«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ештен кеш жақсы

2016 жылғы 29 Ақпан
- Жамбыл облысы
10323 просмотров

Субсидиялық қарыздар ағымдағы жылы төленеді

Кәсіпкерлер құқын қорғау жөніндегі кеңестің кезекті отырысында мал шаруашылығын субсидиялау және жер телімдерін жалға алудың мерзімін ұзарту мәселелері қаралды.

Соңғы бір-екі айда Өңірлік кәсіпкерлер палатасына тиісті субсидияларын толық көлемде ала алмаған бес шаруа қожалығынан шағым келіп түскен. Мәселен, талас ауданындағы «Әбдір» шаруа қожалығының жетекшісі Нұржан Мылтықбаев соңғы екі жыл көлемінде мемлекет тарапынан берілетін көмекті қысқартылған түрде алып келгенін айтады. Яғни, тауар өндіруші асыл тұқымды сиырлардың әр басына төленуі тиіс 18 мың теңгенің орнына 13 мың теңгеден алып келген. Осы тектес шағымдар «Мұқағали»,  «Дүкенбаев», «Бай-Ару» шаруа қожалықтарынан да келіп түскен. Байзақ ауданындағы «Жафар» шаруа қожалығының жетекшісі Ясин Сүлейменовте тиесілі 1 миллион 119 000 теңгенің орнына 670 319 теңге алғандығын айтады. Аталған шағымдарды прокуратура органдарымен бірлесе қараудың нәтижесінде заң бұзушылықтардың орын алғаны анықталды. Сөйтіп, құзырлы органдарға шаруалардың қалған қаражатын қайтару және жауапты адамдарды тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы нұсқау берілді.  Прокурорлық әрекет ету актісінде дәл осындай келеңсіздік Жамбыл облысындағы 300 шаруа қожалығында да орын алғандығы көрсетілген.   

Осы мәлеселеге орай түсінік берген облыстық ауыл шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Анабеков өткен жылы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға 1,8 миллиард теңге бөлінгенін, ол қаржы барлық шаруа қожалықтарына толықтай жетпейтін болғандықтан, «азда болса көптей көріңіз» деген принциппен берілгенін айтады. 2015 жылдың қорытындысы бойынша тиісті субсидияны 357 шаруа қожалық толық көлемде алмаса, бүгінгі таңда 258 шаруа қожалық алдындағы қарыз толықтай өтелген. Қалған 119 шаруа қожалығына қатыста жағдай наурыз айында шешілуі тиіс. Ол үшін Ауыл шаруашылық министрлігіне қосымша қаржы бөлу туралы хат жолданып қойған.

Кеңес мүшесі, облыстық «Знамя труда» газеті бас редакторының орынбасары Гүлжан Асанова облыстағы шаруа қожалықтар саны мен мемлекеттен бөлінетін қаражаттың неге бір-бірімен сәйкес келмейтінін сұрады. Уәкілетті орган өкілінің айтуынша оның себебі республикадан бөлінетін қаражаттың аздығында. Ол сонымен қатар шаруалардың да өз иеліктеріндегі асыл тұқымды малдарының санын жасыратынын да жоққа шығарған жоқ.  Ал олардың иелігінде малдарының нақты санын тексеруге ауылшаруашылығының құзіреті жетпейді екен.

«Триана–Тараз» ЖШС-нің директоры Ан Антонина талқыланып отырған мәселенінің жүйелік сипаттағы проблема ретінде қарастыру қажеттігін айтса, Әділет департаменті басшысының орынбасары Дәурен Дайрабаев оны заң жүзінде реттеу керектігін айтты.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе жалға алынған жер телімінің мерзімін ұзарту туралы болды. Оған негіз болған Байзақ ауданы, Жалғызтөбе селолық округіндегі жеке кәсіпкер Петр Никулиннің шағымы. Кәсіпкер 2,5 гектар жерді 5 жылға жалға алып, одан тоған жасап, балық өсірумен айналысқан. Бұл іске кәсіпкер 2 миллионннан астам қаражат құйған. Алайда, 2,5 гектар жердің жалға алу мерзімі біткен уақытта Байзақ аудандық жер комиссиясының мамандары жалға алу келісімшартын ары қарай созудан бас тартқан. Әкімдік мамандарының айтуынша ол жер жайылым жер болғандықтан бөліп алып иеленуге және пайдалануға жатпайды екен. Тұйыққа тірелген кәсіпкер бірден көмек сұрап палатаға қайырылған. Палатаның бірінші санатты сарапшысы Сергей Смирнягиннің айтуынша кәсіпкердің қолына бес жыл бұрын берілген актіде жердің нысаналы мақсаты ретінде шаруашылық-тұрмыстық құрылыс, балық өсіруге арналған тоған көрсетілген де, жер телімінің категориясы  «елдімекен жері» делінген. Ал кәсіпкерге аталған жерді жалға беру мерзімін ұзартпаудың себебі жайылым жер болғандықтан деп көрсетілген. Сондықтан комиссия шешімі негізсіз дейді заңгер. Сонымен қатар мемелекеттік орган берген қорытындыда кәсіпкердің аталған жерге салған қаражаты үшін төленуі тиіс өтемақы мәселесі қарастырылмаған.

Байзақ аудандық әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Нұрлан Оразымбетов алған бетінен қайтпай, кәсіпкер жасаған тоған жергілікті тұрғындар үшін үлкен қолайсыздық тудырып отырғанын, олардың мал жайылымдарының тарылғанын айтты. Тіпті, жергілікті тұрғындар атынан жазылды деген шағымды да мысалға келтірді. Ал облыс прокурорының көмекшісі Абай Алтайевтың егер жайлым жер болса не себепті 5 жыл бұрын ол жерге тоған салуға рұқсат берілген деген сауалына әкімдік қызметкерінің берген жауабы тіпті қызық. Н.Оразымбетов кәсіпкер ол жерді алғанға дейінде онда балық өсірумен айналысқан, сондықтан әкімдіктің оны заңдастырып беруден басқа амалы болмаған. Яғни, мемлекеттік орган өкілдері о баста өз тараптарынан қателік жібергендерін мойындап отыр. Кеңес мүшесі, облыстық «Знамя труда» газеті бас редакторының орынбасары Гүлжан Асанова бұл істе рейдерлік әрекеттердің белгісі байқалмай ма дегенде күдігін білдірді. Себебі, кәсіпкердің бизнесі қалыпты жолға қойылған, анау айтқандай қаражат салудың да қажеті жоқ.

- Өкінішке орай, біздің тәжірибемізде мемлекет кәсіпкерге өтемақы төлеген жағдай болған емес. Мына істің негізінде біз бұл бапты тәжірибеге енгізіп, алдағы уақытта да осылайша кәсіпкерлер құқын қорғауымызға болады. Бірақ, әкімдікке де мүмкіндік беріп, кәсіпкер мәселесін шешудің оңтайлы жолын қарастыруды ұсынайық. Олай болмаған жағдайда сотқа арызданатын боламыз,– деді облыс прокурорының көмекшісі А.Алтаев.

Кеңес мүшелері кеңесе келе, тоған орналасқан Жалғызтөбе селолық округіне барып, жергілікті тұрғындармен сөйлесіп, олардың пікірін тыңдауды, содан кейін ғана нақты шешім шығаруды ұйғарды. Яғни, бұл мәселе айына бір рет өтетін кәсіпкерлер құқын қорғау жөніндегі кеңестің келесі отырысында тағы да талқыланатын болады. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер