«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Өзекті мәселелер бизнес-омбудсмен назарында

2016 жылғы 29 Қыркүйек
- Жамбыл облысы
10254 просмотров

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ұлт жоспарын, яғни Елбасының бес институционалды реформасын іске асырудағы 100 нақты қадамды жүзеге асыруға арналған баспасөз мәслихаты өтті

Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Қайрат Сыдықов аталған жиында 54-қадам бойынша «Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау үшін бизнес-омбудсмен институтын нығайту» тақырыбында баяндама жасады.

Президенттің 2014 жылғы 27 ақпандағы «Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы» Жарлығына сәйкес, Үкіметке Ұлттық кәсіпкерлер палатасының рөлін, соның ішінде бизнес-омбудсмен институтын енгізу арқылы күшейту жолдарын қарастыратын заң жобасын әзірлеу туралы міндет жүктелген-ді.

2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап Кәсіпкерлік кодексі әрекет ете бастады, аталған кодекстің 28-тарауында бизнес-омбудсменнің құқықтық мәртебесі егжей-тегжейлі көрсетілген.

«Бизнес-омбудсмен – Қазақстан үшін мүлде жаңа институт. Оның жоғарғы дәрежесі мен кең ауқымды өкілеттілігі қазақстандық бизнестің жүйелік мәселелерімен, шенеуніктердің әуреге салуымен және заңнаманың жетілмегендігімен анағұрлым тиімді күресуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті Қайрат Сыдықов.

Оның айтуынша, бизнес-омбудсменнің негізгі функцияларына кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін ұсыну, қамтамасыз ету, қорғау және олардың арыздарын қарау жатады. Уәкілдің атына келген әрбір арыз бақылауға алынып, оларды бизнес-омбудсмен аппаратының қызметкерлері қарайды. Ешқандай арыз жауапсыз қалдырылмайды.

2016 жылдың 19 ақпаны күні Елбасының жарлығымен Болат Әбілқасымұлы Палымбетов Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл қызметіне тағайындалғаны белгілі.

«Осы айдың маусым айында бизнес-омбудсмен Жамбыл облысына келді. Жұмыс сапары барысында Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов облыс әкімімен және прокурормен кездесіп, «Атамекен» ҚР ҰКП Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес пен Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің бірлесіп өткізген отырысына қатысты, - дейді Қайрат Сыдықов. – Кәсіпкерлер палатасының бизнесмендерге есеп беру кездесуінде Болат Палымбетов кәсіпкерліктің көкейкесті мәселелерін талқыға салды».

Одан бөлек, бизнес-омбудсмен бизнестің түйткілді мәселелері мен олардың құқықтарының бұзылуына қатысты уәждері бар кәсіпкерлерді жеке қабылдады.

 «Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің жеке қабылдауының қорытындысы бойынша бизнесмендерден келген 11 арыз тіркелді, - деп атап өтті Қайрат Сыдықов. – Оның сапары барысында арыздарды талдаған соң кәсіпкерлер қызметімен байланысты бірқатар өзекті мәселелер анықталды. Мәселен, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау, мемлекеттік сатып алуларға қатысу барысында отандық тауар өндірушілерді қолдау, бизнестің дамуына кедергі келтіріп жатқан әкімшілік кедергілер сияқты жайттар әңгіме арқауына айналды».


Еншілес ұйымдар

Серіктестер