«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Мал өсірсең – қой өсір, өнімі оның көл-көсір...

2016 жылғы 14 Қазан
28210 просмотров

Қой шаруашылығы жөніндегі шетелдік сарапшы, осы саланың Қазақстандағы даму келешегіне баға берді

Бүкілресейлік ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, Ресей ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының корреспондент мүшесі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Василий Абонеев агроөнеркәсіп кешенінің тиісті бағытымен 1971 жылдан бері айналысып келе жатқан майталман маман. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының корифейін «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Агробіліктілік орталығы жұмысының шеңберінде фермерлерге арналған семинарлар өткізу үшін шетелдік маман ретінде шақырды.

Қазақстан мен Ресейдегі қой шаруашылығының даму үрдісі ұқсас болғандықтан, сарапшы қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен тез тіл табысып кетті. Василий Абонеев отандық қой шаруашылығының әлеуетін жоғары бағалады. «Дүние жүзінде бірінші рет сіздерде етті-жүнді бағыттағы биязы жүнді қой алынды. Сіздер әлемде бірінші рет қазақ биязы жүнді қойының негізінде будандастыру жүргізіп, қазақ арқар-меринос қойын алдыңыздар. Міндет – осыны жоғалтып алмау және ғалымдардың көп жылғы еңбектерін бағалай білу. Сондықтан да біз қойлардың еті мен жүнін арттыру әдістері туралы дәрістер оқыдық», –  деп атап өтті ол.

Профессор Қазақстанда осы саланың дамуын тежеп отырған факторларды атап өтті. «Мен Мәскеуден Алматыға дейін Қазақстанның кеңбайтақ жерімен жүріп өттім, сол уақыт аралығында терезеден жайылымдарға қарап отырдым. Жайылымдар, әрине, нашарлаған. Өнімнің өзіндік құны төмен болуы үшін, біз жайылымдық жерлерді барынша пайдалануымыз қажет. Алайда жай ғана пайдаланып қоймай, мұны сауатты түрде жақсартуымыз қажет. Мен оларға (фермерлерге – авт.) есептеу формуласын көрсеттім», - дейді ол.

В.Абонеевтің айтуынша, қазір етті мал қой шаруашылығын ығыстыра бастады, дегенмен соңғысынан табыс көп. Қой шаруашылығы – шығыны көп сала. Дегенмен профессор қой сияқты жануарды айрықша ерекшеліктерге ие деп есептейді. «Оның жағы сына тәрізді, үшкір, төменгі жақтағы күрек тістері қиғаш орналасқан және еріндерінің де қозғалысы мықты. Ол 2-3 см биіктіктегі шөпті тістеуге мүмкіндік береді. Бұл мықты жануар! Әлемде одан басқа бір де бір жануар ол сияқты сан түрлі өнім бермейді: жүн, елтірі, терісі, қозы, қой еті, сүті – әлемдегі ең қымбат рокфор ірімшігі және құйрық майы. Қойлар әлемде өсетін 800 шөптің 560-ын қорек етеді. Ірі қара мал 420, жылқы 415 шөп түрімен қоректенеді. Мен жайылымды жерлерді пайдаланудың тиімділігі туралы айтып отырмын. Қойлар иісі жаман, тікенді өсімдіктерді, арамшөптерді жей береді», – деді сарапшы.

Профессор статистика деректерін келтіріп өтті. Соған сәйкес, әлемдік деңгейде жүн өндірісі 40,7%-ға қысқарып, ал қой өндірісі 64,2%-ға артқан. Оның айтуынша, жүн – өндіріс жағынан ең қымбаты, оны синтетикалық және жасанды талшықтар ығыстыруда.

«Егер бұрын біз жалпы экономикалық тиімділікте жүннен 90%, ал қой етінен 10% пайда көріп келсек, ал қазір жүннен 10%, ал қой етінен 90% пайда көрудеміз»,  - деді сарапшы.

В.Абонеев Ұлттық палатаның Агробіліктілік орталығы ұйымдастырып жатқан семинарлардың өте қажетті және пайдалы шара екенін атап өтті. «Мен Ресейге барғанда бұл туралы жеткіземін. Осындай мамандарды даярлауға және қайта даярлауға бағытталған семинарлар өте қажет», – деп ойын түйіндеді ғалым.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер