«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Тестілік алаңда – нәзік жандар

2016 жылғы 03 Мамыр
- Жамбыл облысы
9381 просмотров

Таразда Жамбыл облысының кәсіпкер әйелдеріне тауарлары мен қызметтерін көрсетуге арналған тамаша сынақ алаңы ұсынылды

Осылайша облыстағы Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған Іскер әйелдер кеңесінің «UMAI» атты ауқымды жобасының бірінші кезеңі аяқталды.

«Біздің бизнес-ханымдарымызға жан-жақты қолдау қажет, әсіресе қазіргідей күрделі экономикалық жағдайда. Бірінші кезекте бұл ауылды жерлердегі әйелдер кәсіпкерлігіне қатысты. Заманауи жағдайларды ескере отырып, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «UMAI» жобасын қолға алды», – деді Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры, Іскер әйелдер кеңесенің төрайымы Қарлығаш Аралбекова.

Пилоттық жоба ретінде үш өңір таңдалды – Жамбыл, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстары. Жобаның міндеті, әсіресе ауылды жерлердегі  кәсіпкер әйелдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, кірісті өсіру арқылы нәзікжандылар кәсіпкерлігінің сапасын арттыру және өзін-өзі қалыптастыру үшін мүмкіндіктер ұсыну. HoReCa, Retail, аграрлық сектор, консалтинг және IT-технологиялар саласына басымдық берілуде. Жобаны Өңірлік кәсіпкерлер платасы Іскер әйелдер кеңесіне мүше 46 бизнес-ханым жүзеге асыруда. UMAI жобасын жүзеге асыру мақсатында құрылған жұмыс тобы екі аптаның ішінде облыстың барлық аудандарына барып қайтты. Жұмыс тобының құрамына «Жамбыл облысы қаржылық емес ұйымдар қауымдастығы» ЗТБ-ның төрайымы Айнұр Зәуірбекова, «Аллана и Д» ЖШС-ның директоры Әлия Күшікбаева, «Дана-дель» ательесінің директоры Бақытгүл Тоқтыбаева, «Goodmaker» ЖШС-ның директоры Әмина Қайназарова, «Тараз қаласындағы Қазақстан Халық банкінің еншілес ұйымы «Халык-Life»  өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ директоры Ақмарал Ералиева, «Олжас Мұнай» ЖШС-ның директоры Күлбала Мамедалиева мен «UMAI» жобасының жетекшісі Диана Ратбекова сынды кәсіпкерлер кірді. Кездесулерде Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері жоба туралы әңгімелеп, ауылды жерлердегі бизнес-ханымдардың мұң-мұқтажын тыңдады, оқу материалдарын таратты.

Одан соң бизнес-ханымдарға сынақ алаңы ұсынылды. Онда бизнес-ханымдар өз өнімдерімен, қызметтерімен таныстырды. 70-тен астам қатысушының өнімдірнің саналуандығы қонақтарды таң-тамаша қалдырды. Онда қолдан жасалған кәдесыйлар да, тоқыма да, жасау да, бал да, сүт өнімдері де бар. Әр қатысушыға көрмеге келушілер мен сарапшы топ мүшелері баға беріп, үздігін таңдауға көмектесті. Әрбір көрмеге келуші мен сарапшы топ мүшесіне үш түсті жетон беріліп, олар сол жетондардың көмегімен ұнаған кәсіпкеріне дауыс беру мүмкіндігіне ие болды.

Халықтық дауыс беру нәтижесінде орындар былайша жіктелді: бірінші орынды көбірек балл жинаған Қордай ауданынан келген кәсіпкер Валерий Ромащенко иеленді. Ол көрмеге балы мен бал шырынын («Мед питной») алып келіпті. Бірінші орынға тағы Шу ауданынан келген «Айшот» ЖШС-ның өнімдері мен Т.Рысқұлов ауданынан келген ұлттық киімдер тігумен айналысатын «Сағынбекова» ЖК ие болды.

«Күміс» те үш компанияға бұйырды. Олар: қолданбалы өнермен айналысатын Қордай ауданының «Оспанқұлов» жеке кәсіпкерлігі, тігінмен айналысатын Шу ауданының «Ернар» жеке кәсіпкерлігі және былғары аяқ-киім тігумен айналысатын Т.Рысқұлов ауданының «Есеналиев» жеке кәсіпкерлігі.

Үшінші орынды мына қатысушылар өзара өзара бөлісті: кондитерлік өнімдерін ұсынған Қордай ауданының «Урустамова» жеке кәсіпкерлігі, тігінмен айналысатын Шу ауданының «Севара» жеке кәсіпкерлігі және қоян өсірумен айналысатын Байзақ ауданының «Бақдәулет» жеке кәсіпкерлігі.

Бірінші орын иегерлері тегін жарнама ролигін дайындап, жергілікті 77 ТВ арнасы арқылы тарату мүмкіндігіне ие болса, екінші орын иегерлері жарнама роликтерін қаладағы LED-дисплейлер арқылы таратуға мүмкіндік алды. Оны «Goodmaker» ЖШС ұсынып отыр. Үшінші орынды иеленген кәсіпкерлерге Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы өнім брендін жасау бойынша сервистік қызметін тегін ұсынатын болды.

Сондай-ақ жеңімпаздар жобаның екінші кезеңіне жолдама алды. Ол бойынша олар бір жыл бойы өз өнімдерін отандық тауар өндірушілерге арналған TARAZ-store-KZ дүкеніне тегін орналастырады.

Үшінші кезеңде UMAI интернет-порталы құрылады да, онда жеңімпаздар өз ісі туралы толыққанды ақпаратты тегін беріп қана қомай, Қазақстаннан, сондай-ақ шетелдерден әріптестер мен тапсырыс берушілер табуға мүмкіндік алады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер