«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жұмысшы мамандығының болашағы зор

2016 жылғы 27 Қыркүйек
- Жамбыл облысы
11699 просмотров

«Қазфосфат» ЖШС «Минералды тыңайтқыштар» зауытының жұмысшысы Абзал Қонысбаев «Еңбек жолы» республикалық байқауында жеңіске жетуге үмітті

Елімізде Еңбек күніне орай, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі «Еңбек жолы» байқауын ұйымдастырып отыр. Байқау үш кезеңнен тұрады: қалалық, облыстық және республикалық.

Облыстық Кәсіпкерлер палатасы қалалық байқауға қатысу үшін «Қазфосфат» ЖШС «Минералды тыңайтқыштар» зауытының маманы Абзал Қонысбаевтың кандидатурасын ұсынды.

«Оның жас екеніне қарамастан, жеңіске жетеріне сенімдіміз. Өйткені ол ұйымдастыру шеберлігі мықты, қызметіне адал және өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын маман», – деп атап өтті Жамбыл облыстық Кәсіпкерлер палатасы адам капиталын дамыту  бөлімінің басшысы Бағила Абдуллаева.

Абзал Қонысбаев үш жыл бұрын Алматы энергетика және байланыс институтын және Томск политехникалық университетінің энергетика және электротехника мамандығы бойынша магистратура бөлімін аяқтағаннан кейін, минералды тыңайтқыштар зауытына күкірт қышқылы цехының электр құрылғыларын жөндеу және қызмет көрсету бойынша төртінші санаттағы слесарь-электрик болып жұмысқа келеді. Жас қызметкердің еңбек жолы зауытты іске қосу жұмыстарын жүргізу кезінде қызып береді. Жаңа цехты іске қосу үшін 7-9 сағат жұмыс істеуге тура келді.

«Мен бәрін басынан бастадым. Жұмыс барысында мұның қаншалықты қиын екенін сезінсем де, қызметімді адал атқардым, – деп есіне алды Абзал Қонысбаев. – 8 айдан кейін мені №10 электрмен жабдықтау цехына электротехникалық зертхананың басшысы міндетін атқаруға шақырды».

Бүгінде Абзал Қонысбаевтың бөлімінде 4-6 санаттағы үш электр дәнекерлеуші еңбек етеді. Солардың бірі 35 жылдан астам еңбек тәжірибесі бар Алексей Копытин. Сол кісімен бірге барлық жұмыс талқыланып жоспарланады. Оларға үлкен жауапкершілік артылған. Өйткені олардың жасаған кішкентай қателігі апаттық жағдайға және зауыттың барлық цехтарының тоқтап қалуына себепші болады. Ал мұның арты көптеген шығынға апарады және де басшы желідегі кез-келген кедергінің алдын алуға міндетті. Бұл жұмыста жаңа білім мен біліктілік, компьютерлік сауаттылық қажет.

«Мен өз жұмысымды жақсы көремін. Сондықтан оған көңілді барамын, – деп Абзал Қамбарұлы сырын ақтарды. – Бұл жерде ұжымның рөлі өте зор. Ал менің ол жағына келгенде жолым болды. Қазіргі уақытта қатардағы жұмысшылар туралы көп нәрсе айтылады. Өндірісте жүріп, жұмысшы мамандардың қазір де, келешекте де қажет екенін түсінесің. Сондықтан да жастарға айтарым, өмір жолдарыңды жай мамандықтан бастаудан қорықпаңдар! Тек қана күн сайын оқып, адал еңбек етуге тырысу керек. Кім өз мансабын төменнен бастаса, сол барлық қиын кезеңдерден өтіп, барлығын түсініп, сезінетін болады. Сонымен қатар, мен дуальдық оқыту бойынша тәлімгер ретінде семинарға қатысамын. Көзімнің жеткені, бізде ардагерлер дәстүрін жалғастыратын, дайындығы мықты жастар өте көп. Жұмысшы мамандығының болашағы өте зор».

Айта кетерлігі, облыстың Кәсіпкерлер палатасы екінші жыл қатарынан Трир қаласындағы дуальды жүйемен оқыту жөніндегі халықаралық жобаның қатысушысы болып табылады. Жоба аясында тәлімгерлік бойынша облыстың алты ірі кәсіпорнымен келісімшарт жасалған. Соның ішінде Жамбыл политехникалық колледжі және «Қазфосфат» ЖШС арасында да келісімшарт бар.

Абзал Қонысбаев өз жасына қарамастан «Қазфосфат» ЖШС-ның тәлімгері болып табылады. Және де Жамбыл политехникалық колледжіне дуальды жүйені енгізу бойынша облыстағы Кәсіпкерлер палатасымен ынтымақтасады. «Атамекен» ҚР ҰКП және Трир қаласының қолөнер палатасының халықаралық жобасы бойынша оқыту курсынан да өткен.

Абзал Қонысбаев «Еңбек жолы» байқауының қалалық және облыстық кезеңінде «Өндірістегі ең үздік жас қызметкер» аталымы бойынша жеңіске жетті. Қазір республикалық байқауға дайындалып жатыр. Оған шын жүрегімізден сәттілік тілейміз!


Еншілес ұйымдар

Серіктестер