«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Германия қолөнершілер палатасының сертификаты тапсырылады

2016 жылғы 26 Сәуір
- Жамбыл облысы
5087 просмотров

Жамбыл политехникалық колледжі республикалық экспериментальды оқу орны болғандықтан, Өңірлік кәсіпкерлер палатасы да колледждегі дуальды білім сапасына жіті мән беріп келеді. Былтырғы оқу жылында қос тарап бірлесіп, «Бизнес негіздері мектебі» курсын өткізіп, 30 студентке сертификат берген. «Atameken-Startup» қоғамдық қоры «Бизнес-идея» байқауын ұйымдастырып, жас кәсіпкерлерге қолдау көрсетті.

Колледждегі дуальды білім жүйесіне «Қазфосфат» ЖШС ерекше үлес қосып отыр. Бұл мекеме студенттерді өндірістік тәжірибеден өтуге қабылдап қана қоймай, білім ордасына әдіснамалық көмектер көрсетеді. Кәсіпорын Жамбыл политехникалық колледжімен бірлесе отырып, дуальды оқыту жүйесі аясында «Механикалық өңдеу, бақылау-өлшеу аспаптары мен өнеркәсіптегі автоматика», «Өнеркәсіп машиналары мен жабдықтарды пайдалану» мамандықтары бойынша мемлекеттік білім беру стандарттарын, 34 типтік және екі интегралды білім беру бағдарламаларын әзірледі. Фосфат өңдеуші кәсіпорын өзіне қажетті мамандарды дайындайтын білім ордасының біліктілігін арттыруға ықпал етуде. Колледж директоры Жанар Орынбаеваның айтуынша, оқу орны «Қазфосфат» ЖШС-мен кадр даярлау бойынша көп жылдан бері серіктес болып келеді.

«Қазфосфат» ЖШС колледждегі кәсіптік білім беру процесіне белсенді араласып отырады екен. 2011-2012 жылдары Жамбыл политехникалық колледжі және  «Қазфосфат» ЖШС «Кәсіптік білім және бизнес: серіктестер диалогы» атты халықаралық форумда техникалық және кәсіптік білім аясындағы үздік серіктестер болып танылған. Ал 2014 жылы «Қазфосфат» ЖШС және «Энерджи-Тараз» ЖШС колледжбен белсенді қарым-қатынас жасағаны үшін «Үздік серіктес» атағына иеленген және Білім министрлігінің арнайы дипломымен марапатталған.

Оқу орны дуальды білім беретін оқытушылардың кәсіби білімі мен біліктілігін жоғарылатуға барынша күш салып отыр. Мәселен, дуальды оқыту жүйесі бойынша 2010-2015 жылдар аралығында 40 оқытушы мен өндірістік оқыту шеберлері Германия, Түркия, Сингапур, Финляндия, Франция, Белоруссия секілді елдерде біліктілікті арттыру курстарынан өткен. 2014-2015 оқу жылдарында 8 өндірістік оқыту шебері мен арнайы пәндер оқытушылары «Дуальды оқыту жүйесін енгізу» жобасы бойынша «Интергаз Орталық Азия» ЖШС өндірісінде, арнайы пәндердің 17 оқытушысы – «Қазфосфат» минералды тыңайтқыштар» ЖШС «Аммофос» цехында, 11 өндірістік оқыту шебері «Механикалық өңдеу, бақылау-өлшеу аспаптары және машина жасаудағы автоматика» мамандығы бойынша «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-да екі апталық тағылымдамадан өтті.

Кәсіпкерлер палатасы мен колледждің алдағы уақытқа арналған бірлескен жобасы аясында былтырғы жылдан бастап, 2015-2017 жылдарға арналған «Кәсіпорындарда дуальды оқытуды ұйымдастыру» халықаралық жобасы іске асырылып, облыс әкімдігінің білім басқармасы, Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасы, Жамбыл политехникалық колледжі және «Қазфосфат», «ЖамбылЭлектржелілері», «Энерджи-Тараз», «ТаразҚұрылысДизайн», «ЖамбылГипс», «ТаразЭнергоорталығы», «Жамбыл ГРЭС» ЖШС арасында төрт жақты келісім-шарт жасалып, аталған өндіріс орындарында 3-курстың 24 студенті өндірістік тәжірибеден өтуде. Жобаның негізгі мақсаты – Қазақстан колледждері мен кәсіпорындарында шағын және орта бизнес мұқтаждығы аясында кәсіби дайындық деңгейінің орнықты жоғарылауына септесу болып табылады.

Жоба аяқталған соң, соның нәтижелерін негізге ала отырып, «Өндірістік оқыту» әдіснамалық жүйесі жасалатын болады. Ал ең соңында түлектер қорытынды аттестаттаудан өтеді. 2017 жылдың маусым айында қорытынды емтихандарды сәтті тапсырған жобалық топтардағы жеңімпаз студентерге, «Атамекен» ҰКП тарапымен серіктестіктегі Германияның Трир қаласындағы Қолөнершілер палатасының сертификаты тапсырылады деп болжануда.

Сонымен қатар, колледж директоры дуальды оқыту сапасын арттыру мақсатында кәсіпорындар жас мамандарға арналған жұмыс орындарын ашу керек деп есептейді. «Кәсіпорындар өндірістік тәжірибеден өтетін студенттерге еңбекақы төлесе, студенттер жігерленіп, өз мамандықтарына деген ынталары оянары сөзсіз. Мысалы, «Жамбыл-Гипс», «ҚазМұнайҚұрылыс», «Энерджи-Тараз», «Кереге» ЖШС-лары және т.б әлеуметтік серіктестеріміз бірқатар мамандықтар бойынша 30 мың теңге шамасында еңбекақы төлеп отырды. Бұл жайт колледж студенттерін тәжірибеден өтуге деген ынтасын жоғарылатты. Оның үстіне, қазіргі дағдарыс жағдайында жұмыс табу – өте өзекті мәселе. Сондықтан, дуальды оқыту әдісі бойынша іс-тәжірибеден өткен студенттер үшін кәсіпорындар жұмыс орындарын көптеп ашса деген тілек бар. Бұл жастарды ынталандырып қана қоймай, олардың әлеуметтік мәселесін де шешер еді», – дейді Жанар Орынбаева.

Дуальды оқыту процесі жастардың әлеуметтенуіне зор ықпал етеді. Әр студент теориялық білімін кәсіпорындарда тәжірибемен ұштастырып отырады. Мұның тағы бір тиімді тұсы – тәжірибе өтіп жүрген студенттер көп уақытын жұмыс орнында өткізеді, өндірісте әріптестерімен етене араласып, кәсіби қарым-қатынасқа тез үйренеді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер