«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Көкөніс делдалсыз жеткізіледі

2016 жылғы 19 Шілде
9716 просмотров

ҚР ҰКП Шағын және орта бизнесті дамыту департаменті қазақстандық өндірушілердің өнімдерін өткізу нарығын кеңейту мақсатында Астананың «BigШанхай», «Шарын» базарларында көшпелі отырыс өткізді

Жиынға базардың бас директоры Қайырлы Тәукен, Картоп және көкөніс өсірушілер одағының атқарушы директоры Жомарт Нұрқанов, сондай-ақ жеміс-жидек, көкөніс сатумен айналысатын саудагерлер қатысты.

Келіссөздер барысында көкөністердің негізгі үлесі (картоп, сәбіз, қызылша, пияз, орамжапырақ) базарлардан алынып, содан кейін ғана ірі сауда желілері мен шағын бөлшектеп сату дүкендерінің сөрелеріне қойылатын болып келісілді.

Бір жылдың ішінде маусымға байланысты картоп бағасы 3-4 есеге дейін бірде қымбаттап, бірде арзандап тұрады. Сауда-саттық жасаушылардың айтуынша, күн сайын Астана қаласында негізгі көкөніс түрлерінің 145 тоннасы тұтынылады екен, оның 95 тоннасы картоп. Жомарт Нұрқанов 50-дей шаруа қожалықты біріктірген Одақ тұрақты бағамен елорданы жыл он екі ай үздіксіз картоппен қамтамасыз етіп тұруға қауқарлы екенін атап өтті.

Сонымен, нарықтағы негізгі көкөніс түрлерінің бағасын тұрақтандыру үшін негізгі тауар айналымына санаулы ғана ірі ойыншыларды қатыстыруға ұсыныс білдірілді. Олар, өз кезегінде, бөлшектеп сатумен айналысатындарға өнімдерін аз ғана үстемемен берер еді (көтерме саудамен айналысатындардың табысы қомақты көлемдердің есебінен қамтамасыз етіледі).

Бұл жалпы өткізу рәсімін айтарлықтай реттеп, бағаны арзандату арқылы халықтың сатып алу мүмкіндігін арттырар еді.

Жалпы алғанда, кездесу нәтижесінде көтерме саудамен айналысатындар да, бөлшектеп сатумен айналысатындар да аталған ұсыныстарды қолдап, Одақпен әріптестік орнатуға қызығушылықтарын білдірді әрі ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасына сауда-саттық үшін маңызды мәселені шешуге қолдау танытып, көмектескендері үшін алғыстарын білдірді.

Осы саладағы түйіткілді мәселелерді шешуге және қолдау танытуға қатысты сұрақтар бойынша «Атамекен» ҚР ҰКП Шағын және орта бизнесті дамыту департаментіне жүгінулеріңізді сұраймыз.

Анықтама: ҚР ҰЭМ Статистика жөніндегі комитеттің мәліметі ойынша, 2015 жылы Қазақстанда картоптың жиынтық терімі 3,5 млн тоннаға, ормажапырақтың жиынтық терімі 498 мың тоннаға, сәбіздікі 520 мың тоннаға, қызылшаның жиынтық терімі 146 мың тоннаға, пияздың жиынтық терімі 685 мың тоннаға тең болған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер