«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Мәмілелердің заңдылығын дәлелдей алады

2016 жылғы 17 Маусым
- Жамбыл облысы
8800 просмотров

Жанар-жағармай материалдарын (ЖЖМ) сатып өткізушілер жалған кәсіпкерлермен жасалған мәмілелердің заңдылығын дәлелдей алады

Бұл жайында журналистерге Жамбыл облыстық Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Қайрат Сыдықов брифинг кезінде айтып берді.

Оның айтуынша, таяуда Астанада Бас прокуратурада «Кәсіпкерлік саласындағы прокуратуралық қадағалау (мазмұны мен басымдықтары)» атты форум өтті, оған конференц-байланыстың көмегімен Жамбыл облысының прокуратурасы және өңірлік кәсіпкерлер палатасы қатысты.

Бас прокурор Жақып Асанов жалған кәсіпкерлік үшін жаза кесілген «Alma Oil Energy» ЖШС және «GIS Solution+Consulting Almaty» ЖШС басшысы Евгений Минаковпен жұмыс істеген жанар-жағармай өткізушілерге қатысты үкімдер бойынша наразылық келтірілгені туралы мәлімдеді.

«Тиісінше, жамбылдық бизнесмендердің Минаковпен жасалған барлық мәмілелер заңды болғанын дәлелдеуге мүмкіндіктері пайда болмақ, – деді Қайрат Сыдықов. – Бастысы, олардың ешқайсысы қызметін тоқтатпайды, кассалық аппараттарына сүргі соғылмайды  және шоттары жабылмайды».

Осы ретте Жамбыл облыстық Кәсіпкерлер палатасына жанар-жағармай өткізуші кәсіпкерлерден ұжымдық шағым келіп түскенін еске сала кетейік.

Олардың түсіндіруінше, 2011-2013 жылдары Жамбыл облысының ЖЖМ операторлары арасында жасалған жанар-жағармайды ай сайынғы әлеуметтік бөлу туралы меморандум аясында ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігі Е.Минаков басшылық ететін «Alma Оil Еnergy» және «GIS Solution+Consulting Almaty» ЖШС-лерімен жеткізу туралы келісімшарттар жасауға міндеттеген.

Алматы қаласының Алмалы аудандық сотының 2015 жылғы 3 желтоқсандағы үкімімен Евгений Минаков жалған кәсіпкер деп танылады, соның нәтижесінде оның контрагенттеріне құқықбұзушылықтарды жою туралы ескертулер жолданады, онда жалған кәсіпкермен жасалған операциялар бойынша есептерден ҚҚС сомасын алып тастау талап етілген.

Сөйтіп, Жамбыл, Алматы, Оңтүстік Қазақстан және басқа да облыстардың бизнесмендері корпоративтік табыс салығын айтпағанның өзінде, миллиондаған ҚҚС сомасын төлеуі тиіс болды.

Сонымен, өңірдің 22 кәсіпорнынан тек 225 миллионнан астам теңге ҚҚС талап етілді.

Берілген ескертулерге келіспеген кәсіпкерлер Кәсіпкерлер палатасына жүгінді.

Мұнда кәсіпкерлердің іс жүзінде мемлекет ұсынған компаниямен жұмыс істегені туралы дерек қызық екендігі аян.

Кәсіпкерлер тек алдын ала тергеу және сот барысында жасалған мәмілелердің жарамдылығын дәлелдеп, өз құқықтарын қорғай алды, бірақ олар бұл істің сотта қаралатынын мүлде білмеді. Палата заңгерлері үкімнің күні бұрын, кәсіпкерлердің дәлелдерін зерттемей тұрып шығарылғанына сенімді, олар тіпті қылмыстық іс бойынша куәгер ретінде де шақырылмаған екен.

Жасалған операциялардың заңдылығын растайтын құжаттар зерттелмеген. Сот шот-фактуралардың көшірмелерін тіркеумен шектелген, бұл ретте сол шот-фактуралар бойынша тауар жеткізу жүзеге асырылмаған деп тұжырымдаған. Сот үкімінің болуына байланысты кәсіпкерлер мәмілелерді азаматтық-құқықтық тәртіппен жарамды деп тану мүмкіндігінен айрылып отыр. Бизнесмендер кәсіпорынмен адал жұмыс істеген және Минаков заңнаманы бұзып жұмыс істейді деп тіпті де ойламаған. Тауар жеткізілімдері бүкіл қажетті құжаттарды ұсына отырып жасалған келісімшарттар негізінде іске асырылған.

Қылмыстық іс қағидаттарын бұза отырып, сотқа дейінгі тергеу органдары жалған кәсіпорынның контрагенттерін жәбірленуші деп мойындамады, сөйтіп кәсіпкерлік субъектілерін қорғауға қатысты конституциялық құқықтарды сақтауда елеулі қателік жіберді.

Егер есепшоттарға тыйым салыну басталса, кәсіпкерлер өз аудандарын ЖЖМ-мен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерін орындай алмас еді.

Ұжымдық шағымнан кейін бірден Кәсіпкерлер палатасында осы қоғам назарына ілінген істі қарау үшін Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесінің шұғыл отырысы өткізілді. Кеңес Бас прокуратураға сот үкіміне кассациялық наразылық келтіру туралы хат жазу жайлы қарар қабылдады.  

Түрлі өңірлер бизнесмендерінің өтініштерін қараған соң, «Атамекен» ҚР ҰКП Бас прокуратураға жүгінді. Соның нәтижесінде «Кәсіпкерлік  саласындағы прокуратуралық қадағалау (мазмұны мен басымдықтары)» атты форум өтіп, онда бас прокурор Жақып Асанов үкімдер бойынша наразылық білдіретіні туралы мәлімдеді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер