе кредиторлық қарыздары бар болса ол көрсетілуі тиіс. Алайда, бұл саудада «Лашын» клубының 16 миллион қарызы көрсетілмей, оны төлеу кейін жеке кәсіпкер Арман Қарымсақовқа міндеттелген. Палата мен прокуратруа органдарының араласуымен электрондық сауданы тиісті деңгейде өткізбеген жауапты тұлғаларға шара қолданылды. Нақтылы кезеңде кәсіпкер мен қаржы басқармасы арасында жасалған сату-сатып алу келісім шартын жарамсыз деп тану мәселесі шешілуде.

Брифинг соңында Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қайрат Сыдықов журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер