«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнес ашсаң, хабарлама жібер

2016 жылғы 20 Маусым
- Жамбыл облысы
8616 просмотров

Заңнамадағы өзгерістер бизнесмендерді өкілетті органға хабарлама жолдауға міндеттеп отыр, ондай болмаған жағдайда оларға ірі көлемдегі айыппұлдар салынбақ

Облыс бизнесмендерін заңдағы жаңалықтар туралы құлақтандыру, сонымен бірге оның іс жүзінде қалай қолданатыны туралы егжей-тегжейлі түсіндіру мақсатында Кәсіпкерлер палатасы Тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі департаментпен бірлесе отырып, облыс бизнесмендеріне арнап семинар өткізді.

Тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі департаменті басшысының орынбасары Ғазиз Надуев кәсіпкерлерге заң бойынша мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мен қадағалауға жататын өнімдер мен эпидемиялық маңызды нысандардың тізімі анықталғанын хабарлады. Аталған салаларда жұмыс жасайтын бизнесмендер бағытын тізімде көрсетілгендердің бірі бойынша тіркеу немесе алмастыру кезінде бұл туралы өкілетті орган – Тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі департаментке хабарлау керек.

Департаменттің құқықтық жұмыс және мемлекеттік сатып алулар бөлімінің басшысы Марал Жақыбаеваның айтуынша, өзгерістер барлық бизнесмендерге қатысты болып отыр.

«Тіркеу, рұқсат алу, хабарлама жіберу міндетті бола тұра, тіркеусіз, рұқсатсыз кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сонымен бірге әрекеттер немесе операцияларды орындау, егер бұл әрекеттердің құрамына қылмыстық жазаға тартылатын істердің белгілері болмаған жағдайда, айыппұл салынады, – деді ол. – Демек, кәсіпкер нысан ашқаны туралы хабарлама беруі керек. Онда барлық құжаттар болуы тиіс. Бұдан кейін біз жоспардан тыс тексерісті рәсімдеп, нысанға барамыз. Заңбұзушылықтар анықталған жағдайда біз әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама жасап, ұйғарым шығарамыз. Бұдан бөлек, заңды тұлғалар тарапынан шағымдар түскен кезде, біз хаттама жасап, оны сотқа тапсырамыз».

Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Қайрат Сыдықовтың берген ақпараты бойынша бизнестің құқығы мен заңды мүдделерін қорғау ұйымның басты міндеттерінің бірі болып отыр.

«Біз кәсіпкерлер құқығын қорғау мәселелері бойынша мобильді топтар құрамына енеміз. Олар кәсіпкерлер құқығының бұзылу деректері орын алған оқиға орнына шыға алады. Облыс прокуратурасымен бірлесе отырып, біз жыл басынан бері 100 заңсыз тексерістің алдын алдық. Алайда біз кәсіпкерлік субъектілері құқығының бұзылуының алдын алу бойынша да жұмыс жасаудамыз. Яғни, біз оларға заңнамаға енген өзгерістердің мәнін түсіндіреміз. Бүгінгі бірлескен семинар соның айғағы», – деді ол. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер