«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кооперативтен қауымдастыққа...

2016 жылғы 15 Маусым
- Жамбыл облысы
8999 просмотров

Кәсіпкерлер палатасы Германия тәжірибесіне сүйене отырып, Ауылшаруашылық өндірістік кооперативтерінің қауымдастығын құрмақ ниетте

Жамбыл облыстық Кәсіпкерлер палатасының басты міндеті өңірде кәсіпкерлікті дамытуға ықпал ету болып табылады. Сол себепті қандай бағытта қозғалу керектігін түсіну маңызды. Жамбылдық бизнестің шынайы келбеті мынадай: бизнестің жұмыс істеп тұрған 67378 субъектісінің 99,4 %-ы – шағын бизнес, оның 60%-ы ауыл шаруашылығымен және саудамен  айналысады. Бір қарағанда, көрініс айқын әрі түсінікті тәрізді – негізінен ауыл шаруашылығы дамыған облыс, бірақ бұған бір кішкене фактіні – ауылшаруашылық тауар өндірушілерінен түсетін салық түсімдері жалпы көлемнің бар болғаны 0,03 пайызы екендігін қоссақ барлығы өзгеріп сала береді. Бірден мынадай сұрақ туындайды: неліктен біздің шаруа қожалықтарымыздың көпшілігі субсидия алғанның өзінде осыншама аз  табыс табады, оларға мемлекет және түрлі қорлар мен институттар тарапынан саналауан көмек те көрсетіліп жатыр емес пе? Жамбыл облыстық Кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Аспандияр  Сейсебаевтың пікірінше, бұл сұрақтың жауабы шаруа қожалықтарының ұсақ тауарлы екендігіне келіп тіреледі.

«Облыста 15 мыңнан астам шаруа қожалығы бар, олардың басым көпшілігінің жері үш-бес гектардан аспайды, – дейді ол. – Сондықтан олар ауылшаруашылық техникасын сатып та ала алмайды,  өнімді тұрақты түрде  әрі  тиімді өткізе де алмайды,  даму мүмкіндігі де жоқ. Қаржы институттары, әрине, мұндай ШҚ-ларды қаржыландырмайды, олар қаражатты ірі шаруашылықтарға салады. Осылайша, аграрийлердің бүкіл проблемаларын зерделей келе, Кәсіпкерлер палатасы басым бағыттардың бірі ретінде шаруаларды кооперативке біріктіруді айқындап алды».

Осы ретте «Атамекен» ҚР ҰКП және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бірлескен Іс-шаралар жоспары бар екенін және ол іске асырылуда екендігін айта кеткен жөн, бұл құжатта шаруа қожалықтарына кооперацияның артықшылықтары туралы айтып түсіндіру жұмысына көп мән берілген.

«Біз облыс ШҚ-ларға егжей-тегжейлі талдау жүргіздік және жекелеген емес, тұтас бір жүйелік проблемаларды анықтадық, айталық, жердің, ауылшаруашылық техникасының, кадрлардың және басқаларының жетіспеушілігі тәрізді. Талдауға сәйкес, бүгінгі күні облыста 12 ауылшаруашылық өндірістік кооперативі (АӨК) құрылған немесе қайта тіркеуден өткен, олар 225 шаруа және фермерлік қожалықтарды, дербес қосалқы шаруашылықтарды біріктіреді.  Бұл ретте негізгі үлесті егіншілік және сүтті қайта өңдеу шаруашылықтары құрайды. Сонымен қатар, қазіргі уақытта палатаның аудандық филиалдарының сүйемелдеуімен (құжаттарды әзірлеу, тіркеу кезінде көмектесу, мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес беру және т.б.) 3 АӨК құрылу сатысында тұр, – деп атап өтті А.Сейсебаев. – Одан бөлек, ұзаққа созылған келіссөздердің нәтижесінде Меркі ауданында 42 шаруа қожалығын біріктіріп, сүт кластері аясында тұңғыш ірі кооператив – «Мерке өнімдерін» құруға қол жеткіздік. Қазірдің өзінде шаруалар бірігудің пайдасын көре бастады, енді 15 қожалық та осы кооперативтің құрамына кіруге тілек білдіріп отыр».

Кооперативтің шаруалар үшін қандай пайдасы бар? Біріншіден, кооператив неғұрлым ірі болған сайын, соғұрлым қажетті қаржыны алу, лизингке техника рәсімдеу жеңілірек. Екіншіден, сатып өткізуге қатысты проблемалар оңай шешіледі – ірі сауда орталықтарымен, дүкендермен және т.б. үлкен көлемдегі өнімді өткізу жайында келісімге келу мүмкіндігі бар. Бірігу арқылы өнімді сақтау және басқа көптеген мәселелерді шешу жеңілірек  болады. Шаруа қожалықтарының проблемаларын шешудің маңызды кезеңі  Жамбыл облыстық Кәсіпкерлер палатасының Ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері қауымдастығын құруы болмақ.

Қауымдастық құру идеясы «Қазақ-герман аграрлық-саяси сұхбаты» жобасының жетекшісі Дитхард Рудерт, Германиядан келген сарапшы, Райффайзен кооперативтер одағының мүшесі Уве Шëне мырза, сондай-ақ АӨК экономикасы және ауыл аумақтарын дамыту ҚазҒЗИ өкілі Ғалия Әкімбекова қатысқан АӨК жобаларын ұйымдастыру мәселелері жөніндегі семинар барысында туды.

«Германиялық сарапшылар  өз тәжірибесімен бөлісті – олар шаруаларды кооперативтерге біріктіру басталғаннан бүгінгі күнге дейін созылған 25 жылдық жолдан өтті, қазір мұның бәрі оларда толық жолға қойылған. Оларда Кооперативтер қауымдастығы жұмыс істейді, ол барлық мәселелерді – заңнамалық деңгейде де, іс жүзінде көмек көрсету және консультация беру жағын да шешеді. Неміс сарапшылары бізге кооперативтердің де, олардың қауымдастығының да жұмысымен танысу үшін жамбылдық кооперативтің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің және Палатаның қатысуымен ақпараттық тур жасауды ұсынды. Бұл сапар осы жылы аграрлық-саяси сұхбат жобасы аясында өтеді. Сапардың нәтижесі заңнамаға өзгертулер енгізу бойынша  ұсыныстар жасау және мүдделерді үйлестіру, сондай-ақ АӨК-ті дамытуға қатысты консультациялық жұмыстарды іске асыру үшін республикалық деңгейде Кооперация орталығын құру бағытындағы жұмыс  үшін Жамбыл облысында АӨК қауымдастығын құру болмақ», – деп түсіндірді Аспандияр Сейсебаев.

Ол, сондай-ақ, «Атамекен» ҚР ҰКП және ҚР АШМ арасында «Агроөнеркәсіп кешені субъектілерін  ақысыз негізде ақпаратпен қамту» бюджеттік бағдарламасына сәйкес, агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне тегін білімдер тарату бойынша Келісімшарт жасалғанын қоса айтты.

«Биылғы жыдан бастап базалық шаруашылықтарда агроөнеркәсіп кешенінің 25 негізгі бағыты бойынша ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне арналған оқу семинарларын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қызметтер іске асырыла бастайтын болады. Республика бойынша барлығы 700 семинар өткізу жоспарланған, – деді ол. – Біздің облыстың ерекшелігіне сәйкес, семинарлардың алдын ала бағыттары әзірленді және семинарлар өтетін базалық шаруашылықтар іріктеп алынды. Осылайша, егін шаруашылығы бағыты бойынша 13 тақырып пен оқу семинарын өткізуге арналған базалық шаруашылықтар анықталды, ал мал шаруашылығы бойынша жеті тақырып пен базалық шаруашылық дайын. 2016 жылдың соңына дейін Агроқұзыреттілік орталығы мен ӨКП арасында келісімшарт жасау жоспарланып отыр», – деп атап көрсетті Аспандияр Сейсебаев.    


Еншілес ұйымдар

Серіктестер